Қала тіршілігі

БАС ҚАЛАДА – БЕН ТАЛАЛ КӨШЕСІ

2010 жылы маусым айында Амман қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көше берілген болатын. Сол айтулы оқиғаның заңды жалғасы ретінде сейсенбі күні Астанада Иорданияның бұрынғы Королі Хусейн бен Талал атындағы көше ашылды. Салтанатты шараға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Амман қаласының басшысы Акель Бельтаджимен бірге екі елдің бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Бүгін біз еңселі елордамыздың тағы да бір айшықты сәтінің куәсі болып отырмыз. Бас шаһарымыз Астана қаласындағы кең көшелердің біріне Иордания корольдігінің бұрынғы басшысы Хусейн бен Талал мырзаның есімі беріліп отыр. Иорданияның жоғары мәртебелі бұрынғы Королі Хусейн бен Талалмен де, бүгінгі басшысы Абдолла ІІ ибн Әл-Хусейнмен де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары деңгейдегі кездесулері, мемлекетаралық келісімдері бүгінде өзінің оң жемісін беріп келеді. Өзара достық пейіл, әріптестік сая­си ұстаным екі ел арасындағы сан салалы байланыстардың нәтижелі жалғасуына кеңінен жол ашты. Соның арқасында ұқсастығы мен ұйқасымы көп екі ел халқы бүгінде саяси-эко­номикалық және рухани үйлесімді өмір сүруде» деді И.Тасмағамбетов.

Одан әрі елорда әкімі Амманның қашанда Астанамен бауыр­лас қала болып келгенін ескере келе, тарихы талай мың­жылдықтарға тамыр жайған алып шаһардың шежіресіне біздің Елбасының есімі де енгенін, бұл бүкіл Иордания жұрт­шы­лығының Қазақстан Прези­дентіне деген үлкен құрметтің белгісі, ізгі ілтипаттың көрінісі екенін атап өтті.

Амман мэрі Акель Бельтаджи болса әсем Астананың үлкен кө­ше­­лерінің біріне Иорданияның бұ­рынғы Королі марқұм Хусейн бен Талалдың есімі берілуі Иордания Хашимиттік Корольдігінің тәуелсіздік күні, әскерилер күні мен аса мәртебелі Иордания Королі Абдулла ІІ ибн Әл-Хусейннің таққа отыруы мерекелерімен тұспа-тұс келіп, өзара үндесіп жатқандығына тоқталып, бұл жер Қазақстан Республикасы бізге бауырлас ел, діңгегі тереңде жатқан данышпан халқымен және де елінің ертеңін ойлайтын Елбасшысымен мақтана алатын ел екенін айтты.

Айтулы көшенің жалпы ұзындығы 2545 метр және ені 22 метр. Тұран, Қабанбай батыр, Орынбор көшелерін қиып өтетін ол алдағы уақытта Ақ­мешіт және Сау­ран көшелерімен де қиылысып, Жәнібек пен Керей хан көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтады. Сондай-ақ аталмыш көше келешекте Тұран даң­ғылын Қабанбай батыр және Орынбор көшелерімен түйістіретін болады.

Шара соңында Астана секілді жас қалада, «ЭКСПО-2017» көрмесі ұйым­дастырылатын орталыққа жақын жерде, қаланың бас төрінен Король­дің атына көше берілуі Иордания мем­лекеті үшін зор мәртебе деп білеті­нін жеткізген Акель Бельтаджи мырза Амман қаласының басшылығы атынан және үш жарым миллион тұрғыны бар шаһар атынан қазақ халқына, Қазақстан Үкіметіне және Астана әкімдігіне шексіз алғысын білдірді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button