Бас қаланы көгалдандыру барысы қалай?
Кеше Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясында негізгі мәселе ретінде елордада саябақтар мен скверлерді кешенді көгалдандыру, абаттандыру мәселесі қаралды. Бұл тарапта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов баяндама жасады.
– Мемлекет басшысының елорданы 5 жыл ішінде әлемнің дамыған «жасыл» қалаларының үлгісімен бақ қалаға айналдыру тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылы қаланы кешенді абаттандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазір қалада жалпы ауданы 400 гектарды шамалайтын 9 саябақ, ауданы 30 гектарды құрайтын 4 бульвар, 90-ға жуық сквер бар. Бүгіндері елордада 16,5 миллионға жақын жасыл желек өсіп жатыр. Соның ішінде қаланың өзінде 1,9 миллион, жасыл белдеуде 14,6 миллион ағаш өсуде. Соңғы 3 жылда 2,5 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Оның 1 миллионы қалада, 1,6 миллионы жасыл белдеуде егілді, – деді Нұрлан Нұркенов.
Оның айтуынша, биыл 1 миллион жасыл желек отырғызу жоспарланған. Соның 800 мыңға жуығын қалада, 200 мыңын жасыл белдеуде егу болжанған. Ресей, Еуропа питомниктерімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде биыл біраз көшет елордаға жеткізілді. Осы жылдың басынан 600 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Күз кезінде және жыл аяғына дейін тағы 400 мыңнан астам жасыл желек егілмек.
– 1997 жылдан бастап жасыл белдеуде тиісті жоба жүзеге асырылып жатыр. 15 мың гектарға жуық аумақта 15 мыңдай жасыл желек өсіп жатыр. Бұл тарапта ғылыми-зерттеулер жүргізу, қосымша жер телімдерін бөлу жоспарланды. Біз жыл сайын өртке қарсы тактикалық жаттығуларды өткіземіз. Осы іс-шара жасыл белдеуде төтенше жағдайларды болдырмауға септігін тигізіп келе жатыр, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Оның мәлімдеуінше, 2022 жылы елордада жасыл желектің тізімі әзірленіп, сапалық, сандық көрсеткіштері анықталды, әр ағаштың құжаты дайындалды. Бұл жұмыс қазір жалғасып жатыр. Тиісті тізімге тек белгілі бір мемлекеттік органдар қол жеткізе алады. Оған бүгінде 2023-2024 жылдардың мәліметтері енгізілуде. Алда аталған тізімді халыққа ашу, сәйкес мобильді қосымшаны әзірлеу жоспарланды. Биылғы желтоқсан айында осы жұмыс аяқталу керек.
– Жасыл желекті суаруды жақсарту үшін автоматтандырылған локальді суару жүйелері орнатылуда. 72 саябақ пен сквердің аумақтарында, 250 гектардай жерде суару ұйымдастырылды. Мұнда тамшылатып суару қолданылады. Суару жүйесін орнатуды жалғастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазір құрылыс салушыдан әр тұрғын үй кешенінің дендрожоспарын талап етеміз. Бұл құжатта суару жүйесінің болуы көрсетілген. Сондай-ақ біз суару жүйелерін тексеріп өттік. Биыл бұл жүйе «Ұлытау» аллеясында жұмыс істеп жатыр. Ботаникалық бақта осы жүйені орнату жалғасуда, – деді Н.Нұркенов.
Оның айтуынша, былтыр елорда аумағын көгалдандыру тұжырымдамасы әзірленді. Оған қоғамдық кеңістіктерді дамыту схемасы мен көгалдандыру жарғысы кіреді. «Астана-Зеленстрой» кәсіпорнының жаңа питомнигінің құрылысы басталды.
– Биыл жұмыс істеп жатқан питомниктің мүмкіндігі шектеулі болып қалғанын сезіндік. Осы жылдың күзінде, келесі жылдың көктемінде жылыжайлар құрылысын бастамақпыз. Алдағы 5 жыл ішінде саябақ аймақтарын көбейтіп, оларды жасыл желектермен қосуды жоспарлап қойдық. Су көздері бойында кешенді абаттандыру жасалады. Бұл жұмыс Есіл өзені, Нұра-Есіл арнасы, Кіші Талдыкөл көлі аумағында жүргізіледі. Есіл өзені жағалауында жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын құрылыс жұмыстары жасалады. Яғни, жағалау жаңғыртылады, – деді Н.Нұркенов.
Баяндамашының сөзінше, Нұра-Есіл арнасында, Ұлы дала даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі 3 гектар аумақта сквер салынады. Ш.Қалдаяқов – И.Панфилов көшелері қиылысында 33 гектарды алып отырған саябақ жаңғыртылады. Бұл жұмыс 3 кезеңмен жүргізіледі. Сығанақ-Қазыбек би – Р.Бағланова көшелері, Кіші Талдыкөл аумақтарында рекреациялық аймақ салынады. LRT желілері астындағы аумақтар абаттандырылады.
– Жүзеге асырылатын 9 маңызды жоба белгіленді. Бұл – Бас мешіт аумағын абаттандыру. Оның бір кезеңі іске асырылды. Қазір келесі кезеңдеріне түзету енгізіп жатырмыз. Мәңгілік ел даңғылын жаңғырту жүргізілуде. Қазір қала тұрғындары бұл даңғылдың қалай өзгергенін байқаған болуы керек. Соның ішінде жарықтандыру бағандарын айтайық. Бұл – қымбат құрылғы. Соған қарамастан бұл жұмысты атқардық, себебі Мәңгілік ел даңғылымен қала қонақтары көп жүреді. Қонақтарды қарсы алғанда, оларды шығарып салғанда осы даңғылмен жүреміз. Келесі жылы ЭКСПО-ға қарай, Қабанбай батыр даңғылымен қиылыста екінші кезеңі жүзеге асырылады, – деді Нұрлан Нұркенов.
Оның баяндауынша, елордада Бейбітшілік және келісім саябағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Тиісті жұмыстардың 95 пайызын биыл аяқтау жоспарланған. Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті алдында «Қазақ елі» алаңы жаңғыртылды. Президенттік саябақты жаңғырту жұмысы басталды. Бұл жұмыс келесі жылы аяқталады. Ж.Тәшенев – Т.Хусейн көшелері аумағында сквер салу жұмысы аяқталды. Қалада «Мәңгілік ел 36 В» аталатын сквер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
– «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығы аумағында жер телімі бос тұрған еді. Қала әкімі бұл жерде қоғамдық кеңістік салу туралы шешім шығарды. Тиісті жұмыс басталды. Мердігер анықталды. Жұмысты бастау үшін қаржы қарастырылды, – деді Н.Нұркенов.
Баяндамашының айтуынша, Желілік саябақты жаңғырту құжаты әзірленіп, тиісті жұмыс келесі жылы басталмақ. Түркістан – Ақмешіт көшелеріндегі қоғамдық кеңістік жобасы сараптамада жатыр. Бұған қоса, Сығанақ, Сарайшық, Мыңжылдық аллеясы бойынша тұжырымдама әзірлену үстінде.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ