Жаңалықтар

БАС ҚАЛА БАЗАРЛАП ҚАЛДЫ

Төрт түліктің қоңданар, жеміс-жидектің пісер шағы – күрең күз келіп жеткенде Астанаға еліміздің аймақтарынан азық-түлік артқан керуендер ағылады. Бұл – бірнеше жылдар көлемінде өткізіліп, осы күндері дәстүрге айналған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкелерінің уақыты келгенін білдіреді. Өткен сенбі, жексенбіде қала әкімдігінің алдындағы алаңда аталмыш жәрмеңке биылға бірінші рет өткізілді. Оны Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары бастады.

Қаз-қатар тізілген сөрелерден аста­на­лықтар көкөніс, жеміс­тен бастап ет пен сүт өнім­дерін, кондитерлік тағам­дарды арзандатылған бағамен сатып алды. Сондай-ақ, Алакөл мен Балқаштың балығын, Шығыстың балын­ саудалады. Жұртшылық сауда жасай жүріп, Алатау­дан Арқаға келіп жеткен «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансам­блі­нің­ әндері мен күйлеріне құлақ құрышын қандырды.

Алматы облысы жәрмеңкеге жақсы дайындықпен келген екен. Ол – жеті­су­лық­тардың бас қалаға әкелген өнімдеріне бір көз тастағанымызда білінді. Жалпы, өзендер өрнектеген өлкеден елордаға қанша тауар жеткізілді дегенге келсек, өңірдің 16 ауданы мен 3 қаласынан 433 тонна төңірегінде азық-түлік әкелінген. Оны біздерге облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков жеткізді. Осыларды таратып айтар болсақ, көкөністің 193 тоннасы, алма мен алмұрттың 50 тоннасы, ет өнімдерінің 60 тоннасы, балықтың 7 тоннасы, күріштің 17 тоннасы, балдың 3,5 тоннасы, сүт өнімдері мен басқа да көкөніс, жемістердің 68 тоннасы, осылардың барлығын қосқанда 64 түрлі өнім жәрмеңке сөрелеріне қойылды. Өнімдердің бағасы жөнінде: «Астана базарларының барлығын аралап шыққанбыз, солардың орташа бағасынан 15 пайыздан 30 пайызға дейін бағаны арзандатып қойдық» дейді әкімнің орынбасары.

Расымен, сөрелерді аралап шығып, бағалардың төмендетіліп қойылғанына көз жеткіздік. Тұтынушыларды да әңгімеге тарттық. Алматы облысының тумасы, соңғы 15 жыл көлемінде елордада тұрып жатқан Жанар Әлімбаева былай дейді: «Осындай жәрмеңкелер жиірек болып тұрса, бұл – әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға әжептеуір көмек. Оның үстіне ауылдан келген экологиялық таза өнімдер. Туған жерімнің дәмін аңсап, жәрмеңкеге келіп, алып жатырмын». Ілияс Омаров: «Соңғы жылдары қала әкімдігінің жәрмеңке өткізуді қолға алғаны дұрыс болды. Бұл – өнім өндірушілер үшін де, тұтынушылар үшін де өте пайдалы іс. Жәрмеңкеге қойылған өнімдердің бағасы да Астана базарларынан төмен қойылған» дейді.

«Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» демек­ші, жәрмеңкеге өз өнімдерін әкелгендер Астана көркімен танысса, сол өнімдерді алуға келгендер этноауылды, суретшілер көрмесін тамашалап, Алатау баурайына қиялмен сапарлап қайтты. Мәселен, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылында орналасқан Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұра­жайынан бірқатар зергерлік бұйым­дар, ертедегі қазақ батыр­ла­ры­­ның қару­ла­ры, тұрмыстық заттар елор­да­ға әкелінген. Мұражай басшысы Дәулет Дәркембайұлы бастаған шеберлер­ бұлар­дың жасалу әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Сонымен бірге сол Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылынан саятшылық өнерден хабар беретін «Жеті қазына» құсбегілік мұражайы бүркіттері мен тазыларын әкелді. Мұражай директоры­ Динара Серікбаеваның айтуынша, бұл­ тұтас елге және шетелдерге де қазақ­тың қайталанбас өнерін танытып жүр­ген­ Қазақстандағы жалғыз құсбегілік мұражай.

Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті, Глубокое, Бородулиха секілді үш ауданынан келген өнімнің жалпы құны 100 млн теңгені құрады. Шығыстың бренд өнімі – балдың түр-түрі сөрелерге қойылып, оның ең төменгі бағасы 800 теңгеден саудаланды. Сондай-ақ, шырайлы Шығыстан балмен бірге өсімдік майы, жармалар, көкөністер келді. Шығыс Қазақстан облысының Ауыл шаруа­шы­лы­ғы басқармасының бөлім басшысы Жәния Мұхамедқалиева біздерге сондай ақпарат берді.
Алдағы демалыстарда, 21-22 қыр­күйек күндері жәрмеңкеде Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарының ауыл шаруа­шылығы өнімдері сатылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА  

Жәрмеңкеде сатылған өнімдердің бағасы:

Сиыр мен қой еті – 950 теңге
Жылқы еті – 1100 теңге
Шұбат пен қымыз – 400 теңге
Картоп пен сәбіз – 50 теңге
Қызылша – 60 теңге
Қызанақ – 100 теңге
Алма – 150 теңге

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button