Бас қала спортының бәсі басым
Биыл елордада 1108 спорт іс-шарасын өткізу жоспарланған. Астана алаңдарында 61 халықаралық, 97 республикалық және 950 қалалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының 40 пайызы түрлі спорт түрімен жүйелі шұғылданады.
Елордада спорт және дене шынықтыру-сауықтыру бағытында 992 ұжым жұмыс істейді. Жүйелі түрде спортпен шұғылданатын азаматтардың саны – 601 200. Бұл қала тұрғындарының 40%-ын құрайды. Өткен жылы бас қалада спортпен айналысатындардың саны 49 508 адамға артты (2023 жылы бұл көрсеткіш 551 692 адам немесе 39,1% болған).
Астана қаласы коммуникациялар қызметінің алаңында бұл туралы баяндаған қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит саланың өткен жылғы қорытындыларымен таныстырып, келген жылдың жоспарларына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы Астанада 778 спорттық-бұқаралық іс-шара өтті. Соның ішінде 113 халықаралық, 132 республикалық, 533 қалалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға жалпы 616152 адам қатысты. Оның 349637-сі қатысушы болса, 266515-сі көрермен болды. Сонымен қатар қалада барлығы 34 жеңіл атлетикалық жүгіріс, марафон және 10 велошеру өтті. Оған 56000-нан астам адам қатысты.
Ал 2025 жылы елордада 1108 спорттық іс-шараны ұйымдастыру және өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, биыл халықаралық – 61, республикалық – 97, қалалық 950 іс-шара өтпек.
«Басқарма мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру бойынша жұмыстар жүргізуде. 2025 жылы мемлекеттік спорттық тапсырысты жүзеге асыруға 2 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді. Бүгінгі таңда қалада 31 спорт түрі бойынша 1023 секция жұмыс істейді (2024 жылы – 31 спорт түрі бойынша 928 секция). Қазіргі уақытта қызмет көрсететін жеткізушілер саны – 415, белсенді ваучерлер саны – 22841» дейді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит. Оның мәліметінше, ең танымал спорт секциялары – шахмат, дзюдо, каратэ, бокс, футбол, көркем гимнастика.
«Астана қаласында халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етудің орташа деңгейі 1000 адамға шаққанда 37,1%-ды құрайды. Қазіргі уақытта қалада 819-дан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 35 ірі нысан бар. Соның 17-сі белгілі бір спорт түрлеріне мамандандырылған. Осы жылы елордада аула ішінде 180 спорт және жаттығу алаңы салынды» дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, өткен жылы «Sana» отбасы спорт орталығы пайдалануға берілді. Аталмыш орталық «Ak Bars Astana» ЖШС-тің жеке қаражаты есебінен салынған. Сонымен қатар былтыр «QazSwimAcademy» атты балалар мен ересектерге арналған жаңа заманауи спорт орталығы ашылып, «Kodakan Spirit» дзюдо орталығы пайдалануға берілді.
2025 жылы «Железнодорожный» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ биыл Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның және «Қазақстан» спорт сарайының реконструкциясы мен модернизациясы жалғасады. Аталған жұмыстардың жоспарланған аяқталу мерзімі – 2026 жыл. Бұған қоса, инклюзивті және кедергісіз орта құру, сондай-ақ тиімді оңалту әдістерін қамтамасыз ету мақсатында Нұра ауданының Тұран даңғылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Бочча» орталығын салу жоспарланған. Бұл жобаны іске асыру мүмкіндігі шектеулі жандарға дене шынықтырумен айналысуға және спорт шараларына белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
«Елордада 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Соның ішінде 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 6 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және 1 жоғары спорт шеберлігі мектебі бар. Аталған мекемелерде жалпы 9236 адам жаттығады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 521 адамға көп немесе өткен жылмен салыстырғанда 5,6%-ға өскенін көрсетеді» дейді Василий Левит.
Оның айтуынша, олимпиадалық спорт түрлерінен ең көп таралған ойын спорт түрлері – баскетбол, стритбол, волейбол, футбол, шайбалы хоккей. Қазіргі уақытта дзюдо, бокс, велоспорт, жүзу сияқты спорт түрлері танымал. Қысқы уақытта шайбалы хоккеймен айналысатындардың саны басқа қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен басым. Алайда шорт-трек, шаңғы және конькимен сырғанау секілді спорт түрлері танымал. Олимпиадалық спорт түрлерімен айналысатын адамдардың жалпы саны – 155613 адам.
Олимпиадалық емес спорт түрлерінің арасында каратэ, джиу-джитсу, шахмат, панкратион түрлері танымал. Олимпиадалық емес спорт түрлерімен барлығы 96060 адам айналысады. Ұлттық спорт түрлері бойынша ең көп тарағандары – тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату, жекпе-жек. Ұлттық спорт түрлерімен барлығы 14643 адам айналысады.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Паралимпиадалық жаттығу орталығы және «Тарлан» мұз аренасы жұмыс істейді. Сонымен қатар «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешені ашылған. Онда иппотерапия әдісі арқылы балаларды оңалту жүргізіледі. Биыл оңалту әдістерін кеңейту аясында жаңа бағыт – канистерапияны ашу жоспарлануда. Бұл жоба Қазақстан тарихында алғаш рет елордада іске қосылады. «Елорда» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы бар. Клубта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 33 спорт түрі дамытылуда, олар 4 бағытқа бөлінеді. Бұл қозғалыс-тірек аппараты науқастарына, есту қабілеті мен көру қабілеті нашарлаған, интеллектуалдық ауытқушылығы бар спортшыларға арналған.
Қалада айкидо, дартс және зендокай каратэ сияқты спорт түрлері де белсенді дамып келеді. Қатысушылардың жалпы саны 298 адамды құрайды, 8-і – жаттықтырушы, оның 3-еуі – штаттық лауазымдарда.
«Спорттық жұмыстың нәтижелерін талдай келе, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын адамдардың саны жүйелі түрде артып, жоғары дәрежедегі спортшылардың жаттығулар көрсеткіші өсіп келе жатқанын атап өту қажет. Спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін әкімдік Астана қаласының дене шынықтыру және бұқаралық спорт саласын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Осы жоспар шеңберінде бассейндері бар көпфункционалды спорт кешендерін, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін осындай нысандар салу, есу түрлері үшін спорт базасын құру, жұмыс істеп тұрған веложолды (Қарқаралы тас жолынан Қорғалжын тас жолына дейін) қайта жаңарту, футбол күмбездерін, сондай-ақ ойын спорт түрлері мен шайбалы хоккейге арналған модульдерді орнату көзделген» дейді Василий Левит.
Аманғали Қалжанов