Басты ақпаратҚоғам

Баспана мәселесі байыппен шешіледі

Бүгінде баспана мәселесі баршаны алаңдатады. Үйсіз-күйсіз жүргендердің көбі қалтаның жұқалығынан пәтер жалдап, туысын сағалайды. Үй салуға, сатып алуға қара жердің көк тіреген құны кедергі. Әйткенмен, жұртшылықтың жоғын түгендеуге келгенде мемлекет те қарап отырған жоқ. Оған жыл сайын халық игілігіне берілетін көп пәтерлі үйлер дәлел. 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 67-68-баптарына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан Ұлы Отан соғысының ардагер­леріне, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, халықтың әлеу­меттік әлсіз топтарына (атап айтсақ, Ұлы Отан соғы­сының қатысу­шыларына теңес­тірілген адамдарға, Чернобыль атом станциясындағы апатты жоюға қатысушыларға, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға, кейбір созыл­малы аурулардың ауыр тү­ріне шалдыққан кісілерге, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау, адам өмірін құтқару, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасыларына, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлерге, көп балалы немесе толық емес отбасы­ларға, 1 және 2-топтағы мүге­дек­терге, оралман­дарға), мем­лекеттік қызметкер­лерге, бюджеттік ұйым қызмет­кер­леріне, әскери қызмет­ші­лерге және жалғыз тұрғын үйі апат­тық жағдайда деп танылған азаматтарға баспана беріледі.
Астана қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Мира Бай­сүгі­рованың айтуынша, қазіргі таңда елордада Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы іске асырылып жатыр. Аталған бағдарлама шеңберінде «Қазақ­станның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» АҚ және «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры АҚ арқылы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған.


Өңірлерді дамыту бағдарла­масының арқасында былтыр 1790 пәтер пайдалануға беріл­ген. Соның ішінде жас отбасылар үшін – 656 пәтер, халықтың барлық санаты үшін – 740 пәтер, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұтынушылары үшін 394 пәтер кілті табысталыпты. Ал Астана қаласы бойынша өткен жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан 373 пәтер, биыл жыл басынан бері 94 пәтер ұсынылған.
Бас шаһардың Құрылыс бас­қармасы берген мәліметке сүйенсек, осы жылы комму­налдық тұрғын үй қорынан баспа­наға мұқтаждар есебінде кезекте тұрған азаматтарға арнап 250 пәтерлік тұрғын үйдің құры­лысын аяқтау жоспар­ланған. Дәл осы мерзімде жалпы саны 41 мыңдай кісі үй ке­зегіне тіркелген. Кезек демек­ші, қалалық әкімдіктің интернет ресурсында мемлекеттік бағдар­ламаның тиісті бағыты бойынша бөлуге жоспарланған, құрылысының аяқталуына 6 айдан аз уақыт қалған кезекті үйге өтініш қабылдаудың бас­талған­дығы туралы хабарлан­дыру пайда болған сәтте өті­ніш беруге болады.
Баспана мәселесі қолжетімді болып, түйткілдің түйіні тар­қауы тиістігін Елбасы да жиі айтады. «Біз жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеттік. Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Алайда, біз жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 10 миллион шаршы метрге жеткізу қажет. Оның ішінде ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолын қарастыру керек. Оған қоса жалға алғаны үшін жасалатын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкіндігіне сай болуы тиіс. Мұнымен бірге отандық құрылыс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер туады» деген еді Мемлекет басшысы. Президенттің пәрменді тапсырмасы жүйелі жүргізілуде.
Айтпақшы, баспана мәсе­лесінің мән-жайын зерттеп жатқан тұста шаһардағы пә­тер бағасына да назарымыз ауды. Жуырда «Homsters.kz» ком­паниясының мамандары Астананың қай аудандарынан арзан баспана сатып алуға болатынын анықтапты. Ұйым өкіл­дерінің ақпаратына сенсек, бас қаланың пайдалануда болған үйлері нарығында пәтер­дің бір шаршы метрі 386 мың теңгеге тең екен. «Үш аудан­ның екеуінде баға төмен. Орташа есеппен әр шаршы метрі 357 мың теңгелік ең арзан баспананы Сарыарқа ауданынан сатып алуға болады. Алматы ауданында бұдан сәл қымбатырақ, мұндағы шаршы метр құны – 379 мың теңге. Ең қымбат аудан – Есіл ауданы. Ондағы пәтерлердің шар­шы метрі 441 мың тең­гені құ­райды» дейді сарапшылар. Ал танымалдығы жағы­нан олар­дың реті өзгеше. Ұсы­ныс­тар­дың саны бойынша Алматы ауданы 51 пайызбен көш бас­тап тұр. Есіл ауданында сатып алуға деген ұсыныс 30 пайызды құраса, Сарыарқа ауданында бұл көрсеткіш 19 пайызға тең.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button