Басты ақпарат

Бас қаладағы 5 субұрқақ

Елорда жыл өткен сайын ерекше түрге еніп, құлпырып келеді. Қала аумағы абаттандырылып, айналадағы жасыл желек жайқалып, гүлзарлар көз тартуда. Субұрқақтар да шаһар сәніне сән қосуда. Бас қалада олардың түр-түрі бар. Олар: ән салатын, билейтін және т.б. Субұрқақтардың дені қаладағы саябақтар мен көрнекі орындарда орналасқан. Жаздың жаймашуақ күндерінде тұрғындар олардың маңайында демалуды әдетке айналдырған.

[smartslider3 slider=3052]

«ӨМІР АҒАШЫ» СУБҰРҚАҒЫ

Сарыарқа ауданындағы Абай және Жеңіс даңғылдарының  қиылысына орналасқан субұрқақ 2000 жылғы 6 шілдеде ҚР Қаржы министрлігіне қарама-қарсы алаңда орнатылды және Азат Баярлиннің жобасы бойынша қола мен тастан жасалды.

Міне, содан бері арада 20 жылдан астам уақыт өтсе де, субұрқақ әлі астаналықтардың көзқуанышына айналып келеді. Бұған дейін субұрқақтың периметрі жылқы, бұқа, қошқар және түйе суреттерімен безендірілсе, бүгінде субұрқақтың жанындағы алаң айтарлықтай өзгеріп, ол жерде құстар үйі, гүл аркалары пайда болды. Жасыл алаңдар да отырғызылды. Бұл жерге, әсіресе балалар мен жасөспірімдер жиі келеді. Сонымен бірге мектеп түлектерінің жыл сайын білім ұясымен қоштасар сәтте естелік суретке түсіру дәстүрі қалыптасқан.

«ЦИРК» МҮСІНДІК КОМПОЗИЦИЯСЫ

Ол астаналық цирк ғимаратының алдындағы алаңда 2005 жылдың желтоқсан айында орнатылды. Бұл – Қарағанды облысының елорда үшін сыйы.

Шағын сәулет нысандарының кешеніне алтынтүстес, ұзындығы 7 метрлік субұрқақ та кіреді. Доптың үстінде қолына қолшатыр ұстап, бір доңғалақтың үстінде сайқымазақ отыр. Оның айналасында ертегі мен цирк кейіпкерлері және түрлі жануарлар орнатылған.

Композицияның басты бейнесі – алтынтүстес, ұзындығы 6 метр болатын эквилибрист-цирк­ші. Бұл жер, әсіресе кішкентай көрермендердің жүрегінен ерекше орын алады.

«НҰРЖОЛДЫҢ» БОЙЫНДА

«Нұржол» бульварындағы субұрқақтар «Бәйтерек» монументінің жанында орналасқан және қала тұрғындары арасында «ән салушы субұрқақ» аталып кеткен. Әсіресе, елорда тұрғындары мен қонақтары бұл субұрқаққа кешкі уақытта барғанды ұнатады. Себебі түрлі-түсті болып жанған жарық және музыка сүйемелдеуімен су ағындарының биі өте әсерлі.

Мұндағы ән репертуары тұрғындардың қалауы бойынша жаңартылып тұрады. Онда Димаш Құдайбергенов, Батырхан Шүкеновтің әндерімен қатар Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» композициясы да шыр­қалады. Жұмыс күндері музыкалық шоу кешкі сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін, демалыс күндері түн ортасына дейін жалғасады.

Дөңгелек алаңдағы субұр­қақтар кешені адамдар үшін сүйікті демалыс орны әрі сәулеті келіскен нысандардың бірі болып табылады. Дөңгелек субұрқақ жалпақ тостаған түрінде жасалған, су күмбез сияқты ағып тұрады.

«САҚ ЖАУЫНГЕРЛЕРІ» КОМПОЗИЦИЯСЫ

Ұлттық музей ғимаратының алдында орналасқан «Сақ жауынгерлері» композициясы – ең қызықты және ерекше фонтан. Ол біздің эрамызға дейінгі бір мыңыншы жылдары Қазақстанды мекендеген сақ тайпаларына арналған.

Мұнда биік тұғырға орналас­тырылған үлкен сопақ ыдыстан су төгіліп тұр. Төменде бір қолында алтын жалатылған ат әбзелдері бар, Алматы маңындағы қорғандардан табылған салтанатты алтын сауыт киген, екінші қолдарына билік пен үстемдікті білдіретін әскери атрибут ұстап, ат үстінде отыр­ған жауынгерлердің мүсіндері бейнеленген.

Шағын су ағындары тостағаннан жауынгерлер мен олардың аттары тұрған бассейнге ағып, бас қаланың сол жағалауына ерекше әдемі көрініс сыйлап тұр және бұл композицияның бір жағынан Бейбітшілік және келісім сарайын, екінші жағынан – «Әзірет Сұлтан» мешітін, ал жақын жерден «Қазақ елі» стеласын көруге болады.

«ЖЕТІСУ» САЯБАҒЫНДА

Ең үлкен  жарықтық-дыбыс­тық субұрқақтардың бірі «Жетісу» саябағында орналасқан. Саябақтың бойымен алға қарай жүре берген жан субұрқақтың көптігінен жағымды салқындықты сезінеді. Әсіресе, бұл маңдағы түрлі субұрқақтарды балалар ерекше ұнатады. Осы жерде кішкентай елордалықтар үшін түрлі демалыс және ойын-­сауық шаралары ұйымдастырылып тұрады.

Жалпы, қала тұрғындары мен қонақтары кезекті жұмыс күнінен кейін осында келіп уақыт өткізіп, таза ауада серуендеп, ашық жерде көгалдың үстінде алаңсыз демалуды әдетке айналдырған. Себебі бұл жердегі тыныштық пен жанға жайлы табиғат аясы келушілерді керемет әсерге бөлейді

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button