Айтпайын-ақ деп едім!

Бастан аттау – дәстүрден аттау

Жақында «Қазақстан барысы-2024» додасы өз мәресіне жетіп, Ерасыл Қажыбаев турнирдің жеңімпазы атанды. Дегенмен финалдағы белдесуде Ерсұлтан Мұзаппаровты алып соққан Ерасыл қарсыласының басынан аттап кетіп, қазақы дәстүрге оғаш қылық көрсетті.

Қазақ үшін егескен адамның сақалын кесіп, басынан аттап кетуден үлкен қорлау жоқ. Сосын да сүйекке таңба болатын мұндай әрекетке барудан аса сақ болған. Жарысқа түскен балуанның жығылған балуанның басынан аттап кетуі тек сол азаматты ғана емес, ол балуанның елін, руының намысын таптау деп саналған. Осы оғаш қылықтың кесірінен екі рулы ел жауласуға де­йін барған жағдай да болған.

Екі рулы елдің арасында егес болған кезде немесе екі балуанның бірі екіншісін алымсынбай, қор санап, намысына тиген кезде есе қайтарып, десін жығу үшін басынан әдейі аттаған. Яғни ол жаулыққа, араздыққа апаратын қадам болатын. Тарихи деректерде мұндай жағдай жауласқан моңғол мен қазақтың балуандары күрескен кезде көбірек болғаны айтылады. Ал қазақ балуандары өзара күрескен кезде жыққаны жығылғанын қолынан тартып тұрғызып, құшақтап татулық танытқан. Күрескенде жығылып, есесі кеткен қарсыласын табалап, намысына тимеген. «Жығылсаң жер көтерді» деп жығылған жігітті бірер жеңілісіне бола жасытпаған. Бізді қазақы қасиеттен бастау алатын қазақ күресінің осы жол-жосыны ескерілмей, ұлттық болмысымыз­ға жат оғаш қылықтарға шектеу қо­йылмай жатқаны қынжылтады. Шын мәнінде, біз қазақ күресін әлемге насихаттаймыз десек, оның жоғарыдағыдай «жол-жосынын» да назардан қағыс қалдырмағанымыз жөн.

Жалпы «аттау» сөзінің мағынасын алып қарасақ та, біреудің басынан аттаудың дұрыс емес екені бірден аңғарылады. Әрине, «аттау» сөзі жақсы және жағымсыз мағынада жұмсалады десек те, біздің пайымымызша, бұл сөз келеңсіз жағдайға көбірек қолданатын секілді. Мәселен, халқымызда әдептен аттау, дәмнен аттап кету, сыйластықтан аттап кету деген сөздердің мағынасына үңілсек, аттап кетудің көп жағдайда адамға абырой әпермейтінін байқаймыз. Қазақтың ты­йымдарында да ала жіптен аттама, оттан аттама, ер-тұрманнан аттама, адамнан аттама, киімнен, бас киімнен аттама деген тыйымдар көп. Біле білсек, қазақ біреудің басынан аттамақ түгіл, бас киімнен аттап кетудің өзін оғаш санаған. Былайша айтқанда, «басынан аттама» деген сөз қазақ ұғымындағы «адамды айналма» деген тыйыммен бірдей деңгейде. Бірақ осы бастан аттаудың мәнін жаңсақ түсініп жүрген азаматтар жоқ емес, тіпті оған «күш алудың жолы» деп қарайтындар бар екен. Мәселен, «Қазақтың балуандық өнері» кітабында Елемес Әлімханов: «Бастан аттау» – қазақ халқының көне ырымдарының бірі. Негізгі мағынасы – бір адамның екінші адамның басынан аттау арқылы «күш» алуы, бұл түсінік бойынша жеңілген адамның «күші» жеңген адамға өтеді дейді. Рас, қазақта бастан аттау дәстүрі болған, бірақ ол күш алу мақсатында емес, егес үшін жасалатын қадам екенінде талас жоқ. Бұл жөнінде жазушы, тарихшы, ғалым, көпті көрген ақсақал Қойшығара Салғараұлы былай деді: «Қазақта бастан аттап кету дәстүрі болған. Бірақ спорттағы жеңіс-жеңіліс кезінде емес, жау жақтың балуанымен немесе қайшылығы бар екі рудың балуаны күрескен кезде егес үшін, қарсы жақты мұқалту үшін, қорлау үшін басынан аттап кеткен. Ал жайшылықта қазақ балуандары күрескенде жыққаны жығылғанын сүйеп тұрғызып, құшақтасып айырылысқан. Қазір бір нәрсенің байыбына бармай, әркім әртүрлі айта беретін болды. Мен де мұны үлкендерден естідім, мен жықтым екен деп біреудің басынан аттап кеткен қазақты бүгінге дейін көрген жоқпын». Біздің де айтпағымыз осы, өзге елдің күрес түрлерінде мұндайға тыйым жоқ болғанмен, ұлттың дәстүрін дәріптейтін қазақ күресінде біреудің басынан аттау дәстүрден де аттау екенін балуандарымыз ескерген жөн.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button