Қала тіршілігі

Бас қала – орта бизнеске оңтайлы орта

Елордада «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен және Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен VI кәсіпкерлер конференциясы өтті. Конференцияға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқасы және Басқарма мүшелері, ұлттық компаниялар, даму институттары, аумақтық органдар, екінші деңгейлі банктер және қала кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Мұндай маңызды кездесулер тың идея, жаңа бастамаларға мұрындық болады. Бұдан бұрын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Атамекен» палатасымен бірге шағын бизнеске арналған «1 мың орын» деп аталатын әлеу­меттік жобаны бастаған болатын. А.Көлгінов жобаның жүру барысына жоғары баға берді. Осы мақсатта арнайы экономикалық аймақ та кеңейтілмек. «Бұл бизнеске, әсіресе, қаламыз­дың негізгі экономикалық драйвері саналатын құрылыс секторының дамуына қосымша мүмкіндік береді. №1 индустриялық парк те жақсы жұмыс істеп тұр. Ол 97 пайыз толған. Енді «Атамекен» палатасымен бірігіп, оны кеңейту мәселесін қарас­тырдық. Яғни, 400 гектар жерге №2 жаңа индустрия­лық парк құрамыз» деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Әкімнің айтуынша, соңғы 10 жылда елордадағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 есеге артып, 130 мыңға жеткен. «Экономикалық тұрғыдан белсенді қалалықтардың 68 пайызы жұмыс істейді. Бұл – 360 мың адам. Шағын және орта бизнес өнімдерінің көлемі де артып келеді. 2009 жылғы 800 млрд теңге өткен жылы 5 трлн теңгеге жетті. Бізде халық саны өскендіктен, әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін салмақ та тиісінше артып келеді. Бүгінгі күні тұрғындар саны 1 миллион 100 мың адамға жетіп отыр. Яғни, бұл – жақсы нарық пайда болып келе жатыр деген сөз. Және бұл шағын және орта бизнестің дамуы үшін мүмкіндік» деді елорда әкімі.
Жалпы өңірлік өнім құ­рылымында ШОБ үлесінің 58,8 пайызға жеткенін айтып өткен әкім көрсеткіштің осындай жағымды сипат алуына мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың болуы әсер етіп отырғанын баса айтты. Мемлекет қолдау танытып отырғаннан кейін бизнестің де белсенділігі де артқан. Белсенділік болған жерде бәсеке болады, бәсеке дамуға жол ашады. Әкімнің айтуынша, инвестицияның 90 пайызы – жеке сектордың үлесінде. Бұдан бөлек, жекеменшік балабақшалардың да саны көбейіп, бүгінде елордада 22590 орынға арналған жекеменшік балабақша мен мектептер жұмыс істеп жатыр.
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев «кәсіптік-техникалық білім берудің өзіне қала 6 млрд теңге шығындайтынын жұмыс беруші ретінде көріп отырмыз. Бұл мәселеде сұранысты түсіну маңызды. Қала өсіп, дамып жатыр. Мәселен, қазіргі таңда елордада туризмді дамыту жөнінде жол картасы жаңартылуда. Туризмнің әр салаларына мамандар дайындау үшін «Атамекен» Білім министрлігі және қала әкімдігімен бірігіп жұмыс істеп жатыр» деп, Нұр-Сұлтан қаласының шенеуніктер қаласынан бизнес және жастарға арналған қалаға айналып келе жатқанын айтты.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button