Басты ақпарат

Басшының жұмысына халық баға береді

Елорданың экс-әкімі Бақыт Сұлтанов­тың фейсбуктегі кешегі жазбасынан: «Егер де Сіздердің көңілдеріңізден шықпаған бірдеңе істесем, бәріңізден кешірім сұраймын!» деп ағынан жарылғанын оқыдым. Кісілігі мен кішілігі бар адам ғана кешірім сұрай алады. Әйт­песе, біздің шікірейген шенеуніктерден мұндай кісілік күту қиын-ақ. Әрине, бәріне бірдей күйе жақпаймын. Қош делік.

Бақыт Сұлтанов бас қала басшысының орынтағында тура 9 ай отырыпты. Тоғыз ай тоғыз күндей зымырап өте шықты. Ол туралы өзі де: «Тура 9 ай көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Анасы құрсағындағы баласын 9 ай көтереді. Мен болсам бұл уақыт ішінде қала шаруашылығының қым-қуыт тірлігін өз көзіммен көрдім. 20 жылдан аса уақыт осы жерде тұрсам да, әкім болғанымша төр қалада тұратын және оған ба­қуатты тұрмыс іздеп келетін адамдардың тағдыр-тала­йының, үкілі үмітінің әралуандығын түсіндім» деп жан-жүрегінің түкпіріндегі сырларымен бөлісіпті.
Өзі жазғандай, 9 айда күндіз күлкі, түнде ұйқы көрсетпеген толғақты мәселелер аз болған жоқ. Алданған үлескерлердің зары, көпбалалы аналардың айқайы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың мұң-мұқтажы деп тізбектеліп кете береді. Бақыт Тұрлыханұлы осынау түйткілді мәселелердің түп-тамырына үңіліп, оны шешудің және болашақта болдырмаудың жолдарын асықпай ойластырды. Өйт­кені бір мәселені толық шешу үшін барлық деңгейдегі биліктің бұтақтары бірге әрекет етуі тиіс. Әйтпесе, құр айтылған құрғақ сөз қоңылтақ күйінде қала береді. Ал жылдар бойы қордаланған мәселе бар кездері қоғамның тыныштығы мен берекесін кетіруі әбден мүмкін. Сол себептен Бақыт Сұлтанов биліктің қолынан келетін бар тетігін іске қосты. Кей кездері жұрт күтпеген шешімдерді де қабылдады. Оның нәтижесі қалай болғанын қарапайым қарашаның өзі бағалайтыны сөзсіз.


Турасын айтсақ, Сұлтанов өзіне дейінгі Исекешевтің істеген ізгілікті істерін сә­тімен жалғастырды. Өзі бесаспап экономист бол­ғандықтан, экономикалық өсімге көбірек көңіл бөлді. Содан шығар, өткен 9 айдағы көрсеткіштер көз қуан­тарлық. Өнеркәсіптегі өсім 112,1 пайызды, соның ішінде өнім өңдеуші өнеркәсіптегі көрсеткіш 111,2 пайызды құрады. Елорда еліміз бойынша жаңа үй салудан көш басында келеді. 2019 жылдың басынан 762 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген.
Бас қаламыздың өзге қалалардан бір айырмашылығы, өзін-өзі асырайтын экономикасы бар, ішкі өңірлік өнімнің 55,5 пайызы кәсіпкерлік сектордың есебінен қалыптасады. 9 айда жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 23,3 пайызға ұлғайды. Бір қуа­нарлығы, елорданың әрбір үшінші тұрғыны жеке кәсібімен айналысады. Бюджетке түсетін салық түсімдерінің жартысына жуығы шағын және орта бизнестің салығынан құралады. Демек, шағын және орта бизнестің барлық көрсеткіштері бойынша Нұр-Сұлтан өзге қалаларды шаңына да ілестірмей келеді. Бұл қалада сауда-саттықты дамыту тренді қалыптасты.


Еңбек нарығындағы ­ахуал да тұрақты. Еліміз бо­йынша жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткіші біздікі – 4,5 пайыз. Өткен 9 айда экономиканың нақты секторында 7560 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде 7136-сы – тұрақты, 424-і – уақытша жұмыс орындары. Айтпақшы, 94 пайызы шағын және орта бизнес саласында ашылған. Жыл басынан бері бас қаладағы орташа айлық номиналды жалақы көлемі 4,4 пайызға өсіп, 233,5 мың теңгені құрады. Жан басына шаққанда орташа номиналды ақшалай табыс көлемі де 0,8 пайызға ұлғайып, 155,5 мың теңгені құрады.
Соңғы айларда елордада көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың мәселесінің ушығып кеткені рас. Жергілікті билік қол қусырып қарап отырмады. Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында 13 түрлі жаңа іс-шаралар кешенін жүзеге асырды. Бұл мақсатқа қала бюджетінен қосымша 1,3 млрд теңге қаражат бөлінді. Атаулы әлеуметтік көмекке және 966 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен қосымша 8,6 млрд теңге бөлінді. Бұлардың бәрі әлеуметтік мәселелерді рет-ретімен, жүйелі түрде шешуге жол ашып берді. Әрине, бұл жұмысты жоспарлау, іске асыру, қадағалау және нәтижесін білу елорда әкімінің құзырында болғаны анық. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік кикілжіңдердің, күр­меуі қиын мәселелердің бел ортасында жүрген әкімнің өзі мол тәжірибе жинады. Қарапайым халықтың мұң-­зарын өз көзімен көріп, құлағымен естіп, оны қа­лай жеңілдетудің жолдарын іздестірді. Ал істің қа­лай нәтижелі болғанына халықтың өзі баға береді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button