Елорда тынысы

Бас қаланы көркейткен сәулетші

Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Астана қаласының құрметті азаматы Сәрсенбек Жүнісовтің елорданың көркеюіне қосқан үлесі зор. Бас қаланың алғашқы бас жоспары мен елорданың бас құжатының кейінгі нұсқасының әзірленуіне атсалысты. Астана қаласы мәслихаты VI шақырылымының депутаты болғанда шаһардың дамуына көп еңбек сіңірді. Сол уақытта қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болды.

Сәрсенбек Ендібайұлы 1995 жылы Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы департаментінде жұмыс істеді. Сол уақытта елорданың бас жоспарын әзірлеуге атсалысты.

«Әріптестеріммен бірге Астана жобасын жасайтын үздіктерді анықтауға арналған алғашқы республикалық, одан кейінгі халықаралық байқауға қатыс­тық. Елорда құрылысына негіз болатын бас жоспардың сұлбасын Мемлекет басшысына көрсеттік. Ол кезде қаржыландыру шетелдік инвестиция есебінен жүзеге асатын. Қала құрылысына капитал құйған араб компаниясының орнына бір жылдан кейін Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі келді. Себебі елорданың бас жоспарына жариялаған байқауда Кисе Курокава жеңіске жетті. Астанада ол кезде небәрі 73 мың тұрғын бар еді. Бас қаланың қандай қарқынмен өсетінін ешкім дөп басып болжай алмады. Сондықтан Кисе Курокаваның 800 мың халық санына орайлас­тырып жасаған болжамды бас жоспарын өзгертуге тура келді. Өйткені аз уақыттың ішінде Астанаға қоныс аударғандардың қатары артып, қала ерекше жылдамдықпен өсе бастады» дейді Сәрсенбек Жүнісов.

Оның айтуынша, Астананы алғаш сала бастағанда қаржы аз, жұмыс өте көп болды. Демалыссыз еңбек етіп, түннің ортасында жиналыс өткізетін кездер де басынан өткен.

«Айтып жеткізу қиын, бірақ сонда адамдар бір-бірін үнсіз ұғып, тілсіз түсінетін, үздіксіз жұмыстан шаршамай, бәрінің кеу­десін қуаныш кернеп жүретін. Бәріміздің ортақ үлкен іске үлес қосып жатқанымыз айрықша сезілетін» дейді ол.

Сәрсенбек Ендібайұлының пікірінше, Астананың салынуымен отандық сәулет өнерінің деңгейі өсті. Сәулетшілер ірі жобаларды қолға алып, аз уақытта сапалы еңбек етуді үйренді.

«Қазір сала мамандары көр­ші мемлекеттердің сәулетшілерімен салыстырғанда кәсіби тұрғыдан әлдеқайда жоғары тұратынын сеніммен айта аламын. Елордада тұрғаныма ширек ғасырдан асты. Бұл – әлемдегі ең үздік шаһардың бірі. Әлі күнге дейін негізгі мамандығым бойынша қала құрылысын жобалаумен айналысамын. Астананың дамуы, көлемінің ­кеңеюі, жаңа нысандардың бой көтеруі – тоқтамайтын үдеріс. Күн өткен сайын қала салуды жалғастыра береміз. Өйткені Астана – уақыт ағымымен өзгеретін, жаңашылдықты қабылдап, үнемі өсіп отыратын орталық» дейді ол.

Сәрсенбек Жүнісов депутаттық қызметінде сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатып, түскен шағымдарды дереу қарайтын. Мәселен, оның араласуымен қала тұрғындарының артуы есепке алынып, №36 орта мектепке қосымша ғимарат салынды. Өндіріс тұрғын алабында емхана бой көтерді. Сарыарқа ауданы әкімдігінің жоспарына аулалар мен көшелерді жөндеу, абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстары енгізіліп, мұқтаж азаматтарға – ардагерлерге, көпбалалы отбасыларға материалдық көмек беру мәселелері шешілді.

Сәрсенбек Ендібайұлы жетекшілік еткен қалалық мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы жұмысымен қатар Астана қаласының аумағын абаттандыру, Астана қаласында иттерді ұстау және серуендету, Астана қаласының аумағында жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау, Астана қаласының ортақ су пайдалану ережелерінің бұзылмауын қадағалады.

2003 жылы елордада «Дөңгелек алаң» ашылды. Бұл – шеңбер түрінде салынған бірқатар құрылысты қамтитын сәулет кешені. Алаң аумағында супермаркеттер, дүкендер мен мейрамханалар орналасқан, ал алаңның көркі – субұрқақ. «Дөңгелек алаңның» ерекшелігі екі деңгейде салынуында. Яғни төменгі жағы жаяу жүргіншілерге, ал жоғарғы жағы көліктерге арналған. Алаңға «Нұржол» сулы-нулы желекжол жалғасып тұр. Осыдан 10 жыл бұрын ТМД-ға мүше мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясы Туризм жылы аясында дос­тастық елдеріндегі ең маңызды әрі көрікті жерлердің тізімін жариялады. Бұл тізімге Астанадағы «Дөңгелек алаң» да енді. Ал бұл жобаның авторы Сәрсенбек Жүнісов Қазақстанның әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Елордаға көрік беріп тұрған «Қазақ елі» монументі авторларының бірі де – Сәрсенбек Ендібайұлы.

«Нұржол» сулы-нулы желекжол жобасын жасағанда Ақорданың, «Бәйтеректің», «Дөңгелек алаңның», ҚазМұнайГаз ғимаратының орнын белгіледік. Ең бірінші жұмыс ҚазМұнайГаздан басталды. Одан кейін «Transport tower» салынды, тұрғындар оны «Зажигалка» деп атап кетті. «Дөңгелек алаң», «Бәйтерек», Ақорда үшеуін үш қазық етіп қойдық та, ортасынан «Нұржол» желекжолын сызып, бір-біріне қостық. Бұл елордамыздың сол жағалауының картасы болды. Астанада ең бірінші болып салынған ғимарат – Қаржы ми­нистрлігінің ғимараты. Халық арасында «Доллар» атанып кетті» дейді Сәрсенбек Жүнісов.

Сәрсенбек Ендібайұлы бірнеше жыл «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры, бас қаланың Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болды. Оның араласуымен елорданың жол-көлік қозғалысы жүйесі, Астананың шығыс бөлігіндегі аудандар, «Жасыл белдеу» жобаланды. Бір сөзбен айтқанда, ол бас қала сәулетінде айқын қолтаңбасын қалдырды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button