Бас қаланың өрлеу бағыттары
Елордада әлеуметтік нысандарды салуға ерекше маңыз беріліп отыр. 3 жылда 60-қа жуық мектеп салу жоспарланған. Ал осы жылдың соңына дейін 24 мектеп іске қосылмақ. Сондай-ақ көпсалалы аурухана, перзентхана және балабақша құрылысы да жүргізіледі. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу барысында елорданың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы атқарылар жұмыстарды атап айтты.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, елорданың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен таныстырды. Бас қалада алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Елорда жұртшылығын толғандыратын мәселелер бойынша ашық әңгіме жүргізіп, кеңес мүшелерінің ұсыныстарын тыңдады, олардың сауалдарына жауап берді. Ал кеше қала басшысы қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, елорданың әртүрлі бағыттағы өрлеуі жайында баяндады.
Әлеуметтік нысандар көптеп салынады
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына тоқталған Жеңіс Қасымбек кәріз тазарту құрылғысы (КОС-2) құрылысы жоспарымен таныстырды. Оның айтуынша, жобаның сараптамасы келесі жылдың басында дайын болып, тиісті құрылыс жұмыстары көктемде басталады. LRT құрылысын да алдағы 2025 жылы аяқтау межеленді.
Жыл бойы елордада қаланы көркейту бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп, 140-тан астам аула, саябақ, сквер, бульвар және аллея абаттандырылды. Қала басшысы мектептерді, ауруханаларды, жатақханаларды салу мерзіміне, жолдар құрылысына, көгалдандыру және абаттандыру жоспарына, жолдардағы қауіпсіздік, газдандыру бойынша жұмыстарға, тұрғын алаптардың қалай дамитынына тоқталды.
Қала басшысының сөзінше, қалаға қажет әлеуметтік нысандар да көптеп салынады. Мәселен, осы жылдың аяғына дейін 24 мектеп іске қосылады. Бұл 30 мың оқушы орнын қамтамасыз етіп, 3 ауысымдық оқуды жояды. Жалпы 3 жылда елордада 60-қа жуық мектеп салу жоспарланған.
Мектептермен қатар балабақшалар да бой көтереді. Атап айтқанда, 2 жылда 10 балабақша салынады. Олардың әрқайсысы 300 орынға арналады. Соның бірі осы жылдың соңына дейін Әйтеке би көшесінде ашылады.
Денсаулық сақтау нысандары да көбейеді. «Самұрық-Қазына» қорының қаржысымен алдағы көктемде «Көктал» тұрғын алабының Ақан сері көшесінде №3 көпсалалы аурухананың құрылысы басталып, 2026 жылы аяқталуы тиіс. Оның жанында «Мабетекс» фирмасы перзентхана салуды бастап, 2026 жылы іске қоспақ. «Казахстрой» мекемесі де бір перзентхананы осы мерзімде салуы тиіс.
«Тіл сарайын» салу ұсынылды
Қалалық Қоғамдық кеңестегі кездесу екі сағаттан астам уақытқа созылды. Кеңес мүшелері елорда тұрғындары назар аударатын қаланың өзекті мәселелері бойынша сұрақтарды қойды. Атап айтқанда, коммуналдық тариф, тұрғын үй құрылысы, білім ошақтарының мәселелері, спорт-мәдениет инфрақұрылымын жетілдіру бағыттары бойынша пікірлерін айтып, сауалдарды жолдады. Қала әкімі және шаһар әкімдігіне қарасты ведомство басшылары оларға егжей-тегжейлі жауап берді.
Қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев Астана қаласының Тіл басқармасы мен Ішкі саясат басқармасы елорданың зиялы қауым өкілдері мен қала белсенділерін шақырып, тіл саясатын жетілдіру бойынша және түрлі қоғамдық-саяси, мәдени мәні мол іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп келе жатқанын айрықша атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі арттырып, оның қолдану аясын кеңейту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді. Соның ішінде келелі кеңес құруға септігін тигізетін, қала жұртшылығы жиі кездесіп, ордалы ойларын ортаға салып, қала тұрғындары менталитетін қалыптастыру жолында ақылдасып, кеңесетін арнайы жер жоғын айта кетті.
«Осыған орай, елордада «Тіл сарайын» салдырсақ, тілімізді төрге шығарып, тіл құдіретін арттырған болар едік. Осындай еліміздегі жалғыз «Тіл сарайын» Талдықорғанда сол кездегі облыс әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов салдырған еді. Ашылу салтанатында «Тіл сарайлары» ел астанасынан бастап, барлық облыс орталықтарында ашылса артық болмас еді деген ақжарма тілегімізді айтқан едік. Қазіргі кезде «Тіл сарайында» үш тұғырлы тілді дамытуға арналған қыруар шаралармен қатар, жүйелі түрде түрлі деңгейдегі семинарлар, конференциялар ұйымдастырылып, тіл саясатын егжей-тегжейлі түсіндіріп, насихаттау мақсатында тілдер фестивалін, конкурстар мен байқаулар өткізу дәстүрге айналғанынан хабарымыз бар. Осы ұсынысымызды қаперге алуыңызды сұраймын» деді Кәрімбек Құрманәлиев.
Педагог кадрлар артады
Ол егер осы ұсынысы қабылданып, іске асса, елордадағы «Тіл сарайының» алдына ұлт ұстазы, көрнекті тілші-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнатуды, елорда көшелеріне биыл 100 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып келе жатқан тіл білімінің тарландары Әбдуәли Қайдаров, Шора Сарыбаев пен Рабиға Сыздықова есімдерін беруді ұсынды.
«Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың білім және ғылым жөніндегі спикері ретінде тағы да бір көкейтесті мәселені қозғағым келіп тұр. Елорданы дамыту мәселелеріне арналған өткен жылғы кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада педагогикалық университет құру туралы қоғамдық пікірді қолдайтынын айтқан болатын. Сонымен бірге биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да жайлы мектеп пен педкадрларды даярлау мәселесі көтерілген еді. Астанада мұғалімдер жетіспеушілігін шешу бойынша Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары ескерілсе, Мемлекет басшысы берген тапсырманың оң шешілуіне ықпал етер еді деген ойдамыз» деді Кәрімбек Құрманәлиев.
Осы орайда қала әкімі Жеңіс Қасымбек елордада мектептердің көптеп салынуына байланысты және педагог кадрлардың тапшылығын жою мақсатында нақты жұмыстар қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, Алматының Абай атындағы педагогика университетінің факультеті Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашылды. Астананың педагогикалық колледжі негізінде жоғары «Астана» университетімен бірге мұғалімдерді даярлайтын оқу орнын ашу қаралып жатыр. Жыл сайын педагогикалық мамандықтарға қала әкімінің гранттары бөлінуде.
Ешбір мәселе назардан тыс қалмайды
Қалалық мәслихат депутаттары шаһар әкіміне сұрақтарды қойып, ұсыныстарын жеткізді. Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов жол-көлік оқиғалары мен жанармайдың шығынын азайтуға мүмкіндік беретін арнайы және қоғамдық көліктерді бақылау жүйесіне қатысты ұсынысын айтты. Жеңіс Қасымбек қалалық жобалардың жүзеге асуын бақылау ісінде қалалық мәслихаттың депутаттық корпусының маңызды рөлін атап өтіп, ешбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында басқа да мәселелер қаралды. Бұл мәселелер елордада аппараттық-бағдарламалық фотобейнетіркеу және бейнеталдау кешенін құру және пайдалануға, жер телімдерін мемлекет мұқтаждығы үшін алуға қатысты болды. Сондай-ақ қала әкімдігі жанындағы бірқатар комиссия құрамдарына өзгерістер енгізілді. Мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов АЭС құрылысы бойынша референдумды ұйымдастыру және өткізу бойынша депутаттарға белсенді қызмет үшін алғыс хаттарды тапсырды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ