Жаңалықтар

БӘСЕКЕДЕ БІЗ ДЕ БӘСЕҢ ЕМЕСПІЗ

nurotan-news-1400497763

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпы ұлттық коалициясының отырысын коалиция төрағасы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек кіріспе сөзбен ашты.

Еліміздің саяси партия­лары мен ірі қоғамдық ұйымдарынан құралған коалиция аса өзекті мәселелер бойынша әралуан мүдделерді тоғыстырып, мемлекеттік басқару орындарының ашық талқылауын қамтамасыз ететін, сол арқылы елдің бірлігі мен тұрақтылығына қызмет ететін бірден-бір пікірлесу институты екені белгілі. Бауыржан Қыдырғалиұлы осыған дейінгі отырыстарда «Қазақстан-2050» стратегиясының іске асырылу тетіктері, ауылдық деңгейдегі әкімдер сайлауы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі, кәсіподақтар проблемалары, кәсіптік-техникалық білім беру кешенінің бүгіні мен ертеңі сияқты бірқатар көкейкесті мәселелердің қаралып, кейінірек үкімет орындауына жолданғанын жеткізді.

1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында Еуразия кеңістігінде интеграциялық бірлестік құру жөнінде бастама көтерген еді. Сол уақыттан бергі аралықта Мемлекет басшысының стратегиялық идеясы кезең-кезеңімен баршамыздың көз алдымызда нәтижелі түрде жүзеге асырылды.

«Қазіргі таңда еуразиялық интеграция идеясының 20 жылдығы қарсаңында еліміздің алдында Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі тарихи шартқа қол қою мақсаты тұр. Интеграцияның түпкі мәні – еліміздің бұдан әрі де серпінді дамуы және әлеуметтік экономикалық қарқынды жаңғыруы үшін Елбасы айтқан мүмкіндіктер терезесін айқара ашу. Мұндағы басты мүмкіндік – Еуразиялық экономикалық одаққа мүшеліктің Қазақстан үшін, ең алдымен, өз нарығынан 9 есе үлкен, ауқымы 153 млн адамға татитын нарыққа қол жеткізуге жол ашатындығында. Еуразиялық даму банкіне қарасты Интеграциялық зерттеулер ор­талығының есебінше, 2030 жылға дейінгі аралықта үш мемлекеттің ықпалдасуы жалпы құны 1 трлн долларға жетерлік өсім беруі мүмкін. Ал, Қазақстан үшін бұл экономиканың жыл сайын қосымша 3,5 пайызға өсу деген сөз» деді Б.Байбек.

Күн тәртібіндегі аса маңызды мәселені Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары, интеграция мәселелері бойынша Қазақстанның үйлестіру кеңесінің төрағасы, Еуразия экономикалық комиссиясының кеңес мүшесі Бақытжан Сағынтаев егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оның айтуынша, Кеден одағы құрылғалы қазақстандық тауарлардың одақтас елдерге экспорты 62,7 пайызға, экспорттың жалпы көлемінде өңдеуші тауар­лардың үлесі 44-тен 54 пайызға өсті.

2013 жылы Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен тауар айналымы 24 млрд теңгеден асты. Ал 2009 жылдан бері серіктес елдермен тауар айналымы 88,3 пайызға артқанын айта келе, Бақытжан Әбдірұлы Қазақстан Кедендік одақтағы бәсекелестіктен ұтылып жатыр деген мәлімдемелердің негізі жоқтығын айтты. «Сауда бәсекелестігінде біз ұтылып жатырмыз деген мәлімдемелерге сенудің реті жоқ. Бізде кондитер өнімдері мен шоколадтың экспорты үш есеге, трансформаторлар экспорты – 11 есеге артты, 17 есеге Ресей мен Беларусь елдеріне шағын тонналық жүк көліктерінің жеткізілімі жоғарылады. Сонымен қатар, 16 пайызға цемент экспорты артты» деді Б.Сағынтаев.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастапқы даму мүм­кіндіктері шектеулі елден қазіргі кезде ТМД кеңістігіндегі жетекші экономикасы бар елге айналды. Осыған орай, премьер-министрдің бірінші орынбасары Еуразиялық экономикалық одаққа кіру қар­саңында Елбасы Жарлығына сәйкес отандық кәсіпкерлікке қолдау көрсету жұмыстарының да бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізіліп, ең алдымен шағын және орта бизнеске баса назар аударылып жатқанын жеткізді.

Гүлбаршын Өкешқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button