Басты ақпарат

Бас шаһардағы 5 саябақ

Елордада күн жылынғалы бері қалалықтардың арқасы кеңіп, сыртқа шығып, бала-шағаларымен саябақтарда серуендеп жүр. Әрине, қолы қалт етіп, бос уақыты болып жатса, таза ауада тыныстап, демалғанға не жетсін! Бұл ретте қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалуға және спортпен шұғылдануға қолайлы бас шаһардағы бес айрықша саябаққа тоқталғанды жөн көрдік.

[smartslider3 slider=2676]

Нұр-Сұлтан қаласының орталық саябағы – бұрын «Астана» саябағы деп аталған бас қаланың нағыз мақтанышы. Елорданың мәдениет және демалыс саябағы Қазақстан астанасының дәл орталығында орналасқан. Ол 1893 жылы салынған.

[smartslider3 slider=2677]

Ауданы 100 гектардан асатын бұл саябақ 2017 жылы «ТМД-дағы ең жақсы» атағын иеленді. Ол біздің елордамыз­дың қақ ортасында орналасқан. Көпжылдық ағаштарымен, соның ішінде Есіл бойындағы жағалаудағы ғасырлық еменмен, аттракцион­дармен және көпірлермен танымал.

Мұнда кез келген жастағы қала тұрғындары мен қонақтары уақытты қызықты, жанға әрі тәнге пайдалы өткізе алады. Спорт әуесқойлары үшін жүгіру және веложолдар, ал балалар үшін 20 түрлі әткеншек қарастырылған. Саябақта ойын автоматтары, батут паркі, велосипедтерді жалға беру және балалар электромобильдері бар. Әрине, жыл маусымдары ауысқан сайын саябақтың ұсынар қызығы да өзгеріп тұрады. Қыс келіп, қар түскен шақта орталық саябақта шаңғы теуіп, мұзайдында коньки тебуге болады. Ал жылы күндері тоғандағы аққулар мен үйректерді тамақтандыруға мүмкіндік бар. Сонымен бірге орталық саябақ аумағында әр келушінің қалауы мен таңдауына қарай дәм ұсына алатын кафелер мен мейрамханалар жеткілікті әрі балдырғандарға көтеріңкі көңіл сыйлайтын тәтті мақта мен балмұздақ сататын дүңгіршіктер өте көп.

Триатлон паркі

Астана триатлон паркі – елордамыз­дағы спортпен айналысуға ыңғайлы саябақтың бірі. Осыдан 6 жыл бұрын бұл қараусыз жер болатын. Қазіргі күні салауатты өмір салтын ұстанатын барлық триатлоншылар, велосипедшілер, марафоншылар мен қала тұрғындарының жиі кездесетін сүйікті орнына айналған. Жаяу жүру, жүгіру, шаңғы тебу және велосипед тебуге арналған арнайы жолдары бар демалыс аймағы 2016 жылдың шілде айында елорданың 18 жылдығына орай Қазақстанның ірі құрылыс холдингі – BI Group атынан ашылды.

Жыл сайын осы компания 45 гектар жерді алып жатқан саябақтың аумағын көгалдандырып, онда ыңғайлы инфрақұрылым құруды жалғастырып келеді. Жақында мұнда қояндарды тамақтандыруға болатын хайуанаттар бағы пайда болды. Сондай-ақ кішкентай келушілер мұндағы ортағасырлық қамал ретінде безендірілген айдаһарлы кеңістікті ұнатады, ал ғашық жұптар стильді орындықтар мен әткеншектерге, винтажды шамдар маңына жиі жиналады. Жақында мұнда көктемгі ағаш отырғызу рәсімі ұйымдастырылады. Қалалықтардың отбасылармен бірге келіп, осы жерде елорданы көгалдандыруға үлес қосуларына болады. Әдетте, балалар осындай іс-шараларды жақсы көреді.

Жетісу саябағы

Елорданың 20 жылдығына орай шаһардағы бұрынғы «Арай» саябағы толықтай жөндеуден өтіп, жаңарған саябақ «Жетісу» деп аталды. Осы жерде Жетісудың көрікті жерлері мен тарихи орындары шағын архитектуралық үлгіде орналасқан. Ондағы субұрқақ пен ұзындығы 1,5 км болатын веложол, жүгіру жолдары және спорт құрылғылары мен балаларға арналған ойын алаңдары – елорда тұрғындары мен қала қонақтарының жиі жиналатын орны. Саябаққа келушілер Шарын шатқалына түсіп, Тамғалы тасына қол тигізіп, Жетісу өзендерін тамашалап, әйгілі Алматы апортын көре алады. Саябақта 400-дей алма ағашы отырғызылған. Әсіресе, мұндағы апорт ағашының мүсіні көз тартады. Ол – жемісі төгіліп тұрған мәуелі алтын ағаш. «Молшылық» деп аталатын композицияның идеясы тереңде жатыр. Аспалы қос қоржыннан төгіліп жатқан алмалар – Жетісу табиғатының жомарттығының, молшылықтың нышаны. «Апорт» алаңына «Жетісу жүрегі» мүсіні де сән қосып тұр. Жарты алма бейнесіндегі жүрек Астана мен Алматы облысының бірлігі мен рухани сабақтастығын білдіреді. Сондай-ақ бұл мүсіннен ашықтықты, адалдықты, ал алманың дәні бейнесінен өсіп-өркендеуге деген құлшынысты ұғынуға болады.

Әртүрлі спорт алаңдары, оның ішінде скейтбордшыларға арналған пандустар және 1200 метрлік велосипед жолы, сонымен қатар бірнеше балалар ойын алаңдары бар. Саябақтың орталық аллеясында көптеген субұрқақтар мен үлкен арқалықтары бар орындықтар орналасқан – дәл Алматыдағы сияқты!

Президенттік саябақ

2007 жылы елорданың 10 жылдығына орайластырылып ашылған саябақ – Астананың ең үлкен саябағы. Ол Тәуелсіздік даңғылының оң жағалауынан басталып, Ақордаға қарай сол жағалауға өтіп, 38 және Керей мен Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында аяқталады. Мұнда көздің жауын алатын жасанды ағындар, субұрқақтар мен гүлзарлар бар. Ең кереметі – Самұрық құсы түрінде жасалған мифтік таңғажайып субұрқақ.

Жалпы аумағы 80 га жерді алып жатқан саябақ көпқабатты үйлермен қоршалған, тұрғындар үнемі оның сұлулығына тамсанады. Қалалықтар мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жалғызаяқ жолмен серуендегенді ұнатады, ал велосипед тебушілерге арналған жолда үнемі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Бұл саябақта балалар мен жасөспірімдер велосипед, гироскутер, ролик тепсе, мереке күндері саябақ аймағының жазғы сахнасында түрлі іс-шара өтеді.

Ботаникалық бақ

Нью-Йорк орталық саябағының тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылған бұл бақ – Қазақстан астанасындағы ең үлкен және ең жас саябақ. Ол – қалалықтардың отбасымен демалуға және спортпен шұғылдануға арналған сүйікті орындарының бірі.

2018 жылы ашылған бақта ойын алаңы, спорт залы, волейбол және баскетбол алаңдары, велосипед және жүгіру жолдары мен субұрқақ бар. Бұл елорданың ең жасыл бұрыштарының бірі: мұндағы екі жылыжайда 95 мың ағаш өседі. Мәселен, банан ағашы Испаниядан жеткізілген. Алғашқыда қазіргі күйінен үш есе кіші болған өсімдік жылыжайға 10 ай дегенде жерсініпті. Бүгінде банан ағашы жеміс беріп тұр. Тропикалық жылыжайда мамандар апельсин, құрма, банан мен кокос өсіреді, гүлді өсімдіктер де жетіп артылады. Лиана тропикалық жылыжай орналасқан пирамиданы айнала шырмап, сән беріп тұр. Жылыжай ішіндегі климат бірқалыпты, 18-20 градустың шамасында.

Ботаникалық бақта 1500-ден аса экзотикалық өсімдік өседі. Басым көпшілігі Оңтүстік Америкадан, Африка, Аустралия, жер бетіндегі өзге де елдерден әкелінген. Оранжереяларға орнатылған жүйелер ТМД елдерінің ешқайсысында жоқ көрінеді. Тамшылап суару, ылғалдатқыш, климат-бақылау – бәрі компьютермен басқарылады. Оранжереяның ортасында пальманың түр-түрі бар. Мәселен, Александрия пальмасы әлемде сирек кездеседі. Ол 50 жылдан астам уақыт бойы гүлдейді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button