Жаңалықтар

БАС РЕДАКТОРЛАР – «Астана ақшамында»

Кеше «Астана ақшамы» газеті редакциясында «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігі басшылығының кезекті мәжілісі өтті.

Қоғамдық ұйым ай сайын түрлі редакцияда бас қосып, көшпелі жиын барысында басылым басшысының ұсыныстарымен танысуды дәстүрге айналдырған.
Өздеріңіз білетіндей, «Астана ақшамы» газеті редакциясы биылғы көктемде сол жағалауға, «Нұрсая 2» мекен-жайына көшкен. Қабылдаушы тараптың басшысы қонақтарға редакцияның жаңа ғимаратын, қоныс ауыстырғаннан кейінгі басылым тыныс-тіршілігіндегі өзгерістерді таныстырып, алдағы мақсаттарымен бөлісті. Газеттің сипатын, қамтылатын тақырыптар ерекшелігін сөз етті. Сондай-ақ, «Астана ақшамының» Бас редакторы журналист мамандарды даярлау мен осы мамандық студенттерінің өндірістік іс-тәжірибеден өту мәселесі жөнінде бірер ұсынысын білдірді. Өз кезегінде «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай бұл ұсыныстар тиісті мекемеге жолданатынын жеткізді.

«Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы Нұрғали Әбілдаев өз сөзінде: «Басылым орыс тілінде шығатынымен, қазақ тілін дамытуға, оның қоғамдағы рөлін арттыруға қатысты материалдар жиі-жиі жарияланып тұрады» деді.

Жиынның негізгі бөлігінде «Литер» газетінің бас редакторы, қоғамдық бірлестіктің вице-президенті Қайсар Жанахановтың есебі тыңдалды. Вице-президент одан әрі атқарылған істер мен алдағы уақытта жасалуы тиіс жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

Басқосудың қорытынды кезеңінде Кенжеболат Жолдыбайұлы жыл басынан бергі жетістіктерін, бірлестіктің қатысуымен шешімін тапқан мәселелерді, атқарылған шараларды айта келе, келер жолғы жиында бес вице-президенттің бірі Мұратбек Тоқтағазиннің есебі тыңдалатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ отандық журналистикаға қосқан үлесі үшін «Халық сөзі» газетінің Бас редакторы Қуат Әуесбайға Құрмет грамотасын табыс етті.

Ербол ЖАНАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button