Спорт

Бас жүлде – «Арғымақ» кубогы

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ат спортының конкур түрінен «Арғымақ» ашық кубогы өтті. Жарыста Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларының шабандоздары өнер көрсетті.

Конкурдың бес бағдары бойынша өткен жарыстың жүлде қоры 12 миллион теңге болды. Шабандоз бен сәйгүліктің шеберлігі сыналған жарыстың «Балалар санаты» аталымында Әмина Акшина тізгіндеген сәйгүлік бірінші орынға ие болса, «Камелот» есімді атымен сынға түскен Жандос Жақып күміс жүлдегер атанды. Ал үздік үштікті Камила Дуржубаева түйіндеді. Сондай-ақ жарыс «Дөнендер жарысы» «Бесті аттар», «6 жастан жоғары» және «Еркін санат» бойынша өтті.

«Дөнендер жарысы» аталымында Максим Папихин топ жарса, Нұрболат Қартқожақ екінші, ал Раися Соколенко үшінші орынға ие болды.

«Бесті аттар» жарысында «Сальвадор» есімді атымен Шыңғыс Маликаджар жеңімпаз атанса, күміс жүлде «Рафия» атын тізгіндеген Мансұр Мұратқа бұйырды. Ал Нұрболат Қартқожақтың «Рабат» есімді аты мәре сызығын үшінші болып кесті.

«6 жастан жоғары» санатындағы жа­рыста Айнагүл Мұңайтпасова жеңіске жетті. Екінші орынға Олег Соколенко, үшінші орынға Виктория Котинаның сәйгүліктері ие болды.

Ең тартысты жарыс «Еркін санат» аталымында өтті. Бұл сында осыған дейін чемпион болып үлгерген Шыңғыс Маликаджар «Кор Де Ла Виль» атты атымен жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінсе, «Фандорин» атты сәйгүлігімен сайысқа түскен Азамат Хасенов күміс жүлдеге қол созды.

Ат құлағында ойнап, шеберлігін көрсеткен жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне «Арғымақ» арнайы кубоктары, дипломдар, медальдар және қаржылық сыйлықтар табыс етілді.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button