Басты ақпарат

Бастауышта шет тілін оқыту тиімді ме?

[smartslider3 slider=3075]

 

Бастауыш сынып оқушыларына үш тілде білім беру мәселесі қоғамда аз талқыланып жүрген жоқ. Қанша қарсы пікірлер айтылғанымен, жақында министрлік шешім қабылдады. Сөйтіп биыл 1 қыркүйектен бастап орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтқан болатын.  «Зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл – тиімсіз. Біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады.

[smartslider3 slider=3296]

 

Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады» деп түсіндірді министр. Қалай десек те, ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа экономиканың тілі. Себебі 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әлем бойынша 1,5 миллиард адам ағылшын тілінде сөйлейді. Экономикалық ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің жартысы ағылшын тілін бастауыш мектептің бағдарламасына енгізген. Басқалары 6-7 сыныптан бастап оқыта бастайды. Соның нәтижесінде, еуропалықтардың 54 пайызы кем дегенде бір шет тілін, 25 пайызы екі шет тілін білсе, 10 пайызы үш тілде еркін сөйлейді. English First рейтинг агенттігінің мәліметінше, ағылшын тілін білетін халықтың кіріс көзі өсіп, жұмыссыз жастардың саны аз болады екен. Бұл дегеніңіз – ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогрес­ке жете алмайды деген сөз. Ал орыс тілінің оқытылуына қоғам қайраткерлері «қажеттілік жоқ» деп қарсылық білдірді.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты:

5-сыныптан бастау керек

– Әлемдік банк зерттеуі бойынша елдегі оқушылардың 1 пайызы ғана сапалы білім алып жатыр. Оқушыларымыздың басым бөлігінің таңдау жасау мүмкіндігі жоқ. Олар, негізінен, екі не үш ауысымдық мектептерде білім алып жатыр. Қазақстаннан басқа әлемнің бірде-бір елінде кішкентай баланы үш тілде оқытпайды. Министр бірінші сыныптан шет тілін алып тастайтынын айтыпты. Екінші сыныпта орыс тілін, үшінші сыныптан бастап ағылшын тілін қосамыз деп отыр. Бұл жартыкеш шешілген дүние секілді. Үштілділікті бастауыш сыныптардан алып тастау қажет. Әлемдегі ең мықты отыз елдің ішінде бұл екі тіл бірінші сыныпта тек екі мемлекетте, екінші сыныпта – бес, ал төртінші сыныпта – 12 мемлекетте оқытылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет тілін оқытуды ата-аналардың қалауы бойынша бесінші сыныптан бастаған дұрыс және тиімді деген пікір білдірді. Ең тиімді шешім – шет тілін оқытуды бесінші сыныптан бастаған абзал. Әрі баланың оқып-үйренуіне де мүмкіндік туады. Мектеп партасына жаңадан отырған әлі әріп білмейтін кішкентай балаға тіл үйретемін деу – бекершілік.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі көп реформаланған сала – білім беру саласы болды. Тек соңғы 5 жылда «Білім туралы» заңға 29 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, ал мемлекеттік білім беру стандарты 2000 жылдан 2017 жылға дейін 7 рет өзгерді. Сонымен қатар бұл өзгерістерден тек кітап баспалары ғана пайда көрген шығар, ал балалар тек тәжірибе нысанына айналып отыр. Ал дамыған елдерде, мысалы, Жапонияда мемлекеттік стандарт бірнеше жыл талқыланып, соңғы рет 2010 жылы өзгертілген.

Швейцарияның атақты философы Жан Вильям Фринц Пиаже: «бала 6-7 жасында өзінің қай ұлтқа жататынын сезіне бастайды. 8-9 жасында ана тілін, туған жерін, елін біледі. 10-11 жасында ол өзін сол ұлттың өкілі ретінде сезінеді. Ал ұлттық сана-сезім мен белгілі бір ұлттың өкілі екендігін 10-11 жасында толық ұғады және сол ұлттың өкілі болып қалыптасады» деген еді. Ал Жапонияда бесінші сыныпқа дейін балалар тек қана жапон тілінде оқиды. Одан кейін ғана барып, ағылшын немесе өзге тілді оқыту жүзеге аса бастайды. Демек, бесінші сыныпқа дейін өзінің ана тілінде оқыған бала өмір бойы өз тілін ұмытпайды. Бізге де жапондық осы дәстүрді енгізсе, еш артығы жоқ.

Аятжан АХМЕТЖАН, Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директоры, PhD докторы:

Орыс тіліне қажеттілік қандай?

Біз бұл үштілділік реформасы басталған кезде қарсы болдық. Қаншама рет кездесуде айттық, талқыладық, мақала жаздық. Бірақ жағдай 5 жыл өткен соң ғана реттеліп, қателік екенін енді түсініп жатырмыз. Оған да «ештен кеш жақсы» деп қуанамыз. Жалпы, бірінші сыныптың баласына үш тілді меңгеру мүмкін емес. Бұл қалыптан тыс салмақ болады. Қазіргі жағдайда «бір жылда – бір тіл» деген ұстаным қолданылмақ. Бұл бұрынғыдан жақсы, дегенмен керемет ұсыныс деп айтпас едім. Менің ойымша, екі тілді де 4-5-сыныпқа дейін шегіндіруге болатын еді. Тым болмағанда біреуін 3-сыныпқа, екіншісін 5-сыныптан бастап оқытуға болатын еді. Бірақ Тіл туралы Заңда, Конституцияда орыс тілінің статусы бар. Соған байланысты орыс тілін алып тастау орыс сыныбындағы қазақ тілін шегерумен сәйкес келіп тұрғандықтан, министрлік бұл қадамға бара алмады деп ойлаймын. Тіпті орыс тілін мектеп көлемінен де алып тастауға болады. Өйткені ешқандай халықаралық статусы жоқ. Қазір барлық ақпарат құралдары, ғылыми база ағылшын тілінде жарияланады. Орыс тіліне деген қажеттілік жоқ. Бірақ мемлекетте статусы бар тіл болғасын амал жоқ, қосып отыр деп ойлаймын.

Анар ФАЗЫЛЖАН, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директоры:

Бәрі араласса, балаға қиын

– Көптілді білім беру жүйесінің моделін таңдағанда өз тілімізге нұқсан келтіріп алмаймыз ба деген мәселені мұқият ойлану керек. Себебі біздің тіліміздің ахуалын Қазақстандағы білім беру жүйесіне енгізбекші болып отырған қазіргі көптілділік компонентіндегі орыс тілінің, ағылшын тілінің ахуалымен салыстырсақ, олардан әлдеқайда тиімсіз позицияда тұрғанын көреміз. Мысалы, Еуропада мынадай принцип бар. Балаға екі тілді үйрету үшін «бір ата-ана – бір тіл» деген ұстаным бар. Әуелі әкесі баламен кішкене кезінен бастап тек қана ағылшын тілінде, ал анасы француз тілінде ғана сөйлеседі. Сөйтіп, бала шатаспайды. Ал біздің әлеуметтік ортада мұндай әдісті жаппай қолдану қиын. Бала мектеп, балабақшада жүйесіз түрде екі, тіпті үш тілді арнайы жүйелі түрдегі «күштеп» үйретудің құрбаны болады. Оның қатпаған санасына дүние туралы түсінік біресе өз ана тілінің, біресе дыбыстық-интонациялық жүйесі мүлде бөлек орыс не ағылшын тілінің каналы арқылы келіп құйылады. «Жартыкеш тілділік» (полуязычие) деген құбылыс иелері осыдан шығады. Бала кішкене кезінен 2-3 тілді жүйесіз қабылдайтын болса, онда ол жартыкеш тілді тұлғаға айналады. Мысалы, менің қызым қазір 1 сыныптан үш тілді де жеке пән ретінде оқып жатыр, былай сөйлейтінді шығарыпты: «У меня қасымда бойым бар» дейді. «У меня» орысша, «қасымда» қазақша, «бой» ағылшынша бала деген сөз. Сосын мен «менің бойым бар» деп айтып тұр екен деп ойлап, «иә, сенің бойың бар, бойың өседі» дедім. Сөйтсем, қызым түк түсінбейсің деп өзімді түзеді. «Бой» деген «мальчик» деп, ол сөздің орысша атауын берді. Сонда ол «мальчик», «boy», «бала» деген үш сөздің қайсысы оның ана тілінің бірлігі екенін ажырата алмай жатыр. Міне, үштілді жартыкеш тілдік тұлғаның алғашқы белгісі осы, салдары туралы ойлансам, қауіптер көп. Ал Еуропада бірнеше тілді үйрету үшін әкесі бір тіл, шешесі бір тілді сөйлеп үйретеді. Сонда ол жартыкеш емес, екі тілді тұлға болып қалыптасады екен. Бұл әдістің де осал тұстарын ғалымдар көп айтып жатыр. Осыны ойлана келе, біз ұрпағымызды төл мәдениеттің өкілі ретінде біздің ұлттық бірегейлікті сақтайтын, дамытатын, жетілдіретін тұлға ретінде тәрбиелегіміз келсе, онда қалайда оның басында ана тілінің жүйесі қалыптаспайынша, шет тілін оқытпауымыз керек екен деген қорытындыға келдім. Дүниедегі бүкіл ақпарат ағылшын тілінде болғанмен, дәл қазір бірден қазақшалап ала алмайсың. Өйткені сенде оны алудың құралы да, каналдары да жоқ әзірше. Қазақстанда ағылшын тілінде сөйлейтін мамандар да тапшы. Біздің қоғам екітілді. Кеңестік кезең ғана емес, тәуелсіздік дәуірдегі ұрпақ та екітілді. Бұл да – пайда көретін тұсымыз. Алайда тіл үйретудің жолдарындағы олқылықтар салдарынан тұтас бір ұрпақтың санасында ана тілінің қалыптасып, орнығу процесіне нұқсан келтіріп алмауы­мыз керек.

Таңшолпан АҚБАЕВА, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

Бәсекеге қабілетті болады

– Ақпарат алмасу, білім алу – ағылшын тілін меңгерудің пайдалы жақтарының бірі. Ағылшын тілі арқылы шетелдік білім беру орындары мен ұйымдарында тәжірибе алмасуына, жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Бүгінде балалардың көбісі ақылы ағылшын тілі курстарына барады. Ата-аналар тілді үйрену қажет деп  санайды. Мұғалім болғаннан бері бастауыш сынып балаларына сабақ беріп келемін. Осы уақытқа дейін өзінің тілін ұмытып қалған баланы кездестірмедім. Дұрыс оқулық, дұрыс ұйымдастырған база, білікті мұғалім тобы қалыптасса, түк те қиындығы жоқ. Біз неге әлемдік өркениеттен кеш қалуымыз керек? Бір тілдің мәселесін екінші тілге арта салуға болмайды. Қазақ тілінің мәселесі – өз алдына бөлек шаруа. Неге тілді үйренуді бастауыштан бастау керек? Бұл кезде баланың тілді қабылдау мүмкіндігі жоғары болады екен. Ағылшын тілін үйрену ана тілінде сөйлеуге кедергі келтіреді дегенге қосылмаймын. Үштілді оқыту жүйесінде бала Қазақстанда ғана емес, шетелде де бәсекеге қабілетті бола алады.

Ерболат ТӨРЕБАЕВ, ата-ана:

Ағылшын тілі – әлемдік тіл

Қазіргі таңда мен сияқты бастауышта оқитын баласы бар әр ата-анаға ағылшын тілін меңгерту мақсат болып отыр. Өйткені «ағылшын тілін білу  болашақтың, технологияның, ғылымның, бизнестің тілі» деп санамызға сіңіріп жатыр. Көптеген ата-ана баласына ағылшын тілін қосымша оқытып жатыр. Бір кездері біздің әке-шешемізге ата-анасы орыс тілінің маңызын түсіндірген еді. Қазір біз солардың күйін кешіп жүрміз. Балама орыс тілін үйретпеймін. Оның аса бір қажеттілігі жоқ. Бірақ аптасына 3 рет орыс тілін оқиды. Бұл уақытта ұлыма басқа қосымша сабақты меңгеруіне немесе ағылшын тілін тереңдетіп оқуына болар еді. Себебі ағылшын тіліне қажеттілік көп. Қазіргі уақыттың өзінде ең беделді университет емтихандары ағылшын тілінде өтеді. Меніңше, орыс тілін қоғамда бала онсыз да үйреніп алады. Білесіздер ме, орыс тілін оқытқанда балаға ауыр жүк болады. Себебі оны болашақта қажет болмайды. Қазақ тілімен араластырып сөйлеп, сөздік қоры азаяды, дүниетанымы басқаша бола бастайды.

P.S: Қоғам шет тілдерінің мектеп бағдарламасында оқытылуына қарсы емес. Тек бастауыш сыныпта баланың санасына ана тілін дұрыс сіңіру керек. Ана тілін еркін меңгерген баланың ұлттың мінезі де, діңгегі де толық қалыптасады. Өз туған тілін жеткілікті меңгермеген бала қанша дарынды болса да, ұлттық санасы жетілмейді. Қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Сондықтан шет тілдерін бастауыш сыныпта емес, 5-сыныпта енгізсе, тиімді болар еді. Себебі келешек ұрпағымыз ана тілінің уызына қанып өсер еді. 

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button