ЖаңалықтарМәслихат

БАС ҚАЛАНЫҢ БЕЛЕСТЕРІ

Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Осы комиссия төрағасының орынбасары Қарақат Әбденнің төрағалығымен өткен жиында 2011-2015 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту қорытындысы, елорданың 2015 жылға арналған бюджетінің орындалуы мәселелері талқыланды.

Жиынға сондай-ақ, Астана қалалық мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов, қалалық басқармалар мен департаменттердің және басқа да ұйымдардың басшылары қатысты.

2011-2015 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту бағдарламасының қорытындысы туралы баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Түгелбаева елорданың бес жыл көлемінде әлеуметтік-мәдени салада бағындырған белестерін жан-жақты айтып өтті. Оның айтуынша, халықты әлеуметтік қолдау бағытында көп іс атқарылған.

Астана қаласының өңірлік жалпы өнімнің көлемі  4 триллион 560 миллиард теңгені құрады. Бұл республика бойынша бірінші көрсеткіш болып отыр. Елорданың осындай өсім қарқынын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айрықша атап өтті.

Қалада халықты жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде өткен жылы жұмыссыздар саны 4,6 пайызға азайған. Нақтылап айтқанда, елордада 18 389 жаңа жұмыс орны ашылды. Бес жыл көлемінде білім беру саласындағы жұмыс қолжетімді және сапалы білім беруді дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта Астана қаласында апатты және үш ауысымдық мектеп жоқ. Кең жолақты интернетке қосылу жүз пайызды қамтыған. Мектепті жаңа модификациялау кабинеттерімен қамтамасыз ету 88 пайызды көрсеткен. Бүгінде елордада 188 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оларда 1-ден 6 жасқа дейінгі балалардың 48,7 пайызы қамтылған. 2015 жылы 2 340 орындық 10 балабақша пайдалануға берілсе, оның ішінде инвесторлардың есебінен 380 орындық 2 балабақша ашылған.

Денсаулық сақтау саласындағы жағдайға ойысқанда балалардың өлім-жітімі соңғы жылда 6,7 пайызға, туберкулез ауруынан көз жұмғандар 3,2 пайызға төмендегені сөз болды. Бұрын бұл көрсеткіш сәл жоғары болған. Мәдениет саласындағы ең басты жетістік ретінде бір жыл көлемінде 7650 мәдени іс-шара өткізілгені тілге тиек етілді. Соған сай экскурсия, көрме ұйымдастыру шараларының да саны артып, оған жүздеген адам тартылған.

Астана қаласының 2015 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы баяндама жасаған Қаржы басқармасының бастығы Руслан Досаевтың айтуынша, бюджеттің игерілуі 102,4 пайызды құраған. Оның ішінде Денсаулық сақтау басқармасы 29420,5 млн теңгені игеруді көздесе, ол 99,9 пайызға орындалған. Ал Астана қалалық Жастар саясаты жөніндегі және Дене шынықтыру және спорт басқармасы сияқты бірнеше басқарма бюджеттік қаржыны 100 пайыз көлемінде игерген.

Осы тақырыпта баяндама жасаған Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Молдаш қала бюджетінің орындалуына мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру және бақылау объектілерінің қаржылық тәртібін нығайту бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілгендігін атап өтті. Сондай-ақ, әр сала бойынша анықталған мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, волонтерлік қозғалысқа Астанада жылына 50 млн теңге қаржы бөлінеді. Әйтсе де, біздің қолданыстағы заңдарымызда осы «волонтерлік» туралы ұғым мүлдем жоқ көрінеді. Қоғам үшін аса қажет қозғалысты заңды түрде қолдап дамыту үшін ол атауды заңды жолмен қолданысқа енгізу мәселесін күн тәртібіне шығарар уақыт келгенін депутаттардың назарына ұсынды. Сондай-ақ, аула клубтары да ресми құжаттарға енбеген. Бірақ, елордада қазіргі уақытта 20 шақты осындай клуб жұмыс істейді. Оларға жылына 100 млн теңге қаржы бөлінеді. Оның басым бөлігі оқытушылардың еңбекақысын төлеуге, құрал-жабдықтар алуға және коммуналдық шығындарға жұмсалады. Ал аула клубтарына ағымдағы және күрделі жөндеуге бюджет қаржысын жұмсауға тиісті басқарманың заң жүзінде құқығы жоқ. Өйткені, бұл мекемелер басқа ведомстволардың балансында тіркелген. Баяндамашы осы мәселені де заңды жолмен шешу үшін алдағы мәслихат сесссияның қарауына енгізуді ұсынды.

Қалалық мәслихатында құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Онда жоғарыда аталған басқармалардың басшылары осы сала бойынша Астана қаласының даму қорытындысын, өткен жылғы бюджеттің орындалуына қатысты баяндама жасады. Онда қаралған мәселелердің бірқатары алдағы мәслихат сессиясында кеңінен талқыланбақ.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button