Басты ақпаратЕлорда тынысы

Бас қалада – Бейбарыс Сұлтан көшесі

Кеше елордада әйгілі қолбасшы, саяси және әскери қайраткер Бейбарыс сұлтанның ­атына берілген көшенің ашылу салтанаты өтіп, әлемдік тұлғаның биылғы 800 жылдығына арналған кешенді шаралар басталды. Бейбарыс сұлтан жылын ашқан шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, дипломатиялық корпус пен зиялы қауым өкілдері, қала активі қатысты.

– Бүкіл түркі әлемінің даңқты тұлғасы, кіндік қаны ұлы қазақ даласында тамған баһадүр бабамыздың есімін ұлықтау біздің ортақ міндетіміз деп білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты тапсырмасымен Бейбарыс сұлтанның мерейтойын биыл ел көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де атап өту үшін кешенді жоспар бекітілді. Астана мен Алматы қалаларында ғана емес, министрліктің бұйрығымен Қазақстанның барлық өңірінде бір жылдың ішінде 600-ден аса іс-шара өтеді деген жоспар құрылды. Қазақта «тұлғаны ұлықтау – тарихты ұмытпау» деген сөз бар. Ұлы бабаларымыздың жолын темірқазық ретінде түсінуіміз керек. Осы бір жылда ғана емес, одан кейін де ұлыларымызды ұлықтауды дәстүрге айналдырып, біраз шаруаны қолға алып, іске асыруға болады. Мәселен, биыл Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы болса, келесі жылы Жошы ханның 800 жылдығы бар, – деді Асхат Оралов.

Белгілі қаламгер, әдебиеттанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сауытбек Абдрахманов бүкіл адамзат тарихына ықпал жасаған, тұтас мемлекеттердің тарихына әсер еткен ұлы тұлғалар қандай халықта да аз болатынын, Бейбарыс сұлтан сондай сирек тұлға екенін айтты. Беделді «Британика» басылымы Мысырдағы мәмлүк сұлтандардың ең атақтысы, ең ықпалдысы Бейбарыс сұлтан деп жаз­ғанын атап өтті.

– Қазір тарихтың талмау тұсында Бейбарыс сұлтан бізге ерекше керек. Әлемдік тарихқа әсер еткен тұлғаны тудырған халқымыздың ұлттық мақтанышын ояту үшін, болашаққа сенімімізді арттыру үшін керек. Бейбарыс сонда әлем тарихында қандай шаруа тындырған? Тұжырып айтатын болсақ, үш шаруасын айтуға болады. Біріншісі, крест жорығын, содан кейін моңғол шапқыншылығын тоқтатты. Үшіншісі, араб әлеміне, мұсылман әлеміне төнген қатердің бетін қайтарды. Осы үш ұлы еңбегінің өзі Бейбарыстың атын әлемдік тарихқа алтын әріптермен жазуға мүмкіндік береді. Сондықтан қалай мақтануға да жөніміз бар, – деген Сауытбек Абдрахманов арабтың атақты жазушысы әл-Айнидің Бейбарыс сұлтанға берген жоғары бағасы жайлы айтып: «Бұл бүкіл мұсылман әлемінің Бейбарысқа берген бағасы деп айтуға болады» деді.

Бейбарыс сұлтан көшесі (бұрынғы №189 көше) «Көктал» саябағының маңа­йында орналасқан. Абаттандырылған, алты жолақты, ұзындығы – 2120 м. Ш.Бейсе­кова көшесінен басталып, Болашақ көшесінде аяқталады.

Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен елорда жылдан-жылға қарқынды дамып, көлемі кеңейіп жат­қанын атап өтті.

– Елордамызда әртүрлі нысандар, көшелер, даңғылдар салынып жатыр. Осы көшелер мен даңғылдарға біз көбіне төл тарихымызға, ұлттық құндылығымызға сәйкес атау беріп жатамыз. Бүгінгі таңда қаламызда 1200-ден астам көше мен даңғыл бар. Оның басым көпшілігіне, нақты айтатын болсақ, 90 пайыздан астамына тарихи тұлғалар, тарихи жер-су атауы берілген, – деді Есет Байкен.

Тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған Бейбарыс сұлтан Мысыр елін нығайтып, күшейткеннен кейін еліне қайтқанын айтты.

– Басқа елді көркейткен азаматтың өз елін іздеп, қазақ даласына оралғаны – бұл керемет айта жүретін іс. Бірнеше ай бұрын Астана қаласы ономастика комиссия­сында осы мәселе қаралған кезде, комиссия мүшелері бірауыз­дан ең үлкен, ең тамаша көшеге ұлы бабамыздың атын беру жөнінде шешім қабылдады, – деді ғалым.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button