Басты ақпарат

Бас қалада мұғалім неге жетіспейді?

Елорда және еліміздің өзекті мәселесі

Елордадағы 149 орта мектепке 2470 мұғалім жетіспейді. Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап мұғалімдерді конкурс арқылы жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесін енгізді. Маман тапшылығын шешу үшін өзге мамандық өкілдерін мұғалімдікке тарту бойынша арнайы заң да қабылданды.

[smartslider3 slider=2359]

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Болашақ педагогтарды дайындау сапасын арттыру үшін салалық біліктілік шеңберін және «Педагог» кәсіби стандартын бүгінгі заман талаптарына сай өзгертеміз. Пән мұғалімдерінің тапшылығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігін қолданамыз. Мысалы, мамандығы мұғалім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы тартылады» деген болатын. Елімізде педагогика саласындағы мамандарды арнайы даярлайтын 5 университет бар: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты және Қостанай педагогикалық университеті. Басқа жоғары оқу орындары ұстаздармен қатар өзге сала мамандарын да бірге дайындайды. Қазіргі сапасыз мұғалімдердің көбеюі де осы арнайы педагогикалық институттардың болмағанынан ба деп ойлаймыз. Себебі оқу бітірген түлектерді қайта тестілеуден өткізіп, мемлекет өз тарапынан әлекке түсіп отыр. Мұғалімдерді даярлауда қабылданып жатқан өзгерістер нәтижесін бере ме? Педагогикалық институттардың қажеттілігі қандай? Білім саласындағы тәжірибелі сарапшылармен осы тақырып төңірегінде сөйлескен едік.

Қасымхан СЕНҒАЗЫЕВ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Білім

басқармасының басшысы:

– Негізінен, педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген, тәжірибесі кем түлектер жұмысқа келеді. Осы ретте олар балалармен жұмыс істеуді біледі ме, педагогикалық әдістемелері бар ма деген сұрақ туындайды. Білім және ғылым министрлігінің мұғалімдерді аттестациядан өткізуге қойылатын арнайы талаптары бар. Бұл баршаға қатысты болғандықтан міндетті түрде орындалады.

Қазіргі таңда елордаға 184 мұғалім қажет. Әсіресе, орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Осындай 100-ге жуық маман қажет. Бізде зейнет жасына дейінгі, зейнет жасындағы мұғалімдердің бар екенін ескерсек, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін екі мыңға жуық мұғалім жетіспейді. Неге бұлай болды деген сұрақ туындайды. Жыл сайын қалада студенттер саны 20-25 мың адамға артады. Бұған туу көрсеткішінің өсуі және ішкі көші-қон себеп. Өткен жылы қалада 30 мың орынды қамтамасыз ететін 16 мектеп пайдалануға берілді. Бір мектепке орта есеппен жүз мұғалім қажет. Ал 16 мектепке 1600 мұғалім қажеттігі туындап отыр. Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы бұл мәселені грант арқылы шешуде. 2018 жылдан бастап жоғары оқу орындарында педагогика мамандығына мемлекеттік білім беру тапсырысын енгізе бастады. Бүгінде біздің берілген гранттар бойынша 1340 студент білім алуда. Биыл университет студенттеріне тағы мыңға жуық грант бөлуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жыл сайын колледждерде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға 800-ге жуық грант бөлеміз. Ал 2025 жылға қарай кадрларға деген қажеттілікті 90 пайызға жоямыз деп ойлаймын.

Нұрмұхаммед ДОСЫБАЕВ, Astana Garden School мектебінің негізін қалаушы, Cambridge университетінің магистранты, білім саласының сарапшысы:

– Қазіргі педагогикалық оқу орындарының сапасына көңілім толмайды. Педагогикалық оқу орындарының басым бөлігі тікелей Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Өкінішке қарай, 30 жылдан бері, мүмкіндікке қарамастан, мемлекеттің мәселені шешуге қауқары жетпеді. Осы орайда министрлікке қарамайтын басқа оқу орындарында сапа көрсетіп жатқан модельдер бар ма деген сұрақ туындайды. Ішкі және сыртқы рейтингте де жоғары сапаны көрсететін жекеменшік оқу орындарының сапасы да, рейтингі де мықты. Тіпті ұлттық университеттердің өзін озып тұр. Айырмашылық неде деген сұраққа басқару жүйесінде деп айтар едім. Яғни педагогикалық университеттердің сапасын арттыру үшін біз басқару жүйесін өзгерту керекпіз. Егер министрліктің бақылауында болып еш нәтиже көрсетпеген университеттер болса, басқару жүйесін басқа форматқа ауыстырған дұрыс. Бұл – бірінші. Екіншіден, педагогикалық оқу орындарының қаржылық шығындарын көбейтпейтін болсақ, ештеңе өзгермейді. Мектеп бітірген түлек мұғалім болу үшін 1-2 миллион теңгесін шығындап, ақылы түрде оқымайды. Себебі педагогика маманының елімізде жоғары дәрежесі жоқ әрі шығыныңызды еселеп ақтамайды. Сондықтан мұғалім мамандығы – қай елде де мемлекет тарапынан субсидияланып отыратын мамандық. Сол үшін осы педагогтарды дайындау шығындарын арттыру керек. Осы арқылы біз мұғалім мамандығында оқитындардың стипендиясын жоғарылатамыз, сол университетте сабақ беретін оқытушылар жалақыларының жақсы болуына әсер етеміз. Сонда ғана педагогикалық университеттерге тәжірибелі, заманауи профессорлар келе бастайды. Қазіргі жағдайды қарасаңыздар өте аянышты. Университеттегі мұғалімдерді даярлайтын оқытушылардың айлығы жас мұғалімдердің айлығымен бірдей болып отыр. Үшіншіден, университеттегі болашақ ұстаздарды даярлайтын оқу бағдарламасы нұсқаулығын бір ретке келтіру керек. Бағдарламаны әр оқу орны өз мамандарына жаздыруы тиіс. Ал оны жазуға маманның кәсіби біліктілігі жету керек. Кез келген дамыған елдерде осы тәжірибе қолданылады. Меніңше, осы қарапайым үш мәселені реттесек, біздегі педагогикалық университеттер сапалы мұғалімдерді дайындап шығарады. Бұл – университетке қатысты ішкі факторлар. Енді сыртқы факторларға тоқталғым келіп отыр. Мектеп бітірген үздік түлектер педагогика мамандығын өз еркімен таңдамайынша, ішкі факторлар мықты болғанмен ешқандай нәтиже бермейді. «Алты Алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі» деп ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы айтқандай, қоғамда ұстаздың келбеті өзгеру керек. Оған жағдай жасалуы тиіс. Бұл жерде ұстаз дайын нәрсеге келсін дегенді меңзеп отырған жоқпын. Ұстаз да өз тарапынан заманауи, балаларды жақсы көретін адамға айналумен қатар, пайдасын тигізе білу керек. Қысқаша айтқанда, үйрету мен үйрену брендке айналған дұрыс. Үйрететін және үйренуші адамның рөлі кез келген басқа адамнан жоғары болу керек. Осы ретте мемлекеттің ішінде түсіндіру жұмыстары жүргізілгені жөн.

 Нұр-Сұлтанда мұғалім жетіспеу­шілігінің көп екені байқалады. Себебі елордада дені дұрыс педагогикалық оқу орны жоқ. Педагогикалық мамандықты оқытатын оқу орындарының инфрақұрылымы өте әлсіз. Осыны біз ескермей келеміз

Нұр-Сұлтанда мұғалім жетіспеу­шілігінің көп екені байқалады. Себебі елордада дені дұрыс педагогикалық оқу орны жоқ. Педагогика мамандығын оқытатын оқу орындарының инфрақұрылымы өте әлсіз. Осыны біз ескермей келеміз. Мысалы, Назарбаев университеттеріне қаржыны аямай салып жатырмыз ғой. Басқа сала мамандарына қалай қаражат бөлсек, ұстаздардың дайындалуына да сондай қаржы бөлінуі керек. Ол үшін мемлекет тарапынан арнайы жоспар мен дайындық қажет. Осы мәселеге Президенттің назарын аудартатын уақыт келді деп ойлаймын. Елордада мұғалімдерді даярлауға мұқтаждық бар. Жаңа заманға сай 30 мың мұғалім даярланса, білім сапасы артады. Осылайша мектеп түлектері де педагогиканы таңдай бастайды. Ал мұғалім мамандығын оқытатын оқу орындары нарыққа шықса, экономикамызға оң әсер береді. Барлығы бір-бірімен байланысты нәрсе ғой. Біз әлі мән бермей келеміз.

Аятжан АХМЕТЖАН, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия

директоры, PhD химик:

– Шынымды айтсам, біздегі педагогика мамандарын оқытатын оқу орындарына көңілім толмайды. Соңғы 2-3 жылда осы саладағы университеттердің санын азайтып, сапа талап етіліп жатқаны қуантады, үміттендіреді. Олардың сапасын арттыру үшін елдегі үздік мектептермен өзара бірлесе жұмыс істейтін жаңа типті педагогикалық университеттер құру керек. Үздік мектептермен, білім академиясымен бірлесе отырып, арнайы бағдарламаларын жасау керек. Бұл – елдегі ішкі көші-қонның, бейберекетсіздіктің нәтижесі. Олқылықты жою үшін, біріншіден, өңірлердегі білім сапасына көңіл бөлу, материалдық шарт жағдайын замануи деңгейге жеткізу керек. Себебі баласына сапалы білім іздеп жұрт қалаға ағылмауы керек. Екіншіден, облыстарды дамыту керек. Қалаға көшу процесі тек Нұр-Сұлтанға көшу болмауы тиіс. Бұл мәселе барлық облыс, қала дамыса, ішкі көші-қон реттелсе ғана шешіледі. Жалпы осы мәселе бұған дейінгі педагогика мамандықтарына ең нашар оқушылар баратын жүйенің салдарынан туындап отыр. Бірақ соңғы үш жылда жағдай мүлдем өзгерді. Қазір мұғалімдікке үздік оқушылар баратын жағдай қалыптасты. Бұл, сөзсіз, нәтиже береді. Педагогика мамандығын кім көрінген, тіпті техникалық, бизнес бағытындағы университеттердің оқытып кеткенінің нәтижесінде сауатсыз мұғалімдердің көптігі туындап отыр. Педагогикалық бағыттағы жаңа тұрпатты Назарбаев университеті деңгейіндегі ұлттық педагогикалық университет керек.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ

әдебиеті кафедрасының меңгерушісі:

– Елордада жеке педагогикалық институтты ашу керектігі жайында әңгіме көптен бері айтылып келеді. Тегінде, оның да оң нәтижесі болуы мүмкін. Қазіргі уақытта педагогика мамандығын біздің Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, сондай-ақ бірнеше жекеменшік оқу орындары даярлайды. Жеке педагогикалық институттың ашылуы – құзырлы министрлік пен қала әкімдігінің шешетін мәселесі. Біздің университетте алдағы оқу жылынан бастап педагогика мамандарын даярлайтын педагогика және спорттың жоғары мектебі ашылады деп күтілуде. Бұл жерге оқу орнымыздағы барлық педагогика мамандықтары жиналып, олардың білім беру бағдарламаларына әдістемелік пәндер артады деп жоспарланып отыр.

Кез келген салада мамандығын сүйетін, қызметінен рухани ләззат алатын, сол үшін тиісті деңгейде жалақы тауып, материалдық қолдау көретін білімді де білікті адамдар жұмыс істеуі керек. Сонда қоғам көші ілгері басады, мемлекет дамиды, халықтың жағдайы жақсарады. Осы орайда қоғамда орны бөлек, бәсі биік тұратын мамандық иесі – мұғалімдерге соңғы уақытта мемлекет тарапынан жасалған қолдауға, материалдық жағдайын жақсартуға істеліп жатқан игілікті шараларға қуанамыз. Шынын айту керек, осы уақытқа дейін бізде заңгер мен экономист боламын деген жастар көп болғаны шындық. Бұл орайда бұл мамандықтардың мәртебесін төмендетпейміз. Дегенмен мұғалім болуға сол мектеп бітірушілердің көбі құлшынбағаны да рас. Мамандық даярлаудағы сапа жөнінде сөз қозғағанда, өзге оқу орындары туралы айту қиын. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті даярлайтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2021 жылғы рейтингісінде 36 оқу орны арасында бірінші орын алды. Бұл ретте түлектердің жұмысқа орналасуы, орташа жалақысы, т. б. сараптамалық бағалаулар мен көрсеткіштер бойынша талдау жасалды. Яғни алдағы кезде осы түлектер арасынан мамандығына берілген жоғары білікті мұғалімдер шығады деп сенеміз. Әлбетте, елорданың дамуы, қаладағы халық санының артуы билік тарапынан қатал қадағалануда, соған сай жоспарлы жұмыстар жүргізілуде деп білеміз. Бұл орайда жаңадан тұрғызылып жатқан тұрғын үй кешендердің, ықшам аудандардың маңайындағы көшенің қанша бағытты болатынын ескеретіндей, сол төңірекке салынатын жаңа мектептер саны, олардың материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуі және ең бастысы – сол оқу орнына мұғалімдердің қажеттілігі мәселесі оңтайлы жоспарлануы керек деп санаймыз. Астанадағы мектептерге мұғалімдер жетіспейді дегенді естиміз. Онда да жеке пәндер бойынша деп білеміз. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті даярлайтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мұғалімдеріне кейінгі жылдарда қала мектептерінде орын көп дей алмаймыз. Былтырғы жаздың өзінде бітірген қаншама шәкіртіміз елорда мектептеріне бос орын болмауына байланысты орналаса алмады. Соған қарағанда, дәл қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне орын көп деуге негіз жоқ.

P.S: Жыл сайын мемлекет тарапынан бөлінетін гранттың 8 мыңнан астамы педагогика саласындағы мамандықтарға тиесілі. Бұрын педагогика мамандығына төмен балл жинаған үміткерлер тапсыратыны жиі айтылатын еді. Қазір төмен балл жинағандар емес, педагогиканы шын таңдаған оқушылар грантқа ие болып жатыр. «Жақсы мұғалім бәрінен де қымбат» екенін ескерсек, сапалы педагогтарды даярлауда арнайы институттың болғаны дұрыс. Сапалы білім жақсы маманның қалыптасуына себепкер. Ал білімді ұрпақ көбейсе, ел мерейі де биік болмақ!

Айзада Жайыққызы 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button