Басты ақпаратМәселе

Баспана бағасы неге қымбат?

 104 мемлекет арасында ипотека шарты бойынша рейтингте Қазақстан ең жоғары ставкасы бар 10 елдің қатарына енді. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы коммерциялық ипотека өте қымбат және ел азаматтары үшін қолжетімді емес. 2023 жылғы қарашада кәдімгі ипотека бойынша, яғни банктердің серіктестік бағдарламалары мен жеңілдікті мемлекеттік бағдарламалардан тыс қарыздар бойынша, сондай-ақ тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесі бойынша емес жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 15%-дан 26,5%-ға дейін өзгерді.

Ипотека қымбаттап барады

Қазақстандағы ипотека бо­йынша жоғары пайыз мөлшерлемесін халықаралық сарапшылар да растайды. Numbeo сарапшыларының дерегіне сәйкес, 104 мемлекет пен аумақ арасында ипотеканың пайыз мөлшерлемесі бойынша рейтингте Қазақстан ең жоғары мөлшерлемелері бар 10 елдің қатарында болды.

Екінші деңгейдегі банктер клиенттердің төлем қабілетіне қойылатын талаптарды біртіндеп күшейтеді, бұл өз кезегінде тұрғын үй сатып алуға қолжетімділікке шектеуші әсер етеді.

«Отбасы банк» арқылы жас отбасыларға, жас мамандарға қазір берілетін «Елорда жастары», тағы басқа қандай мемлекеттік ипотека бағдарламалары бар? Бағдарламаның бюджетін көбейтіп, жеңілдетілген несиенің санын арттыруға не кедергі? Жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама санын қайтсек арттыра аламыз? Елімізде орта класс үшін қандай ипотека қажет деп санайсыз? Жалпы ипотека бойынша жоғары пайыз мөлшері қашан төмендейді, бұл жағынан дамыған елдерге қашан жетеміз?» деген сауалдарды еліміздегі ең танымал банк – «Отбасы банкке» жолдап едік, «Пресс-служба сұрақтарыңызбен танысып шықты. Тек банк продуктілері шеңберінде ғана жауап беруге болатынын айтты. Ал сіздің нақты сұрақтарыңызға жауап беруге рұқсат етпеді» (жауаптың пунктуациясы сақталды) деген жауап келді.

Биыл елімізде баспананы несиеге алатын адам саны көбейген. Жыл басынан бері қарызға үй алғысы келген адамдар 4 трлн 800 млрд теңгеге ипотека рәсімдеп үлгерген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,5%-ға көп.

Баспананы ипотекаға алғандардың басым бөлігі астаналықтар екен. Банктер елорда тұрғындарына 1 трлн 500 млн теңгеге жуық несие берген. Алматылықтар 1 трлн теңгеге ипотека алса, Қарағанды қаласының тұрғындары 307 млрд теңгеге тұрғын үй рәсімдеген. Мәліметке сүйенсек, Ұлытау, Жетісу облыстарының тұрғындары жылжымайтын мүлік үшін ең аз ипотека алған.

2022 жылғы дерек бойынша елімізде тұратын бір адамның тұрғын үймен қамтылуы 23,4 шаршы метрді құрады. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,9%-ға артқан. Алайда бұл мән БҰҰ стандарты саналатын 30 шаршы метрден айтарлықтай төмен. БҰҰ мәліметінше, дамыған елдерде жан басына 30 шаршы метр тұрғын үй болуы тиіс, бұл – ең төменгі стандарт. Ал кей елдерде тұрғын үймен қамтамасыз ету тіпті 60 шаршы метрден асады.

2023 жылы елімізде баспананы несиеге алатын адам саны көбейген. Жыл басынан бері қарызға үй алғысы келген адамдар 4 трлн 800 млрд теңгеге ипотека рәсімдеп үлгерген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,5%-ға көп

Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктер ұсынатын ипотекаға қолданыстағы тұрғын үйлерден немесе тікелей құрылыс компанияларынан жаңа баспана сатып алуға болады. Ал ондай ипотеканың жылдық сыйақы мөлшерлемесі шамамен 20-21%-ды құрайды.

Бастапқы жарнасыз ипотека алу үшін жылжымайтын мүлікті кепілге қою керек. Басқа біреудің атындағы пәтер немесе жеке үй де кепілзатқа қабылдана береді. Айта кететін жайт, үйдің локациясына ешқандай шектеу жоқ. Мәселен, ипотека Астанадағы пәтерге рәсімделсе, кепілзатқа Қазақстанның басқа аймағындағы баспананы ұсынуға болады. Бірақ үйдің нарықтағы бағасы көп жағдайда ипотека сомасынан 20%-ға қымбат болады. Ипотеканың шекті сомасы 100 миллион теңгеге дейін барады. Ал мөлшерлемесі ипотеканың мерзіміне қарай есептеледі. Несие неғұрлым ұзақ уақытқа рәсімделсе, ай сайынғы төлем аз болғанмен, баспана үшін төлейтін жалпы қарыз сомасы соғұрлым жоғары болады. Сосын кредит алатын адамның жасына шектеу бар. Қарыз алушы, көп жағдайда, 60-тан аспауы керек деген шарт қойылады. Кейбір ипотекаларда төлеп бітетін кезде займ алушының жасы 70-тен аспауы тиіс деген талап қойылады.

Қандай бағдарламалар бар?

«Өз үйім» бағдарламасы барлық салымшыға арналған. Онымен 3,5%-бен ипотека алуға болады. Бірақ 3 жылдың ішінде үйді сатып алуға қажетті қаражаттың 50%-ын жинау керек.

20% бастапқы жарнаны салып, алдын ала займ алуға мүмкіндік бар. Қалған ақшаны банк береді. Бірақ несие мөлшерлемесі 7% болады. Бірден 50%-ын құйғанда аралық займ беріледі. Оның мөлшерлемесі де 7%. Бірақ депозитке 3 жыл толғаннан кейін мөлшерлеме 5%-ға дейін түседі. Ипотека мерзімі 6 ай мен 25 жыл аралығында болады.

Қазір «Шаңырақ» жобасы бойынша өтінім қабылданбайды. Себебі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы тоқтатылған. Оның орнына тұрғын үй-коммуналдық инфра­құрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қолға алынды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы да тоқтатылды. Дегенмен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар 5 пайыз ставкамен, үй бағасының 10 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеп, 20 жылға несие алуға болады. Ол үшін жергілікті әкімдіктің баспанаға мұқтаж азаматтар тізімінде болу қажет.

Елімізде жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бар. Ол – «7-20-25». Бұл бағдарлама бойынша 7%-дық кредитті 20% алғашқы жарнамен 25 жылға алуға болады. Бағдарлама талабы бойынша өтінім берген адамның басқа баспанасы болмауы керек, ипотека тек жаңадан салынған үйлерге беріледі, ол баспананың құжаты да болуы шарт, баспананың бағасы шекті сомадан аспауға тиіс (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау мен Шымкентте – 25 миллион теңге, Қарағанды мен Түркістанда – 20 миллион, басқа аймақтарда 15 миллион теңге).

Экономист-сарапшы Мақсат Халық ипотека бағдарламаларының бәрі тиімсіз болып қалғанын алға тартады.

– Қазір ипотека бағдарламаларының бәрі тиімсіз. ­«7-20-25» тиімді еді, қазір оның өзіне шектеу қойылды. Үкімет тиімді ипотека бағдарламаларын жасауға қауқарсыз болып отыр. Қазір екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиелеріне қарасақ 20% болып тұр. Бұл – ипотекалық несие алған азамат өте қиын қарыздың шырмауына батады деген сөз. Сондықтан дәл қазіргі уақытта азаматтарымызға ипотекалық шартқа отыруға асықпаңыздар деп кеңес беремін, – дейді сарапшы.

Ол өз сөзінде әлемдік тәжірибеде мемлекеттік ипотека жайлы сөз қозғап, ипотекалық несие тиімді болуы үшін ең әуелі елдегі инфляциямен күресу қажет екенін тілге тиек етті.

Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй нарығындағы баға өскенін мәлімдеді. Бір жылда (2022 жылғы тамызға қарағанда биылғы тамызда) жаңа тұрғын үйлер бағасы 4,4% өсіп, пәтерлерді қайта сату бағасы 2,9% төмендеген.

Жуырда «Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимова Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы қандай болатыны туралы пікір білдірген болатын. Оның сөзінше, бүгінгі инфляция ахуалымен бағаның төмендеуі мүмкін емес.

P.S: Баспана мәселесі шешімін табу үшін бағаның түскені емес, тұрақталғаны маңызды екенін сарапшылар айтып отыр. Ал бағаның әзірге тұрақталатын түрі көрінбейді, оның ауылы алыс. Аздап жалақының өсуіне қарамастан, халықтың басым бөлігі қарызға батып, кедейленіп барады. Осы тұста халық жеңілдетілген ипотекалық несиелеу бағдарламасына мұқтаж болып отыр.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button