Басты байлығымыз – балаларымыз
Жуырда Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев әлеуметтік желілер арқылы елімізде 34 785 қамқорсыз қалған және жетім балалар бар екенін жариялады. Олардың 62,5 пайызы, яғни 21 736-сы Қазақстан азаматтарының отбасына асырауға берілген. Ал 6,2 пайызы, яғни 2 162-сі патронаттық тәрбиеде. Ал 196 жетім балаға арналған мекемелерде 10 887 бала, яғни жалпы жетімектердің 31,3 пайызы тәрбиеленіп жатыр екен.
Бұл сандар кез келгенді ойландырмай қоймайды. Жетімдер қайдан шығады? Неге бала асыраусыз қалады? Әрине, жауабы жұмбақ.
Алайда, қоғамда мейірімділікті, қайырымдылықты сақтаудың бір мүмкіндігі – балалар. Біз балаларды шексіз сүю арқылы ғана жүрегімізді жұмсартып, өз бойымызды таза сақтай аламыз.
Бұл тұрғыда өзінің соңғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер барын, олар балалар үйін толтырып жүргенін айтқан еді. Сол жолы: «Бұл – өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуіміз қажет» деген.
Расында, бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Сол себепті, әрбір ата-ана басты байлығы, өмірінің мұраты – жақсы ұрпақ қалдыру екенін ұмытпағаны абзал.
Бұл туралы Елбасымыз да аз айтып жүрген жоқ.
«Үкіметке: ана мен баланы қорғау, сондай-ақ, отбасы және неке саласында заңнаманы түбегейлі қайта қарауды; ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, сондай-ақ, осы саладағы ең ұсақ деген заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейтуді; туу мен балалы болуды ынталандыру жүйесін реформалауды – жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік қызмет, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер беру және сол сияқты материалдық және материалдық емес ынталандыруларды қамтитын шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын» деді Жолдауында Елбасы.
Бала – ұлт болашағы. Алайда, бала тууды ынталандырып, демографиялық өсімге қаншалықты мән берсек, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға жағдай жасауға да соншалықты мән беру абзал. Осы мақсатта Парламент жетім балаларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған құжатты қарастыру үстінде.
Қазіргі күні елордада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және тұл жетімдердің саны шамамен 1030-ға жуықтайды екен.
Олардың жартысынан астамы қамқоршы отбасыларда тәрбиеленуде. Қалған балалар балалар үйінде және «Пана» атты арнайы мекемелерде тұрып жатыр.
Өткен жылдарда басталған «Балаларға жылу сыйла» акциясы өз жемісін беріп, қазір жетім қалған балаларды өз үйлеріне алып, бауыр басып жатқан отбасылар да көптеп кездеседі.
Біз жалпы еліміздің демографиялық өсімі мен балалардың бақыты үшін ойластырылған әрбір қадамды қуаттап, қолдау көрсетуге міндеттіміз деп ойлаймын.
Гүлнәр ЕРЕЖЕҚЫЗЫ
Астана қаласы мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері