Басты ақпарат

Баспаналы болғың келсе…

Табысы бір адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын немесе мүлдем табысы жоқ (жұмыс істемейтін) кезекте тұрған азаматтарға әкімдіктен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беріледі. Кезекке сай, тек әкімдікте кезекте тұрған азаматтар пәтер ала алады.

[smartslider3 slider=909]

Жылдың аяқталуына аз уақыт қалды, демек мемлекет беретін 116680 теңге максималды премияны алу үшін 583400 теңгеге дейін депозитті толтырып үлгеруге 1,5 ай уақыт бар. Тезірек баспаналы болғыңыз келсе, үй кезегінде тұрсаңыз – 10%, үй кезегінде тұрмасаңыз 50% алғашқы жарнаны жинау керек. Үкімет үй ал деп беретін сыйлықақыны алу үшін не істеу керек? Кімдерге беріледі? Несиені төмен пайызбен рәсімдеудің жолдары қандай? Несие тарихы онша емес, табысы төмен азаматтар қалай баспаналы бола алады? Аталмыш сұрақтардың жауабын «Отбасы банк» кеңесшісі Сайраш ЖАҚАНОВАДАН сұрап білдік.

– Мемлекет беретін 116680 теңге максималды премияны көбірек алу үшін отбасы мүшелерінің атына бірнеше депозит ашып, оларға қаражатты теңдей бөліп салып отыру керек дейді көпшілік. Мұның қандай пайдасы бар?

– «Отбасы банк» клиенті көбірек қаражат сомасын жинап, депозит табыстылығын арттырамын десе, отбасы мүшелерінің атына бірнеше депозит ашып, оларға қаражатты теңдей бөліп салып отыра алады. Бұл жағдайда мемлекет сыйлықақысы ашылған әр шот бойынша төленеді. Ал тұрғын үй заемын алуға қажетті сома жиналған кезде шоттарды біріктіріп, баспана сатып алуға болады. Бұл опцияны «Отбасы банкінде» «Отбасы пакеті» деп атайды. Табыстылығы жоғары болуы үшін депозитті жұбайына ғана емес, отбасының барлық мүшелері мен жақын туыстарына да ашуға болады. Мұндайда мемлекеттің сыйақысы бір депозитке ғана емес, бірнешеуіне есептеледі, сәйкесінше, баспанаға ақшаны тез және арзанға жинауға мүмкіндік бар. 50% соманы жинап болғаннан кейін мемлекеттің сыйақылары есептелген депозиттерді біріктіріп, тұрғын үй қарызын төменгі сыйақы мөлшерлемесімен алуға болады. Депозитті кәмелетке жасы толмаған балаларға да ашуға болады. Оларды да ересек адамдардың депозиттерімен біріктіруге болады. Алайда бұл оңай рәсім емес. Қаражатты шешіп, депозиттерді біріктіру үшін қамқоршылық органдарынан рұқсат алу керек. Бағалау көрсеткіші (БК) – бұл қаржылық тәртібіңіздің белгісі. Бағалау көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, тұрғын үй заемының мөлшерлемесі соғұрлым төмен болады. 3 жыл бойы депозитіңізді тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісімшартта көрсетілген сомаға (ай сайынғы жарна көлеміне) толықтырып отырсаңыз, сізге «16-ға тең» ең төменгі БК беріледі. Бұл жағдайда жылдығы 5% (ЖТСМ – 5,2%) болатын заем ала аласыз. Ал сізге тиесілі БК 16дан жоғары болса, заемның жылдық мөлшерлемесі бұдан да аз болады. Ең төменгі жылдық мөлшерлеме – 3,5% (ЖТСМ – 3,6%).

 – Заем мөлшерлемесін төмендетудің жолы қандай? Бағалау көрсеткіші көп болған сайын несиені төмен пайызбен рәсімдеуге болады деген рас па?

– Депозитке мерзімінен бұрын ақша аударып отырыңыз. Салымшы шотын уақытылы толықтырмаса, оның бағалау көрсеткіші түсіп кетеді, ал мерзімінен бұрын ақша салып отырса, БК артады. Ақшаны енді жинап бастаған салымшы шотына тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісімшартта көрсетілген сомадан артық ақша салып отырса, БК көрсеткіші артады. 3 жылдан артық жинаңыз. 3 жыл өткен соң да депозитіңізді толықтырып, ақша жинауды жалғастыра берсеңіз, БК арта түседі. Жиналған ақша неғұрлым көп болса, банк сыйақысы мен бағалау көрсеткішінің мәні де соғұрлым жоғары болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің барлық ережелерін сақтасаңыз, ең тиімді шарттармен тұрғын үй заемын ала аласыз.

– Салымшының бағалау көрсеткішінің мәні төмен делік, ипотеканы 7-8 пайызбен емес, бірден 3,5-5 пайызбен рәсімдей ала ма? Ондай жағдайда не істеу керек?

– Ол үшін сіз «Отбасы банкінің» сайты арқылы бағалау көрсеткіші жоғары басқа салымшының сатылымға шығарған депозитін сатып алуыңызға болады. Мұны «онлайн табыстау» деп айтамыз. Кейбір салымшылар депозитін жапқысы келеді, бірақ тұрақты толтырылып тұрған, сыйақы мөлшерлемесі бар депозитті сатуды ұйғарады. Сатып алушы мен сатушыға банкке келудің қажеті жоқ, депозитті сатып алу/сату бойынша барлық операциялар онлайн режимінде жасалады. Сатушы өз депозитін сату туралы хабарландыруды online.hcsbk.kz сайтындағы интернет-банкингте жариялайды; депозит сатып алғысы келетін клиент «Отбасы банкіне» ағымдағы шотты алдын ала ашады және толықтырады, содан кейін депозитті сатып алуға өтінім береді (депозитті брондайды); жүйе сатушыға сатып алушы табылғаны жөнінде хабардар етеді және салымды беру туралы келісімге қол қоюды талап етеді (SMS-код арқылы онлайн); сатып алушы салымды сатып алу туралы келісімге қол қояды (SMS-код арқылы онлайн); екі тарап келісімге қол қойғаннан кейін сатушының шотына қаражат аударылады; бұдан әрі депозитті сатып алушыға қайта рәсімдеу жүргізілетін болады; онлайн табыстау аяқталды. Егер депозитіңіздің уақыты 1 жылдан асса, кем дегенде 8000 теңге банк сыйақысы болса, сіз депозитіңізді сата аласыз. Сыйақыңыз жоғары болған сайын сатылу мүмкіндігі де жоғары. Сыйақыңызға байланысты үстінен 2,3 немесе 4 есе пайда көре аласыз.

– Несие тарихы онша емес, табысы төмен азаматтар қандай жолмен баспаналы бола алады?

– Мұндайда банктен ипотеканы егер басқа банктерде несие бойынша қарыз 100 мыңнан аспайтын болса және қарызды төлеудің өтіп кеткен мерзімі 90 күннен аспайтын болса ғана ала аласыз. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» қарыз алу үшін басқа банктердегі несиені толықтай жабу керек болады. Табысы бір адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын немесе мүлдем табысы жоқ (жұмыс істемейтін) кезекте тұрған азаматтарға әкімдіктен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беріледі. Кезекке сай, тек әкімдікте кезекте тұрған азаматтар пәтер ала алады. Табысы бір адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (106336 теңге) аспайтын отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй сатып ала алады. Мысалы, отбасында екі адам болса, жалпы табыс көлемі 212672 теңгеден аспауы керек. Бұл бағдарламаны «2-1020» деп те атайды (2% – қарыз бойынша мөлшерлеме, 10% – бастапқы жарна, қарыз мерзімі – 20 жылға дейін). Аталған бағдарламаға көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспананы алғашқы және қайталама нарықтан да сатып алуға болады. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (126917 теңге) аспайтын әкімдікте кезекте тұрған салымшылар «Нұрлы жер» немесе «Шаңырақ» бағдарламасына қатыса алады. 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша несие 5 пайызбен 20 жылға беріледі, бастапқы жарна – 20 пайыз. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша несие 5 пайызбен 20 жылға беріледі, бастапқы жарна – 10 пайыз. «Шаңырақ» бойынша алғашқы нарықтағы кез келген құрылысы біткен, дайын немесе тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігі бар құрылысы бітпеген үйлерден пәтер алуға болады. Бұл бағдарламалар бойынша негізгі талаптар қатысушы әкімдікте кезекте тұруға тиіс, жеке тұрғын үйі және соңғы бес жылда оны иеліктен шығару фактілері болмауға тиіс және тұрақты табысы болуы керек.

– Үш-төрт жыл күтпей-ақ бірден баспаналы болудың қандай жолдарын ұсына аласыз?

– Бұл жағдайда қойылатын басты талап – сізде пәтер құнының 50% сомасы болуы тиіс. Осы сомаға депозит ашасыз, банк оның орнына сізге несиені пәтердің 100% сомасын әрі қарай төмендеу талабымен жылдық 7%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемеде береді. Пәтер құнының 50 пайызын бірден салып ипотека рәсімдеуге болады, бірақ сол 50 пайыз соманы ай сайын бөліп салып, 3 жылда жинасаңыз, 5 пайызбен және табыс көзін растамай тиімді жолмен пәтер ала аласыз. Банк үш жыл депозит сомасына 2% сыйақы есептейді және жыл сайын Үкіметтің 20% көлеміндегі сыйақысы қосылады. Үш жыл бойына салымшыға банкке пәтер сатып алуға жетпеген 50% сомасының пайызын емес, банктің берген 100% cомасының пайызын төлеуге тура келеді. Жинақ кезеңі аяқталғаннан кейін сіз аралық қарыздан 3,5%-дан 5%-ға дейінгі тұрғын үй қарызына ауыса аласыз. Депозиттегі ақша негізгі қарызды өтеуге кетеді. Қарыз көп дегенде 25 жылға беріледі. Несиеге сатып алатын баспана бағасы 90 млн теңгеден аспауы тиіс.

116680 ТЕҢГЕ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

Мемлекет сыйлықақысын алу үшін салымшы депозитті толықтыруы қажет. 2021 жылы сыйлықақымен ынталандырылатын жинақтардың ең жоғары сомасы 583400 теңге және оған есептелетін ең жоғары сыйлықақы 116680 теңгені құрайды. Салымшының депозитті мүмкіндігінше толықтыруға құқығы бар. Мемлекеттік сыйлықақы есептік жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарына есептеледі, яғни шотты есепті жылдың 31 желтоқсанына дейін толтыру қажет. 116680 теңгені алу үшін «Отбасы банкінің» салымшысы болу керексіз. мемлекет 20% премия береді, бірақ максимум 200 АЕК-ге, яғни 583400 теңгенің үстіне 116680 теңге қосып береді; 583400 теңгені бөліп-бөліп салсаңыз да, бірден әкеліп салсаңыз да, бастысы жыл соңында шотыңызда 200 АЕК болса болды, 20% аласыз; премия тек тура 583400 теңге салғандарға ғана емес, осы сомаға дейінгі ақшаның барлығына беріледі. Мысалы: 400000 теңге салсаңыз – 80000, 350000 салсаңыз – 70000, 140000 салсаңыз – 28000, 100000 салсаңыз – 20000 қосып аласыз; заң бойынша премия 1 наурызға дейін түсу керек, бірақ бізде жылда ақпан айында түсіп қояды; премия тек Қазақстан азаматтарына беріледі (ықтиярхатпен шот ашқандарға берілмейді).

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button