Басты ақпарат

Басқармалар қаржыны қайда жұмсайды?

Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының әртүрлі жұмыстарына елорданың 2022 жылдың бюджетінен қосымша 18 млрд теңгеден астам қаржы керек. Бас қала мәслихатының құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында бұл туралы аталмыш басқарманың басшысы Төлеген ­Құлышев баяндады. Биылғы бюджетті нақтылауға арналған жиында шаһар шаруашылығына жауапты, қала тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да басқармалардың бюджеті талқыланды.

[smartslider3 slider=2704]

ШАҢҒЫ БАЗАСЫ САЛЫНА МА?

Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан ­Ұранхаев басқарма жұмыстарын қаржыландыру үшін осы жылы қосымша 1 млрд 270 млн теңге керектігін жеткізді. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарын әзірлеуді аяқтауға қосымша қаржы керек екенін айтты.

– Мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия­сының отырысында шаңғы және ескек есу базаларын салу мәселесін талқылағанбыз. Нысандарды салудың шығындарын қазір Дене шынықтыру және спорт, Құрылыс басқармалары есептеп жатыр. Ал Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы шаңғы базасын орналастыру мәселесін шешу керек. Себебі қазір шаңғышыларымыз саябақтағы жертөледе отыр. Есу арнасы осы күндері ескек есуге пайдаланылмайды. Өйткені су тартылып қалды. Қысымыз ұзақ, 7-8 айға кетеді. Соған қарамастан-ақ Олимпиадада медальсіз қаламыз. Неге? Себебі шаңғышыларды жертөлеге отырғызып қойдық. Шаңғы базасын салудың құны әрі кетсе 150-200 миллион теңге болады. Біз бұдан да көп қаржыны болмашы жұмыстарға жұмсап жатамыз. Шаңғышыларға 30-40 сотық жетеді деп ойлаймын. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасынан тиісті ұсыныстар беруді сұраймын. Бәлкім, жағажай тұжырымдамасын өзгерту керек шығар, – деді мәслихат депутаты Владислав Сергеев.

ЖАҢА ЖАТАҚХАНА БОЙ КӨТЕРЕДІ

Мәслихат депутаты ­Гүл­жамал Жапарова Бөгенбай батыр даңғылы, 43/1, 43/2 мекенжайлары тұрғындары шағымданғанын айтып, Нұрлан Ұранхаевқа сауал қойды.

– Тұрғындар осы үйлердің маңайындағы политехникалық колледждің жатақханасы сүріліп жатқанын жеткізді. Бастап­қыда оның орнына шағын бақ бой көтеретіні туралы ақпарат таралды. Бірақ қазір жатақхананың жаңа ғимараты салынады деген хабар тарап жатыр. Жанындағы үйлердің салынғанына 50 жылдан асты. Тұрғындар жатақхананың қадалары қағыла бастағанда үйлерде жарықшақтар пайда бола ма деп алаңдап отыр. Осы мәселені түсіндіріңізші, – деді депутат.

Бұл сауалға мәслихат отырысына арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Есет Байкен жауап берді.

– 2019 жылы колледж жатақханасына күрделі жөндеу жүргізіледі деп шешілді. Бірақ зерттеу кезінде ғимарат апатты болып танылды. Тиісті техникалық қорытынды бар. Жатақхананы сүруге бюджеттен қаржы бөлінді. Жұмыс орындалды. Оның орнына жаңа жатақхананың сегіз қабаттан тұратын ғимаратының жобасы жасалып жатыр. Студенттер жатақханаларының тапшылығын білесіздер, политехникалық колледжге жатақхана керек. Сарыарқа ауданы тұрғындарына қазір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол маңайға шағын бақ салынбайды, – деді Есет Байкен.

ШЕТКІ АЙМАҚТАРДА – ШАҒЫН БАҚТАР

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы бюджетінің биылғы қосымша қажеттілігі 5,9 млрд теңгені құрап отыр. Мұны баяндаған басқарма басшысы Әлия Қожабаева бұл қаржы сынап шамдарына арналған контейнерлерді, темір контейнерлерді сатып алуға, басқа да жұмыстарға керектігін жеткізді. Атап айтқанда, 635 млн теңге жасыл белдеудегі жасыл желекті қорғауға арналған өрт сөндіру-химиялық станса құрылысына қажет. Сондай-ақ қосымша қаржы жалпы ұзындығы 79,6 шақырымды құрайтын веложолдардың екінші кезегін салуға, Сарыарқа ауданында Ш.Айтматов, С409 (Ырыскелді қажы мешітінің маңайы) көшелері қиылысында шағын бақ құрылысына керек. Сонымен қатар Есіл ауданындағы «Ильинка» тұрғын алабындағы Доспамбет жырау мен Айғыржал көшелері қиылысында және Ә.Қашаубаев пен Жанқожа батыр көшелері қиылысында, «Интернациональный» тұрғын алабының №135 көше маңайында, Пушкин көшесі, 8 мекенжайында синагога аумағында, «Железнодорожный» тұрғын алабының Иманақ көшесінде, №187 көшенің 20, 20/1 үйлері жанында, Байқоңыр ауданындағы А.Иманов көшесі, 32, 34, 36 үйлер аумағында, Абай даңғылы, 99, 101, 103 үйлері маңайында, Ж.Тәшенев пен Т.Хусейн көшелері қиылысында, Сарыарқа ауданындағы А.Кенжин, А.Үлімжіұлы, Дайрабай, М.Мөңкеұлы көшелері айналасында, Бөгенбай батыр даңғылы мен Жамбыл көшесі қиылысында шағын бақтар салынуы тиіс. Оған да қосымша қаржы керек.

Есіл ауданында «Тельман» тұрғын алабында саябақ, Еңбекшілдер, 6, Мәңгілік ел даңғылы 20, 20/1, 20/2 мекенжайларында, Ә.Бөкейхан мен Орынбор көшелері қиылысында шағын бақтар салынбақ. Бұл нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының үшінші ұяшығын салу үшін техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге қосымша қаржы керек.

– Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының бірінші ұяшығы толып кетті. Екінші ұяшық екі жылда толады деп болжап отырмыз. Сондықтан үшінші ұяшықты салуымыз керек. Оған жер телімі бөлінді. 5 шағын бақты салуға қаржы бөлінді. Биыл тағы 11 шағын бақ құрылысын бастамақпыз, – деді Әлия Қожабаева.

ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ ЖАЛҒАСАДЫ

Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев осы басқарманың бюджеті 49 млрд теңгені құрап отырғанын айта келе, Қаржы министрлігіне қосымша 25,5 млрд теңгеге сұраныс жібергендерін жеткізді. Бұл сұранысты министрлік мақұлдады. Қосымша қаржы биылғы маусым айының басында түсуі керек. Осы 25,5 миллиардтың 5 миллиарды тұрғын алаптарды дамытуға бағытталмақ. Соның басым бөлігі Алматы ауданындағы тұрғын алаптарға жұмсалмақ.

– Жергілікті бюджеттен 32 миллиард теңгені қосымша бөлуді сұраймыз. Әрине, бұл қомақты қаржы екенін түсінемін. Соның ішінде 6,3 миллиарды жолдарды орташа жөндеуге, 15,8 миллиарды жолаушылар тасымалын субсидиялауға, 3,9 миллиард теңге интеллектуалды көлік жүйесіне керек. Атап айтқанда, жаңа 57 бағдаршам нысанын салуға қажет, – деген Ж.Сапарбаев басқа да қажеттіліктерді атап өтті.

Қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев «Мичурин», «Достық», «Оңтүстік шығыс» тұрғын алаптарының жолдарын жөндеуге қаржы бөлінетіні қуантатынын айтып, «Агроқалашық» тұрғын алабындағы М.Дулатов көшесінің жолдарына да көңіл бөлу керектігін жеткізді.

– Өткенде бүкіл автопарк­тердің басшыларымен кездес­тік. Субсидиялау бойынша мәселелер жоқ, толығымен қолдаймыз. Бірақ кондукторларды қайтару керек, себебі билетсіз жүретін жолаушылар өте көп. Қазір әкімшілік хаттамаларды толтыратын екі учаскелік инспекторды бөлу ұсынылып жатыр. Жарайды, әр ауданға 3-5 инспектордан бекітейік. Алайда мұнымен мәселе шешілмейді. Автопарктер кондукторларды өз есептерінен қайтарулары керек. Біз одан да кемі 200 жаңа автобусты сатып алуды қолдайық, – деді қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.

Мәслихат депутаты Талғат Қожахметов былтыр 65 көшені жөндеу жоспарланып, нақты 107 көше жөнделгенін атап өтіп, жоспар асыра орындалғаны үшін жауапты басқарманы мақтады.

– Бірақ кейбір көшелерде содан кейін жарықшақтар пайда болды. Мердігерлер жолдарды қалпына келтіре ме?, – деп сұрады депутат. Ж.Сапарбаев сапаға кепілдік берген мердігерлер есебінен қайта жөнделетінін жеткізді.

 ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ АРТА МА?

Құрылыс басқармасының басшысы Әрсен Жанғасқанов басқармаға 49 млрд теңге бөлінгенін, енді қосымша 20 млрд теңге керектігін айтты. Бұл қаржы «Көктал» және «Үркер» тұрғын алаптарындағы өрт сөндіру деполарының құрылысын аяқтауға, жаңа мектептер құрылысын бастап, басталғандарын аяқтап, пайдалануға беруге қажет.

– Қосымша 12 миллион теңге 20 мектепті жобалауға керек. Қолдауларыңызды сұраймын. Соның ішінде «Үркер» тұрғын алабында Исатай батыр көшесіндегі мектептің құрылысына ерекше назар аударғым келеді. Оған жер телімі бөлінді. Бұл мектеп жобасы алдында жасалды. Бірақ ескіріп қалды. Ал заңнамаға сәйкес ескірген жобаны қайтадан әзірлеу керек. Биыл жобалауды бастап, аяқтасақ деп отырмыз. Бәрі дұрыс болса, келесі жылы мектеп құрылысын бастаймыз, – деді Ә.Жанғасқанов.

Ол денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен жаңғыр­тылуына да тоқталды. Соның ішінде №1 емхана бар. Осы нысанды жобалауда шикіліктер анықталды. Сондықтан жобаға түзету енгізу керек. Атап айт­қанда, лифт салынуы қажет. Көппәтерлі тұрғын үйлер мен олардың инженерлік желілерінің құрылысы да жоспарланған. «Бозоқ» ұлттық паркін жобалауды аяқтауға қосымша 46 млн теңге керек. «Мәңгілік ел» салтанат қақпасын жаңғырту да қажет етіп тұр.

– Спорт нысандарын дамытуға 2022 жылы 29,7 миллион теңге бөлінді. Атап айтқанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлы стадионы апатты жағдайда. Оны сүруге 477 миллион теңге қажет. Шеткі аймақтарда спорттық нысандарды салу жоспарланып отыр. «Ильинка» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып, бірақ аяқталмады. Биыл оны аяқтауымыз керек. Қарағанды тас жолы бойында «Дәрігерлер үйі» деген нысан бар. Оның құрылысының тоқтап қалғанына үшінші жылға кетті. Негізгі құрылыс аяқталды. Оған инженерлік инфрақұрылымды тарта алмай отырмыз. Соның ішінде жылу тартылуы керек, – деді Ә.Жанғасқанов.

Оның айтуынша, жұмыс істейтін жастарға баспана сатып алуға да қосымша қаржы қажет. Бұл жерде уақыт ұтқан маңызды. Себебі тұрғын үйлер қымбаттап кетуі мүмкін.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов пен Тұрғын үй және тұрғын үй инспекция­сы басқармасының басшысы Әнуар Саипов баяндамалары да тыңдалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button