Басқа бәле – тілден
Facebook – басқа әлеуметтік желілермен салыстырғанда өте ықпалды, қазақ қоғамының айтары бар, қызыл сөзге таласы бар «белсенділердің» басын құрайтын желі десек артық айтпағанымыз. Аталмыш әлемжелінің қазақстандық сегментіндегі трендсеттер ағылшынша, «Trendsetter», яғни трендті бастайтындар, пікірді қалыптастыратындар, қазақша айтқанда, «аузы дуалылар» осында отырады.
Осы ортаға түскен жаңалық жерде жатпайды, бірінен бірі іліп әкетіп, кейде түймедей нәрсені түйедей етіп, кейде болмайтын нәрсені тоқтамас дауға айналдыратыны да бар.
Айтарым бар деушілердің мәлімдемелері де осы желіде тарап жатады. Бұларды блогер деп те атап жүр, ол да дұрыс, не болғанда да айтары анықталған, айналасына сөзін қолдайтындарын жинап, өз саласында танымал біршама жетістіктерге жеткен, қоғамда орны да барлар да осы көшті алға бастап келеді. Басқа жұрт соның аузына қарайды.
Қарап отырсаңыз, жай өмірде аузынан ақ ит кіріп көк ит шығып жататындардан түңіліп-ақ кетесіз. Айтылған жерде қалсын дерсіз, енді солар мына әлемде мен де бармын деген көкірегін таудай етіп, сол арқылы әлемге танылуда. Мен бармын деген астамшылдығын білдіретіндер бір адамның емес, көптеген жұрттың санасын улап жатқанын біле ме екен?! Көпшілікті аузына қаратқысы келгендер тайынар емес.
Біреу аттан жығылса, немесе сүрініп кетсе айызы қанғанша, қаралайтындар барша адам баласына өшпенділік уытын шашып жатқанын түсінбейтін болар. Ғылымда оны «өшпенділік тілі» (hate speech) деп атайды. Өшпенділік тілі – нақты бір адамды немесе топты кемсітіп, жәбірлейтін, қорлайтын, ауыр сөзді айтады. Адамның шығу тегіне, діні мен әлеуметтік дәрежесіне, адами болмысының ерекшеліктеріне қарай бағытталады.
Басқа да әлем желілердің ішінде өшпенділік туғызып, жақыныңды жат қылатын ауыр сөздер тек ФБ қолданылады. Оның себебін де түсінбедім. Бірақ шындық – осы. Кісінің кісіге өшпенділігі, бір-біріне жауығып қарауы бір сәтте пайда болмайды. Мысқалдап кірген дерттей, әрбір айтылған сөзбен бірге санамыз уланып, жүрекке салмақ түсіреді. Бара бара адамның көзі қарайып, мен жақсымын, сен жамансың дегендей пікірі қалыптасады. Содан өзгенің әрекетін айыптап, бүкіл қауымды бір-біріне қарсы қоюға жеткізетін де осы тіл болмақ.
Қазақ тілінің маманы Алмагүл Алтаева өзінің бір зерттеуінде өшпенділік тудыратын сөздердің тізімін жасапты. «Аққұлақ, орыс оңбаған, қара қытай, маңқа қазақ, қаңғыған сарт, келімсектер, қара қытай, сәләфит, қысқа балақ, қаба сақал, сәләф, кәпір, тексіз, қысық көз, негретоз, пәренжі кигендер, қаңғыған өзбек, сатқын қырғыз, сасық кәріс, қаңғыған қырғыз, орлик, сатқын оралман, отанын сатқандар, жалқау қазақтар, пысықай оралман, моңғол, қалпақ, түк көрмеген, жыланның аяғын көрген, жұмыртқадан жүн қырыққан, қалмақ, тілсіз, дінсіз, тексіз, орысқұл, құлдық сана, құлдар, мамбет, қысық көз, табақ бет, сыған, қайыршылар, тәжік… Бұл бер жағы ғана. Қарап отырсаңыз, осы сөздерді қолданып жүргендер – қазақтың сөзі сүйектен өтеді деген даналығын ұмытып, өзі ұялмаған кісінің бетін қан-жоса қылып жүргендер. Адамды алалап, этникалық, діни топтарды балағаттау, келемеждеу, олардың «өзгелігіне» баса назар аударту арқылы жирендіріп, стереотиптер таңу арқылы өшпенділік өртін өршітпек.
Бөлінгенді бөрі жейді, «біз және олар», «біздікі және өзге» деп бөлу, бірін-біріне қарсы қою – тек мәдениеттің аздығы ғана емес, жақсылыққа апармайтын құбылыс.
Тағы да мамандардың пікірін тыңдасақ, өшпенділік тілінің жиі қолданылуының алғы шарттары кеңестік дәуірдің жарақаттарымен байланыстырады. Ұлттық идентификация процесінің аяқталмауы, ескі жараның ашылып, жанжалдардың жаңғырығы, олардың интерпретациясы, құқықтық институттың да қаперсіз отыруы, ксенофобиялық насихат та адамдардың жүрегінде өшпенділік отын маздатып отыр.
Оның салдары қандай деген сұраққа дискриминация, репрессиялар, ашық жанжалдар, қоғамның жіктелуі, сенімсіздіктің артуына алып келіп, қоғамда үрейлер туғызады деп айтылуда.
Не болса да аурудың алдын алған жөн, аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің керін келтірмей, әлеуметтік желілерді өшпенділікке толтырмай, адамдар мен ұлттардың арасын ашып, адамшылықтан тайдыратын әдеттен арылайық.
Ақпараттық сауаттылықты нығайту, өшпенділік сөздерінің түпкі себептерін жою, сөз бостандығының халықаралық стандарттарын ілгерілету арқылы мәдениетімізді көтеру, әлеуметтік желіде айтылған сөздің жазасы барын түсіну міндеті тұр.
Бұл өзі нәзік мәселердің біріне айналғалы қашан, елдің бәрінің екі елі ерніне бес елі қақпақ қоя алмайсыз. Олардың сөзін «реттеу» мәселесі кез келген демократиялық мемлекетте ең даулы мәселелердің бірі болып табылады. Дегенмен қоғамда араздық пен өшпенділік тудыратын, жеке адамның басын қорлап, жала жабудан сақтайтын құқықтық тәртібі орнап, оның қолданылатын шегін анықтаған кезде ғана сөз қадіріне жететін болармыз.
Айгүл УАЙС