Баспанаға қолжетімділік жағдайы жақсарып келеді
Үкіметтің тұрғын үй сатып алуда халықты қолдаудың түрлі бағдарламаларын іске асыруы тұрғындардың белгілі бір бөлігіне тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Баспананың қолжетімділігі әркелкі және көптеген факторларға, соның ішінде аймаққа, халықтың табыс деңгейіне және мемлекеттік саясатқа байланысты.
Соңғы жылдары әртүрлі шарттармен ипотекалық бағдарламалар ұсынылды. Бұл несиеге тұрғын үй сатып алу үшін мүмкіндіктерді арттырады. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен ипотекалық несие беру нарығын дамытудың нәтижесінде халықтың баспанаға қолжетімділік жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Мысалы, өткен жылы елордада жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша 1050 пәтер сатып алынды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына 322 пәтер берілді. Сондай-ақ ішкі несиелер есебінен азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 1500 пәтер сатып алуға 24,7 млрд теңге бөлді.
Бұдан басқа, ауданы 8 мың шаршы метрлік 2 632 пәтерлік 148 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілуде, оның 7-уі – несиелік тұрғын үй шеңберінде, 1-еуі – жалға берілетін тұрғын үй шеңберінде. Құрылысты 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, азаматтарды қолдау мақсатында қарызды ресімдеу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша жұмыс жалғасуда. Осы мақсатта ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. 333 сертификат беруге бүгінгі таңда 280,5 млн теңге сомасына 187 тұрғын үй сертификаты берілді.
Тұрғын үй қорын жөндеу бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2013 жылдан бері 286 апатты үйлердің тұрғындары көшіріліп, 4500-ден астам отбасы жаңа жайлы пәтерлерге ие болды. 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жөндеу жобасына сәйкес, 4 710 пәтерлік 206 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. Төлеген Күнәділов баспана құны әсіресе ірі қалалардағы халықтың едәуір бөлігі үшін айтарлықтай жоғары болып қала беретініне алаңдайды. Мұндай жағдай көптеген азаматтардың жалақысының ипотеканы пайдаланып, өз үйін сатып алуға мүмкіндік бермейді.
Бұл проблема өзектi күйiнде қалып отыр. Оны шешу үшiн мемлекет пен жекеменшік сектор екі тараптан күш біріктіруі керек. Халықты қолдаудың жаңа тетіктерін ойластырып, қолжетімді тұрғын үй сапасын жақсарту қажет. Көптеген бағдарламар мемлекет тарапынан жүйелі түрде іске асырылып келеді. Оған көзіміз жетіп отыр. Десек те халықты ақпараттандыру деген мәселеге дұрыс көңіл бөлейік. Бұған біржақты қарамау керек. Қолда бар құралдарымызды пайдалана отырып, күллі қоғам болып осы істі алға бастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Төлеген Күнәділов,
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі,
елордадағы Кәсіподақтар орталығының төрағасы