Басты ақпаратМәдениет

«БАС» пен «ОЯНУДАН» НЕ ТҮЙДІК?

Астана күні мерекесіне орай елордада өтіп жатқан «Сахнадан сәлем» Театрлардың IV халықаралық фестивалі аясындағы қойылымдар тақырыптардың әр алуандығымен, спектакльдер жанрларының түрлілігімен көрермен қауымды қызықтыруда. Мұнда ұлт тарихы қойнауын ақтаратын да, терең философиялық ойларға батыратын да туындылар қамтылған. 

IMG_5978(1)                      new_DG_1_kz

Мәселен, Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық академиялық қазақ драма театры сахналаған белгілі жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың «Бас» драмасы ұлтымыздың күрескер ақыны Махамбет Өтемісұлының жендеттердің қолымен кесілген басының бір ғасыр өткен соң, Кеңес заманындағы тағдыры туралы баяндайды. Ал Астана қаласы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры қойған Саха Республикасының еңбек сіңірген әртісі Софья Баранова – Сергучеваның «Ояну» треш-драмасы өткен күндерде белгі барын, кешегі өмір барлық күйініші-сүйінішімен қайтсе де санадан өшпейтініне сендіреді.
«Бас» драмасын шығармашылық ортада аты бар режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов сахналады. Бұған дейін «А.И.» музыкалық театры репертуарындағы оның «Медея» спектаклі Сербия, Украина сынды бірқатар елдерде өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Сондықтан «Басты» көруге келген көрермен таңғалдыратын режиссерлік шешімдерді, залды баурап алатын сценаларды көреміз деп күтті. Алайда, жұрттың күткеніндей болмады. Ағымдағы жылдың 25 наурызында Шымкент сахнасында тұсауы кесілген қойылымның кем тұстары әлі де көп болып шықты.
Мынандай бір қызық дерекке назар аударайық. Махамбетті көп зерттеген белгілі жазушы Әнес Сарай ақынның басы кесілген күн ретінде 1846 жылдың 19 қазанын көрсетеді. Ал бұдан тура 110 жыл өткен соң, яғни 1956 жылдың 19 қазанында драма авторы Рақымжан Отарбаев дүниеге келген. Мұны драматургтің өзі білді ме, білмеді ме, беймәлім. Бірақ тың, көрерменді қызықтыратын тақырыпты қозғағаны анық. Мәселе, драманы қойған режиссер шешімі мен актерлердің образдарды сомдауында болып тұр. «Сахнадан сәлем» фестивалінің сарапшылары осыған назар аударды.
Қазақстанның Халық әртісі, профессор Талғат Теменов қойылымдағы басы артық сценаларға назар аударды. Оның пайымдауынша, махаббат тақырыбын драмаға кіріктірудің қажеті жоқ еді. Расымен, қойылымдағы Дәурен деген қарапайым жігіт пен Айым атты оқыған, ғылыми диссертация қорғағалы жүрген қыздың арасындағы сезім аса көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің «Аспирант қыздың тракторшы жігіті» атты әңгімесін есімізге түсірді. Біз де драмада негізгі сүйенетін тірек Махамбеттің басы болғаннан кейін екі жастың сүйіспеншілігіне не үшін орын берілгенін түсінбей қалдық. Сөйтіп отырған біздің санамызда О.Бөкей жаңғырса, Талғат Теменовтің есіне бұл қойылым суретші Василий Верещагиннің «Соғыс апофеозы» картинасын түсіріпті.
«Бас» – эпикалық қойылым. Мұнда лириканың мүлде қажеті жоқ еді. Махамбет тақырыбына келгенде лирика керек болса, онымен тартысқа түскен Жәңгір хан мен ханның әйелі Фатима мен ақын арасындағы қатынасты қозғауға болар еді. Жәңгір хан – Фатима – Махамбет үштігін көркем туынды арқылы әлі аша алмай келеміз. Кезінде Олжас Сүлейменов осы үштік туралы сценарий жазған. Бірақ ол іске аспай қалды. Осы жағынан ойлансақ. «Баста» көрініс табатын кейіпкерлердің төбелесі де артық. Бұл кино емес, сахналық қойылым ғой, сондықтан мұны шартты түрде алу керек еді» деді Т.Теменов.
Антрополог Ноэль Шаяхметов Махамбеттің басын көрінен қазып алған соң он шақты жыл балконында сақтап, оның кейпіндегі мүсін жасаған. Ғалым Мәскеуге көшіп кеткен соң бас үшті-күйлі жоғалды. Ал ауылдағы Құрақ ақсақал ақынның қай жерде жерленгенін білген, кейіннен бассүйек қайта жерленгенше дамыл таппаған. Бұл – тарихи факт. Қойылымда осы Құрақ ақсақалдың бейнесі шынайы шықты. Оны ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәжит Ілиясқаров сомдап шықты. Тағы бір сарапшы, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Гүлжаһан Әспетова осыны айтып, актер бұл рөлді ойнағанда көз жасына ерік бергенін жасырмады.
Белгілі драматург, театр сыншысы Еркін Жуасбек «Бас» драмасымен осыдан он шақты жыл бұрын танысқан екен. Сол уақытта бұл қойылымды қоямын деп жос­парлап, алайда, оның сәті түспепті. Бұл сарапшы да Құрақтан өзге образдарға тұшынбағанын жеткізді.
Ресейден келген қонақ – театр және кино актері, режиссер, Ресей театр менеджерлері гильдиясының мүшесі, «Мәдениет қайраткерлерінің астаналық цехі» кеңесінің мүшесі Игорь Краснопольский керісінше актерлердің ойынына тәнті болғанын айтты. «Константин Станиславский дүниеден өтерінен аз уақыт бұрын «Менің жасаған актерлік жүйемді ұмытыңдар» деп айтқан еді. Менің бір байқағаным: қазақ актерлері бұл жүйені білмейді екен. Рөлді шынайы, таза ойнайды. Мен олардың ойынынан балаға тән пәктікті байқадым. Болашақта режиссер ретінде қазақ актерлерінің қатысуымен спектакль қойғым келіп кетті» деді ол.
Тағы бір Ресейден келген мейман – теа­тртанушы, «Балтық үйі» жобасының үйлестірушісі, ТМД және Балтия елдерінің «Ресейдегі кездесу» Халықаралық театрлар фестивалінің жетекшісі Мария Юрьева да актерлерге сүйсінгенін жеткізді. Әсіресе, маман жастардың арасында таланттардың көптігіне назар аударды. Десек те, кейбір сценалардың түсінбегенін айтты. Мәселен, қойылымда кездесетін ақын мен шенеуніктердің қарым-қатынасына көңілі толмапты.

13515247_1733685183578602_31164862_n
«Якуттық Тарантино» атанған ресейлік режиссер Сергей Потапов сахналаған «Ояну» трэш-драмасына сарапшылардың тарапынан айтылған сын мүлде болмады деп айтуға болады. Мұндағы режиссерлік шешім де, актерлердің ойыны да көрерменді шынымен де баурап алып кетеді. Әсіресе, соңғы күндерін Қарттар үйінде кешіп жатқан майдангер шалдың бейнесін сахнаға алып шыққан әртіс ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сергей Чехонадскийдің, бірқатар әйелдер рөлдерін сомдаған Светлана Фортунаның, өлім періштесі – Қарғаны ойнаған Данил Хомконың актерлік шеберлігі көзге ұрып тұрды. Сарапшылар Астана қаласы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры директоры Еркін Қасеновтің осындай қойылымдарды қоюдағы батылдығын атап өтіп, бұл қойылыммен кез келген фестивальге ұялмай қатысуға болатынын айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button