Басты ақпарат

БАСПАСӨЗ – ҚОҒАМНЫҢ БАРОМЕТРІ

«АСТАНА АҚШАМЫ» АНКЕТАСЫ

 1. Қазіргі қазақтілді ақпарат құралдары ұлт ұпайын түгендеуге қаншалықты үлес қосып жүр?
2. Қазақстан журналистикасындағы қандай тұлғаларды қадір тұтасыз?
3. Өз шығармашылығыңыз арқылы жекелеген адамдардың мәселесін шешіп, тағдырына оң ықпал еткен кезіңіз болды ма?
4. Қай әріптесіңіздің қай мақаласы (телеха­бары) есіңізде ерекше қалып қойды?

Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:

1. Қазіргі таңда қазақтілді ақпарат құралдары сан жағынан да, сапа жағынан да өсті. Бүгінгі оқырманда ең ба­стысы – таңдау мүмкіндігі бар. Мәселен, кеңестік кезеңде тек қана «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жас», сосын «Қазақ әдебиеті» сияқты газеттер ғана бар болса, бұл күнде Алма­ты мен Астананың өзінде қаншама жаңа газет жарық көрді. Оңтүстік Қазақстан облысында неше түрлі газет шығады. Тәуелсіздік жылдары ашылған газеттер қаншама! Тіпті, соңғы бір-екі жылдың өзінде бірқатар жаңа басы­лымдар пайда болды. Мұның бәрі нені көрсетеді? Демек, оқырман қауымның өзіне қажетті басылымды таңдау мүмкіндігі бар деген сөз. Бұл өз кезегінде бәсекелестікке жол ашады. Бұрын жоғарыда аталған екі-үш газеттің тара­лымы жалпы жиынтығында бес жүз мыңға жуықтаса, қазір де сол таралым сақталып отыр. Бірақ, оқырман әртүрлі басылымға бөлініп кетті. Жал­пы таралым сол деңгейде қалды. Ал енді олар ұлт ұпайын қаншалықты түгендеп жүр дегенге келсек, таза ұлт, мемлекет тұрғысынан жұмыс жасап жатқандары да баршылық. Сонымен бірге тек пайда көздеп, қызық қуып, жеңіл-желпі тұрғыда желіп келе жатқандары да жоқ емес. Ұлт мүддесі ең алдымен Тәуелсіздік ұғымына табан тірейді. Осы тұрғыдан алсақ, қазақ басылымдарының барлығы дерлік осы мақсаттан ауытқыған жоқ. Бұл қуанышты жағдай. Мемлекеттік, елдік мәселелерге келгенде қазақ баспасөзі бекем бағыт ұстанып отыр. Меншік түріне қарамастан қазіргі қазақтілді баспасөз барынша ұлт мүддесі үшін қызмет етіп келеді. Мемлекеттік тілімізді тұғырына қондыру, ұлттық салт-дәстүрді, қасиет-қалыбымызды сақтау жағынан келгенде қазақтілді басылым­дар ылғи да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жүр. Ұлт ұпайын түгендеу бір күндік шара емес. Оған күн сайын кірпік қақпай қызмет ету керек. Менің ойымша, біздің ұлттық баспасөз осы бағытты Темірқазық етіп оты­руы тиіс.

2. Біз, менің тұрғыластарым, үлкен шығармашылық мектептен өттік. Біз Шер-ағаңдай өткір де ба­тыл, Әбіш аға Кекілбаевтай парасатты, Камал Смайы­ловтай ақмылтық, Қалтай Мұқамеджановтай сергек адамдардың мектебін көрдік. Мен Шер-ағаңмен, Әбіш ағамен, Нұрлан Оразалин­мен тікелей жұмыс істедім. Қарамағында болдым. Бұл кісілерден шығармашылық және ұйымдастырушылық салада көп нәрсе үйрендім. Сондай-ақ, марқұм Орал­хан Бөкей, Марат Қабанбай, Ақселеу Сейдімбек ағаларымыздың тәлімін алдым. Өнегесін үлгі тұттым. Сей­дахмет Бердіқұловтың ал­дын көрдім. Алғысын ал­дым. Соның бәрі қазір ой­лап отырсам тау тұлғалы азаматтар, менің өмірімде ерекше орны бар, журна­лист ретінде қалыптасуыма айрықша ықпал етіпті. «Еге­мен Қазақстанның» ардагері Ержұман Смайылдың жеке басынан да табандылықпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйрендім. Бүгінгі басылым жетекшілері Марат Тоқашбай, Сауытбек Абдрахманов, Жұмабек Кенжалин, Жан­болат Аупбаев, Сапарбай Парманқұловтардың да үлгі тұтар жақсы қасиеттері көп. Тіпті өзіммен тұстас Шәмші Паттеев пен Еркін Қыдыр, Жүсіпбек Қорғасбек, Қали Сәрсенбай, Мақсат Тәжі-Мұрат, Срайыл Смайыл, Қазыбек Иса секілді азамат­тармен ақпарат майданын­да қатар жүргенімді ардақ тұтамын.

3.Ондай жағдайлар аз болған жоқ. Оның бәрін тізбелесем мақтанқұмар адам секілді көрінермін. Ойлас, қанаттас, пікірлес адамдардың құрметі мен ыстық сезімі суы­май, әрдайым жылы лебізбен еске алып жүрсе, сол да жетерлік деп ойлаймын.

4.Бөле-жара айтудың қажеті болмас, жоғарыда аты аталған, басқа да есімдері көңілдің төрінде тұратын журналист жігіттер мен қыздардың ойлы мақалалары тіл ұшына орала ке­туге дайын. Әйтсе де, Бау­ыржан Омарұлының, аз жазса да саз жазатын Талғат Батырханның, Темірғали Көпбаевтың, Талғат Ешенұлы мен Жанарбек Әшімжанның, Айгүл Ақанбайқызы мен Роза Рахымқызының, Нәзира Бай­ырбек пен Раушан Төленнің, өзіміздің «Айқындағы» Төреғали Тәшенов, Айхан Шәріп пен Айжан Көшкеновалардың жазған дүниелерін қалт жібермей оқып жүремін. Осы жерде атта­ры аталмай қалса, өзге әріптестерім ренжімес, дегенмен біздің қазақ баспасөзінде көсемсөзді қару еткен тегеурінді толқынның бар екенін ешкім де жоққа шығара қоймас.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ, журналист-ғалым:

1. Бәрі де шама-шарқынша үлес қосып келеді. Олардың басты мұратының өзі осы. Егер ұлттың ұпайы түгенделе бастаса, солардың да үлкен еңбегі бар деп білу керек. Бұл іске кейде өзге тілдегі ақпарат құралдары да атсалысып тұрады. Оны да көре білген жөн. Бірақ кімнің қаншалықты үлес қосқаны таразыға тартылмайды. Бұл – өлшеуге келмейтін ұғым. Оған ел-жұрттың өзі баға береді.

2. Жарылқап Бейсенбайұлы, Сауытбек Аб­драхманов, Жанболат Аупбаев, Қуаныш Жиенбай, Қайнар Олжай, Мақсат Тәжімұрат сынды ағаларымды, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Әлімжан Сабыржанұлы, Талғат Батырхан секілді қатарластарымды, Дәурен Қуат, Талғат Ешенұлы, Сәкен Сыбанбай сияқты інілерімді құрметтеймін. Сөйлемді сауатты құратын қаламгерлерге бүйрегім бұрады. Мінезі кедір-бұдыр, қимылы шәлкем-шалыс, ой-пікірі ойлы-қырлы журналистерді де тәуір көрем.

3. Әрине, болды. Каз ГУ-дің үшінші кур­сын бітірген соң Ақтөбенің облыстық газетінде практикада жүргенімде «Ғажайып түс» деген фельетон жаздым. Соның нәтижесінде бір колхоздың төрағасы орнынан босады. Бір ауыл өздерін зар илеткен басшыдан құтылды. Содан кейін фельетонға жолаған емеспін. Оның есесіне жұрттың тағдырына араша түсетін мақалалар жаздық. Оншақты жыл қызмет істеген жастар басылымының барлық мүмкіндіктерін пайдаландық. Ал басшылық қызметке келгенімде журналистерге көбірек көмегім тиді деп ойлаймын.

4. Жетінші сыныпта оқып жүргенімде «Қазақстан пионері» газетіне ауылдас бір қыздың мақаласы жарияланды. Өзі үзбей жазатын белсенді тілші еді. Бұл жолы мен туралы жазыпты. Кәдімгі жағымсыз кейіпкермін. Алғашқы сөйлемі айқайлап тұр. «Ол қатты өзгерді». Сабағым күрт на­шарлап, тәртібім едәуір бұзылып, түнімен көше кезіп, күндіз мұғалімдерді келекелеп, ойқы-шойқы өлеңдер шығаратыным туралы жан-жақты айтылған. Жасыра­тыны жоқ, осының біразы рас еді. Бірақ соның бәрі оның жанына неге батып жүргенін біле алмай-ақ кеттім. Мен осы қызға ерегісіп, нақ сол «Қазақстан пионеріне» мақалалар жаза бастадым. Сөйтіп, жур­налист боп кеттім. Ол да ешкімнен кем болған жоқ. Мынау деген мұғалім. Оқта-текте баспасөзде бала тәрбиесі туралы көсіле қалам сілтеп қояды.

Зейін ӘЛІПБЕК, журналист:

1.Үлесі аз емес деп есептеймін. Ұлт ұпайы кез-келген тілшінің ұдайы жадында жүретініне сенімдімін. Тек сол ұпайды түгендеу жолы – әрқилы. Мемлекеттік тілде хабар тарататын ақпарат құралдары елдің есесі кетіп жатқан жайттар жайында биліктің де, халықтың да есіне салып отыруды ешқашан ұмытқан емес. Сондықтан, оларды ұлттық мәселелерді ұмыт қалдырды деу орынсыз болар еді. Елдік мәселелерді тілшілер қауымы ғана шешуі тиіс деген ұғым да – жаңсақ бір жағынан. Мұндай түйіндер ел болып тарқатуымыз керек. Айту бар да, орындау бар. Әрбіріміз күн сайынғы тыңғылықты ісімізбен, сөзімізбен, жүріс-тұрысымызбен атсалысатын болсақ ұлт ұпайының түгенделуі жеделдейді.

2. Қазақ журналистикасында мен қадір тұтатын тұлғалар көп. Журналистика саласында еңбек етіп жүрген жандардың барлығы да мен үшін – қадірлі. Ал, шығармашылығы қызықтыратын тұлғаларды атайтын болсам ә дегенде аузыма ағамыз Жанболат Аупбаев түсіп отыр. Сау­ытбек Абдрахмановтың мақалалары мен сұхбаттарын оқимын. Айгүл Аханбайқызы, Әмірхан Балқыбектің жазуы мүлдем бөлек. Оларға ортақ мен ұнататын бір нәрсе – барлығының асып-таспай, шынайы жазатыны.

3. Біреуге тигізген пайдаң ту­ралы есіңде сақтау қиын ғой. Оның үстіне ондай жайттар туралы айтсам «Жаман жасаған жақсылығын айтадының» кері келіп жүрер. Анығында журналистика – шарапатыңды тікелей болмаған күннің өзінде жанамалап немесе алыстан міндетті түрде тигізуге «мәжбүрлейтін» салалардың бірі.

4. Қазір газеттерден гөрі олардың электрондық нұсқасы көбірек қолжетімді бо­лып тұр ғой. Осыдан оншақты жыл бұрын ғана газетке үңілетін едік, бүгін интернетті «парақтайтын» болдық. Соңғы аптада ғаламтордан оқып, есімде ерекше қалып қойған дүние – Бауыржан Бабажанұлының ақын Маралтай жайында жазған «Кентавр» атты эссесі.

Ғабит МҮСІРЕП, «Нұр Астана» республикалық жастар апталығының бас редакторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

1.Ұлттық мәселені көтеріп, мемлекеттіліктің ертеңіне бас қатырып, соған қатысты проблеманы үнемі қозғайтын қазақтілді ақпарат құралдары ғой. Ал олар тара­пынан жазылған мәселе дер кезінде жүзеге аспай жатса, ол бөлек әңгіме. Билік мемлекеттік тілде сөйлемегеннен кейін, қазақ тіліндегі БАҚ-тың азуы әзірге әлсіздеу болып тұр. «Таң атпаймын дегенмен, күн қоймайды» демекші, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейген сайын билік қазақтілді ақпарат құралдарының айтқанына құлақ қоюға мәжбүр болады. Сонда ұлт ұпайы толыққанды түгенделеді.

2. Бұл ретте Нұрмахан Оразбектің қайсарлығын ерекше бағалаймын. Сауытбек Абдрахмановтың, Мақсат Тәжі-Мұраттың интеллектуалдық әлеуетін айрықша құрметтеймін. Нұртөре Жүсіптің тақырып тапқырлығына қызығамын. Қайнар Олжай мен Шархан Қазығұлов, Бауыржан Омаров, Дәурен Қуат пен Жанарбек Әшімжанның жазу стилінің орны бөлек мен үшін. Қысқасы, журналистердің қай буынының ішінен болса да, үйренерлік қасиеті бар жандарды қадір тұтамын.

3. Жеті бала тапқан анаға «Алтын алқа», бес бала тапқан анаға «Күміс алқа» беру жөніндегі мәселені «Еге­мен Қазақстанның» бетінде 2002 жылы көтеріп, кейін оны бірнеше мәрте қаузағанбыз. Араға жылдар салып осы мәселе бойынша мемлекет тарапынан оң шешім қабылданды. Аталған шешімнің қабылдануына белгілі бір деңгейде үлес қостық деп ойлаймын. Қазақстан Халықтары Ассамблеясының көптік жалғаумен, яғни «тар»-мен қоштасуына қатысты да осыны айтуға болады.

4. «Егемен Қазақстан» газетінде 90-жылдардың ор­тасында бір ақпарат жарық көрді. Авторы – Руслан Нұртаза.Тақырыбы – «Боря деген ит екен…» …Екі ұры пәтер-пәтердің қоңырауын басады. Есікті кішкентай бала ашады. «Үйіңде кім бар?» «Боря». Боря дегенді бала деп ойлап, ұрылар  баса-көктеп үйге кіреді. Алдарынан еңгезердей ит шығады. Төбетке таланған ұрылар алды-артына қарамай безе жөнеледі. Сөйтсе, Боря иттің аты екен…

«Жас алаш» газетінде Нұртөре бас редактор болған тұста «Қазақстан қан түкіріп тұр!» деген тақырыппен жарық көрген мақала да көңілде жатталып қалды. Мақаланың тақырыбына көбірек назар аударамын. Мәселен, бертінде «Жас алаш» газетінде (24.01.12) «Сау адам сайлауға қатыспайды…» деген тақырыппен жарияланған Мұхтар Шерімнің мақаласы менмұндалайды.

Амангелді ҚИЯС, «Ұлт Times» қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы:

1.Төл мерекеміз таянған тұста қомақты деп ауыз толтырсақ еш сөкеттігі бола қоймас. Расында да, солайы солай ғой. Мұнымызды ділмәрсіп, бір-бірінің арқасынан қағу деп бағаламайтындықтарыңызды жақсы түсінем…

Туған ұлттың тағдыры ту-талапайға түсіп жатқан талайы тұста кеудесінде намысы бар қазақтың тасада қалмасы анық. Өйткені олар – қоғамдық ойдың қозғаушысы, қараша халықтың қолдаушысы. Жаудың отын жалаң төсімен жабуға бар жауынгерге бергісіз жұрт. Қазақ десе қасқайып, өзім дегенде өре түрегелетіндер де нақ солар. Ұлты үшін ұстасуға дайын. Қысқасы, даусы жеткенше айтып, тамағы қарлыққанша айқайлаудан танбайтын жандар. Олар – ұлттық идеология үшін именуді білмейтін сарбаздары.

Қазақтығымыздың мәселесін қаузап, ұлтық құндылықтарымызды ұлықтау жолында қазақ журналистикасы бұған дейін де аянған жоқ еді. Әлі де аянбайтынына бек сенімдімін. Ал, «Жиенқұлға келгенде, шықпайды үнім…» демекші осындай ұлт мәселесі таразыға түскен шақта орыстілді БАҚ-тардың даусы бәсеңдеу шығады. Өйткені, олардың жазары басқа, қаузары бөлек. Арғысын талғам-таразысы тым жоғары мәртебелі оқырманның өзі-ақ безбендей берер.

2. Аяғымыз салбырап аспаннан түсе қалдық деп кеудемсоқтанатындардың санатынан емеспіз. Бол­маса, бүгін диплом ала салып, ертеңінде екі-үш мәрте экраннан жылт етіп, арғысында «жұлдызға» айналатын жүзі шырайлы кейбір әріптестерімнің қатарын да толықтырғым келмейді. Өз басым өнеге көрдім, жақсы мек­тептерден өттім деп ұялмай айта алған болар едім. Қай газетте қызмет қылмайын, сондағы аға-апаларымның бәрін ұстаз тұттым. Нұсқаған жолда­рынан ауытқымауға тырыстым. Ал, одан жаман болдым деп тағы айта алмаймын. Расында, олардың әрбірінің өзіндік орны бар еді, үйретер тағылымы мол еді. Сондықтан бөле жара атап, алалағым келмейді. Әйткенмен де, менің марқұм Жұматай Сабыржанұлы ағамның орны ерекше-тін. Жазғандары жай оғындай еді, жарықтық! Оның бер жағында алғаш жұмысқа қабылдаған Кенже Қақатайұлының, жөн көрсеткен Жұмагүл Берденқызының, ағалық мол тәлімін үйреткен Жанболат Аупбаевтың, сырлас көкемдей болып кеткен Талғат Батырханның, мүмкіндік ұсынған Мағжан Садыхан мен соңынан еріткен Сайын Есмағилардың есімдерін ерекше атаған болар едім. Оның бер жағында шоқтығы да, талғамы да биік Шархан Қазығұлов ағам бар. Адамшылықтың асқан үлгісін таны­тудан танбаған Ғабит Мүсірептің де өзіндік қолтаңбалары сайрап жа­тыр. Жалпы менің өмір жолымда тек жақсы жандар жолығысты. Сондықтан, олардың әрқайсысының жөні де, жазған-сызғандары да бөлек дер едім.

3.Шынтуайтына келгенде, тап осыны мен жазып едім дейтін тұстарым аса көп емес екен. Газеттің беттеп-қаттау жұмыстарына баса мән бергендіктен де болар. Қолымыздан келгенше қарашаның жағында болғанымыз рас. «Астана ақшамында», «Қазақстан теміржолшысында», «Нұр Астанада» жұмыс істеген кездерімде көптеген мәселені көтеріп, талай дау-дамайдың оң шешілуіне ұжым болып ықпал еттік. Мәселен, «Отыз үйдің ойбайы – отыз бес тонна бидайы» деп келетін ертеректегі мақала есімде қалыпты. Оның бер жағында астамсыған түрік азаматын Қазақстаннан аластату, Астанада алты бұрышты субұрқақты салғызбау, қоқыста қалған хандар ескерткішін қайта жасату, ауру балақайға ақша жинау, кемтар суретшіге көмектесу мәселесінде мен еңбек еткен ұжымдардың белсенділігі ерекше.

4.Қазақ баспасөзі құнды да өткір, сараптамалық материалдардан кенде болып көрген емес. Осы тұста ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Бәрі де жақсы дүние жазып, жазғанымды жұрт оқыса деп еңбектенеді. Ал, тұщымды жазылған дүниенің бәрін бастан-аяқ оқып шығуға пейілдімін.. Төрт аяғын тең басқан мақалалар газет бетінде нөпірлей түсуі үшін қазақ жур­налистикасына әлі де тың ізденістер мен шынайы ширығулар қажет деп ойлаймын.

Төлен ТІЛЕУБАЙ, «Жас қазақ» газетінің Астанадағы өкілдігінің жетекшісі:

1. Менің ойымша, ұлт мүддесін түгендеуге келгенде ең алдымен, қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының күллі қоғамға үн қатып, өз ұстанымын білдіретіні белгілі. Мысалы, «Время» газеті қазақтарды, қазақтілді қауымды масқаралап бірнеше мақалалар жариялады. Міне, соған бірінші болып үн қатып, қарсылық танытқан «Жас қазақ» ұлттық апталығы. Біз бұған дейін бірнеше рет ұлт мүддесіне қатысты өткір мақалалар, журналистік зерт­теулер жарияладық. Мысалға, қазақ-шешен, қазақ-ұйғыр, қазақ-өзбек арасындағы әртүрлі оқиғалар, жанжалдар, Павлодар мен Петропавлдың атауын қазақшалау және т.б. Ал, орыстілді БАҚ-тарға қазақтың мұңы, мүддесі деген керегі жоқ. Сондықтан, ұлт ұпайын түгендеуге келгенде қазақтілді әріптестеріме алғыстан басқа айтарым жоқ.

2. Қазақ журналистика­сында не көп, тұлға көп. Аға буыннан журналистиканың жампоздары Нұртөре Жүсіпті, Бауыржан Омаровты, Аман­тай Шәріпті, Мейірхан Ақдәулетұлын қадір тұтамын. Біздің буыннан Дәурен Қуат пен Талғат Ешенұлын ерекше құрметтеймін. Әрине, басқа да тұлғалар бар.

3. Болды. Мен қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергеновтың әруағын қорлағандар туралы бірнеше мақала жаздым. Ақынның қызы Айнар апайдың тағдырына араша түстім. Сол кездегі Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың өзі мақалаға жа­уап берді. Ал, Астана қалалық білім басқармасы мектептегі оқиғаға орай, директорды қызметінен босатып, ақынның балаларымен бірге еске алу кешін өткізді. Бұдан басқа да адамдардың тағдырына араша түскен кездерім жетерлік.

4. Есімде қалған мақала, сұхбаттар көп. Екеуін атайын. Бірі – «Жас қазақта» жарияланған Ғалым Боқаштың «Дат, тақсыр!» деген мақаласы, екіншісі – рухани ұстазым, әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутайдың «Домбыра өлтіру ойыны» атты сұхбаты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button