Жаңалықтар

Баспасөзде өткен 40 жыл

DSC_2400

Сырт көзге тым қарапайым, ұяң болып көрінгенімен, тілдесе келе, ішкі жан дүниесінің тазалығымен көпшілікті өзіне баурап алатын осы бір ақсары келіншекті Астананың байырғы тұрғындары жақсы біледі. Әсіресе, жергілікті ақын, жазушылар мен журналистерге оның есімі етене жақын. Өйткені, Раушан Досхожина – өмірінің қырық жылын баспасөзбен байланыстырған ардақты да асыл жан. 

Ол – көп шығарманың алғашқы оқырманы. Сиясы кеппеген дүиие­лердің басым бөлігі алдымен Раушан апайдың алдына келіп түсетін. Қаламгерлердің ол кісіні іздейтіні де тегін емес. Себебі кез келген адамның қолмен жазғанын жазбай танитын қазақтілді сауатты терімші ол кезде некен-саяқ еді.
Осы өңірде туып-өсіп, Целиноградтағы №2 кәсіптік-техникалық училищені ойдағыдай тәмамдағаннан кейін ол Ақмола облыстық атқару комитетінің бас­паханасына жұмысқа орналасады. Ол кезде небары он тоғыз жаста еді. Міне, Раушан Досхожинаның да содан бергі өмірі баспасөзбен байланысты.
– Ол кезде баспахананың жұмысы қазіргідей емес, қиын болатын. Бәрін қолмен теретінбіз. Түннің бір уақытына дейін үсті-басым шаң, май болып баспаханада жүретін кездерім есіме түссе, қазіргі жастар қандай бақытты деп ойлаймын. Бүгінде бәрі компьютерлендірілген. Біздің кезіміздегідей емес, қиындық та аз,- дейді Р.Досхожина.
Жұмысына жауапты, өзіне тапсырылған істі тиянақты атқара білетін жас маман көп ұзамай бас­паханадан облыстық партия коми­тетінің органы – бұрынғы «Коммунизм нұры», қазіргі «Арқа ажары» газетінің редакциясына ауыстырылады. Сол тұста бұл жерде О.Әлібеков, М.Хасенов, Ж.Әбдіхалықов, Ж.Жағыпаров, Б.Имашев, Т.Ілдебаев, А.Жұмабеков сынды осы өңірдің кіл мықты журналист-жазушылары жұмыс істейтін. Солардың қолмен жазған дүниелерін машинкада басады. Ол кездегі адамдардың көбінің жазуы да теп-тегіс, келісті еді. Әрине, арасында айбақ-сайбақтары да кездесіп жататын. Соған қарамастан, Раушан апай бәрін де тап-тұйнақтай етіп, тық еткізіп басып береді. Тіпті, кейде үйлеспеген сөйлемдерді өзі жөндеп жіберген кездері де аз емес. Ондайда газеттің жауапты хатшысы болған Бәдуән аға «Біздің Раушан бәрін біледі» деп арқасынан қағып қоятын.
Облыс орталығы Көкшетауға көшіріліп, «Арқа ажары» сол жерден шығатын болған тұста отбасы жағдайымен Астанада қалып қойды. Кейін елорданың республикаға таралатын «Астана ақшамы» газетіне оператор-теруші болып жұмысқа орналасқан ол мұнда да өзінің ұқып­тылығымен, тиянақтылығымен ерекшеленді.
Ғұмырының барлық мағыналы жылдарын баспасөз саласына арнаған Раушан апайды сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан бастап білемін. Содан бері, міне, ширек ғасырдан асып барады. Апаймен қызметтес болған жылдарда ол кісінің артық сөйлемейтіндігін, өз жұмысына мығым, бөтен мінезінің жоқ екенін байқадым. Қандай шаруаға болмасын тап-тұйнақтай. Жинақылықты қатты ұнатады. Сол қасиетінен әлі де танбай келеді. Ешкімнің ала жібін аттамады. Адал еңбек етті. Арамдықтан ада, достыққа адал, жұмысты жанымен атқаратын Раушан апайды әріптестері де ерекше құрмет тұтады. Себебі, ол кез келген тақырыпты иіріп әкетеді. Көпшіл, жиын-тойдың көркі, қоңыр дауысымен сызылтып ән салғанда тамсанып, таңдай қақпайтындар кемде-кем.
– Адалдықты анамнан үйрендім, – дейді апай. – Бір мекемеде осынша уақыт еңбек етіп отырғаным да анамның тәрбиесінің арқасы деп ойлаймын. Ешқашан дүние қуған жоқпын, баюды, зәулім сарай салғызуды мұрат тұтпадым. Қарапайым тіршілігіме тәубе деп, ақ нанымды адал жеуді бақыт санадым. Атамыз Қожа, діни сауатты кісі болған екен. Сол кісінің имани уағыздарын естіп өскендіктен болар, жастайымыздан қарапайымдылық, адалдық, еңбекқорлық, мейірімділік деген сөздер санамда жатталып қалды.
Бір салада табан аудармастан қырық жыл еңбек етсе де, ол кісі шаршадым, қажыдым деп көрген жан емес. Керісінше, жастарды жігерлендіріп, армандарын асқақ­татып, қанаттандырып отырады. Сол үшін редакцияның үлкені де, жасы да оны ерекше жақсы көреді. Осы жылдар аралығында сегіз бас редактормен қызметтес болып, олардың бірде-бірімен шәй деспей, қоян-қолтық жұмыс істеуі де сол қасиетінің арқасында болса керек.
Өмірлік жары екеуі Айнұр, Роза есімді қыздар өсірді. Бүгінде әже атанып, немересінің қызығына кенеліп отырған апайдың әлі талай туындыға тұңғыш оқырман атанары анық. Тек, Алла қуат берсін дейік.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button