2022 - Балалар жылы

Бас жүлде – әкім кубогы

Елордада Балалар жылы аясында футболдан жасөспірімдер арасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогын сарапқа салған бірінші турнир өтті.

[smartslider3 slider=3128]

Нұр-Сұлтан қаласы Дене ­шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен ұйым­дастырылған турнирге Қостанай, Көкшетау, Павлодар қалаларынан, сондай-ақ елордадан 2007-2008 жылы туған балалардан құралған командалар қатысты. «Тарлан Арена» ­стадионында өткен әр ойын тартысты әрі қызықты өтті. Жарыс регламентіне сәйкес, екі топқа бөлінген алты команданың арасынан бірінші және екінші орын алғандары бас жүлдені сарапқа салды.

Үш күнге созылған жарыс қорытындысында Нұр-Сұлтан қаласының №8 балалар мен жасөспірімдердің мамандан­дырылған олимпиадалық резервті спорт мектебінің қос командасы финалға шықты. Осылайша 1-БЖМОРСМ (аға жаттықтырушысы А.Қожабеков) және 2-БЖМОРСМ командалары арасындағы бәсекеде бірінші команданың бағы жанып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогын жеңіп алды. Үшінші орынды «Виста» жеке футбол клубының жасөспірімдері иеленді.

Турнир жеңімпаздары мен жүл­­дегерлеріне кубок, медальдар және дипломдар табысталды. Сондай-ақ «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша үздік танылғандарға сыйлық берілді.

Жарысты ұйымдастырушылардың бірі, Нұр-Сұлтан қаласы №8 БЖМОРСМ директоры Дінмұхамед Құрамаев басты мақсат салауатты өмір салтын насихат­тауға, оның ішінде балалар спортын дамытуға бағытталған айтулы жарыс алдағы уақытта дәстүрге айналатынын, еліміздің барлық аймағынан командалар шақырылатынын жеткізді.

Баян АСЫЛБЕКОВА

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button