Басты ақпаратҚала мен сала

Баспана қолжетімді бола ма?

Өткен жылы елімізде тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң қабылданғаны мәлім. Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң азаматтардың, қандастардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қатысты мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Президенттің тапсырмасына сәйкес, түзетулердің бірінші блогы «Отбасы банкінің» негізінде тұрғын үй кезегіне қоюды, есепке алуды және бөлуді бір орталықтан жүзеге асыратын кешенді даму және қолдау институтын құруды көздейді. «Отбасы банкі» жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді жалғастырады. Банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейін ескереді. Бұл, ең алдымен, тұрғын үй кезегінде ұзақ уақыттан бері тұрған адамдарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Түзетулердің екінші блогында тұрғын үйге мұқтаж адамдар үшін қосымша кепілдіктер енгізу қарастырылған. Ал түзетулердің үшінші блогы мемлекеттік қолдау іс-шаралары аясында берілген тұрғын үйді иелену және пайдалану тетігін реттейтін ережелерді толықтырып, нақтылайды.

Ұлттық даму институты не істейді?

1 қаңтардан бастап «Отбасы банк» ұлттық даму институты ретінде қызмет көрсетуге кірісті. Банк баспана кезегін жүргізіп қана қоймай, тұрғын үймен қамтамасыз ету іс-шараларын жүзеге асырады. Осы мақсатпен қаржы инс­титуты негізінде тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, оған баспана кезегі, яғни бірыңғай республикалық электронды база берілді. Сондай-ақ «Отбасы банк» жүргізетін «Нау­рыз» ипотекалық бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Осыған сәйкес, бағдарламаға қатысушы салымшының есепшотында кем дегенде 1 млн теңге емес, 2 млн теңге болуы шарт. Осылайша, минималды жинақтың сомасы екі есеге артып отыр. Баспана порталында дайын пәтерлерді ипотекаға рәсімдеуге мүмкіндік болады. Ал алғашқы жарна пәтер бағасының 10 пайызын құрайды.

Бағдарламалардың шарты қалай өзгерді?

2025 жылы бұл бағдарламаны қаржыландырудың жылдық көлемі 100 миллиард теңгеге дейін артады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «7-20-25» бағдарламасы бойынша қарыз алушы мен оның жұбайының соңғы 18 айда жеке меншігінде тұрғын үй болмауы туралы талаптар енгізіледі. Бірақ бұл талапқа әр отбасы мүшесіне 15 шаршы метрден аз пайдалы алаңы бар жатақханалардағы бөлмелер және апатты тұрғын үйлер жатпайды.

2025 жылдың екінші жартысында «Ұмай» ипотекасы іске қосылады. «Отбасы банк» бұл бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесін барынша төмендетуді мақсат етіп отыр, бастап­қы жарна 20%-ға дейін сақталады, сондай-ақ бастапқы және екінші нарықтан тұрғын үй алу мүмкіндігі сақталады. Жұмыс істейтін әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы 2021-2023 жылдар аралығында істеп тұрды. Пайыздық мөлшерлемесі – 14,4%, бастапқы жарна 15%-дан 20%-ға дейінгі аралықта болды, ал несие көлемі ең көп дегенде 30 млн теңге, 25 жылға дейінгі мерзімге берілді. Оны Азия даму банкі қаржыландыр­ды.

Сонымен қатар, «Отау» ипотека бағдарламасына өзгеріс­тер енгізіледі. Бұл бағдарлама бойынша кезекте тұрған әлеу­меттік осал топтағы тұрғындардың пайыздық мөлшерлемесі 9%-дан 7%-ға дейін төмендетіледі. Депозит ашуды өтініш беруден бұрын жүзеге асыруға болады. Несие сомасы Астана мен Алматы үшін 36 млн теңгеге, ал басқа өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін ұлғайтылады. Алматы мен Астана қалаларында пәтер сатып алу кезінде енді тұрғылықты жерге тіркеу қажет болмайды. Бағдарламаның негізгі шарты – кейінгі бес жылда жеке меншіктегі тұрғын үйінің болмауы, бастапқы жарна 20%-дан бастап, депозитте кемінде 1 млн теңге болуы керек, ал тұрғын үйді бастапқы және екінші нарықтан сатып алуға болады.

Мәселені бірлесіп шеше аламыз

Тұрғын үй саласында мемлекет жүргізіп отырған саясат қарапайым халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталғанын сарапшы-мамандар да растайды. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, елордадағы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Үкіметтің тұрғын үй сатып алуда халықты қолдаудың түрлі бағдарламаларын іске асыруы тұрғындардың белгілі бір бөлігіне тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік бергенін айтады.

«Баспананың қолжетімділігі әркелкі және көптеген факторларға, соның ішінде аймаққа, халықтың табыс деңгейіне және мемлекеттік саясатқа байланысты. Соңғы жылдары әртүрлі шарттармен ипотекалық бағдарламалар ұсынылды. Бұл несиеге тұрғын үй сатып алу үшін мүмкіндіктерді арттырады. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен ипотекалық несие беру нарығын дамытудың нәтижесінде халықтың баспанаға қолжетімділік жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Мысалы, өткен жылы елордада жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша 1050 пәтер сатып алынды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына 322 пәтер берілді. Сондай-ақ ішкі несиелер есебінен азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 1500 пәтер сатып алуға 24,7 млрд теңге бөлді.

Бұдан басқа, ауданы 8 мың шаршы метрлік 2 632 пәтерлік 148 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілуде, оның 7-уі – несиелік тұрғын үй шеңберінде, 1-еуі – жалға берілетін тұрғын үй шеңберінде. Құрылысты 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, азаматтарды қолдау мақсатында қарызды ресімдеу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша жұмыс жалғасуда. Осы мақсатта ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. 333 сертификат беруге бүгінгі таңда 280,5 млн теңге сомасына 187 тұрғын үй сертификаты берілді» дейді ол.

Сарапшының айтуынша, тұрғын үй қорын жөндеу бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2013 жылдан бері 286 апатты үйлердің тұрғындары көшіріліп, 4500-ден астам отбасы жаңа жайлы пәтерлерге ие болды. 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жөндеу жобасына сәйкес, 4 710 пәтерлік 206 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. Төлеген Күнәділов баспана құны әсіресе ірі қалалардағы халықтың едәуір бөлігі үшін айтарлықтай жоғары болып қала беретініне алаңдайды. Мұндай жағдай көптеген азаматтардың жалақысының ипотеканы пайдаланып, өз үйін сатып алуға мүмкіндік бермейді.

«Бұл проблема өзектi күйiнде қалып отыр. Оны шешу үшiн мемлекет пен жекеменшік сектор екі тараптан күш біріктіруі керек. Халықты қолдаудың жаңа тетіктерін ойластырып, қолжетімді тұрғын үй сапасын жақсарту қажет. Көптеген бағдарламар мемлекет тарапынан жүйелі түрде іске асырылып келеді. Оған көзіміз жетіп отыр. Десек те халықты ақпараттандыру деген мәселеге дұрыс көңіл бөлейік. Бұған біржақты қарамау керек. Қолда бар құралдарымызды пайдалана отырып, күллі қоғам болып осы істі алға бастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді» дейді ол.

Президенттің халыққа қамқорлығын сезіндім!

Астанада тұратын көпбалалы ана Әсел Қалабаева 2011 жылдан бері баспана алу кезегінде тұрғанын, Президенттің тұрғын үй саласындағы дұрыс саясатының нәтижесінде өз баспанасына қол жеткізгенін айтады.

«Мен елорда тұрғынымын. Жетімдер санатына жатамын. Күйеуім, 5 балам бар. Күйеуім 2-топтағы мүгедек. Үйдің кезегіне медициналық колледжде оқып жүрген кезімде тұрған едім. 11 жылдан кейін өз баспанамда тұрамын деген арманым жүзеге асты. Астанада қазір пәтер жалдап тұру өте қиын. 1 бөлмелі пәтердің өзінің ай сайынғы жалдама ақысы – 100-120 мың теңге. 2023 жылы маған «Не молчи, сирота!» қорының хабарласып, елордада тіркеуге тұрсам, өз баспанамды алатынымды айтты. Мен аталған қордың өкілі Руслан Тұрсынбековтің берген кеңесін құлақ асып, тіркеуге тұрдым. Үш айдан кейін маған баспанамды берді. Бұрын 1 бөлмелі пәтерде қысылып өмір сүріп келсек, Р.Тұрсынбековтің көмегімен «Orman park» тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер алдық. Шынында баспана кілтін бергенде өз көзімізге өзіміз сенбедік. Қуанышымызда шек болмады. Бізбен бірге балаларымыз да қатты қуанды. Менің 4 қызым, 1 ұлым бар. Олардың ешқашан бөлек бөлмесі болған емес. Енді олар жеке әдемі бөлмеде тұрады. Тұрмысымыз осылай оңалды. Аллаға шүкір дейміз! Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік саясатының нәтижесін көрген ел азаматы ретінде алғысымды айтамын!» дейді Әсел.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button