Саясат

Басты басымдық – бірлік

Нұр-Сұлтан қаласында 21 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойында ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға айналды.

[smartslider3 slider=500]

Бірінші кезекте кеңестің отырысы Қазақстан Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен өтті, бұл қазақстандық қоғамға бірлік, татулық және келісім тақырыбының ішкі саясаттағы басымдығы туралы маңызды белгі болды. Әрине, Президент Қ.Тоқаевтың кеңесте сөйлеген сөзі этномәдени орта мен құзыретті сарапшылар қауымдастығында «бірлік пен келісімнің манифесі» ретінде бейресми сипаттама алғаны Қазақстаннан тыс жерде де резонанстық оқиға болды.
Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық қоғамдағы ынтымақтас­тық пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен басталады, бұл фактіні Қазақстан Президенті ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде тағы да атап өтті. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты. Оның тиімділігін әлем қауымдастығы мойындады» деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар ол ұлттың шоғырлануын нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі басты рөл атқаратынын, ол барлық азаматты ортақ мемлекеттілік идеясының айналасына біріктіре алғанын және «мәні жағынан өте күрделі мәселе» – этностық мәселені саясаттандырудың алдын алудың тиімді тетігін құруға мүмкіндік бергенін атап өтті. ҚХА үшін Мемлекет басшысының «қазіргі этносаясат тек мемлекеттік органдардың ғана жауапкершілік саласы емес» деген тезисі аса маңызды болды. Бұл сөздер Ассамблея қызметінің барлық бағытына, этномәдени бірлестіктерді дамытуды қолдауға, этносаралық келісімді қалыптастыруға және мемлекеттік тілді насихаттауға ғана емес, сондай-ақ қайырымдылық, медиация, азаматтық белсенділіктің басқа да түрлері саласындағы жобаға тікелей қатысты.
Президент Қ.Тоқаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген саясаткер мен саясаттанушы біздің мемлекетке тұрпатсыз тағдырды болжағанын еске салды. «Қарапайым адамдар, тіпті сарапшылар үшін олардың болжамдары, әсіресе, бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігінде болған этнос­аралық жанжалдар жағдайында нақты болып көрінді. Алайда біз, баршамыз бірлесе, Қазақстанның біртұтас халқы пессимистік болжамдардың дәрменсіздігін дәлелдей алдық. Жалпыұлттық ынтымақ институты мен ел бірлігінің символына айналған ҚХА-ның маңызы зор» деп атап өтті.
Президент ҚХА-ны патриоттық ұйым ретінде құрметтеуге шақырды. Бұл – Ассамблеяның рөлін түбегейлі жаңаша бағалау. Алайда этностық фактор, ұлтаралық қатынастар дамудың қазіргі кезеңінде, әсіресе дағдарыс кезеңінде түрлі жанжалдардың детонаторы болып табылатыны анық, ал оның деструктивті әлеуеті қазіргі ақпараттық және гибридті соғыстар дәуірінде, жиі жарияланатын популистік мәлімдемелерде, алыпсатарлықтарда және ашық арандатуларда айтарлықтай күшейе түсуде – этносаралық келісім экономикаға, адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы алда тұрған міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесіп жұмыс істеуі тиіс деген негізді қорытынды жасады.
ҚХА Төрағасы кеңес отырысында Ассамблеяның қызметін негіздейтін бірқатар басымдықты белгіледі.
Бірінші басымдық – теңдік қағидаттарына негізделген өңірлік даму. ҚХА түрлі этностардың бірігуіне, этностық белгісі бойынша әлеуметтік-мәдени оқшаулау болмайтын орта құруға көп көңіл бөлуге тиіс. Президенттің тапсырмасы бойынша бізге осындай оқшауланған этностық аудандар мен орамдардың пайда болу үрдісін еңсеру, сондай-ақ этностық топтардың өкілдері қазақстандық болмыстан алыстайтын «ішкі эмиграция» феноменін еңсеру жөнінде жүйелі шаралар әзірлеу қажет.
Екінші басымдық – жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру. Бұл ретте Ассамблея 2020 жылы жергілікті ішкі саясат басқармалары жанынан құрылған, этносаралық қатынастар мәселелеріне жетекшілік ететін бөлімдер арқылы жергілікті жерлерде атқарушы билікті жетілдіруге белсенді түрде ықпал етеді. Сонымен қатар аталған жұмыс өңірлердегі «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің құрылымы арқылы жүргізілуде. Президент аталған өңірлік құрылымдардың этносаралық қатынастар саласындағы жұмысына жәрдемдесуді, оларға тән емес функцияларды жүктемеуді және олардың кадрлық қамтамасыз етілуіне назар аударуды тапсырды.
Үшінші басымдық – әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу. Қазақстандағы этносаралық қатынастар мәселелерін саясаттандыруға талпынған жағдайда, Президент осы стратегиялық маңызды саланы дамытуды жіті қадағалайтын биліктің қолында аталған мәселе бойынша барлық мүмкіндік пен тетік бар екенін айқын көрсетті.
Төртінші басымдық – ҚХА-ны одан әрі институционалдық тұрғыда дамыту. Біз осындай кеңейтілген коммуникация алаңы туралы айтып отырмыз және Қазақстан халқы Ассамблеясы өз алаңдарын ұсынады және қамтамасыз етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы атап өткен қуатты коммуникациялық алаңдардың бірі – Ассамблея аясында құрылған республикалық Аналар кеңесі. Биыл 21-22 маусымда барлық өңірдегі ҚХА Аналар кеңесінің республикалық отырысы өткенін айта кету керек. Қазір облыстық, аудандық және ауылдық деңгейлерде 1832 кеңес жұмыс істейді, олардың құрамына 13 мыңнан астам адам кіреді. ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Аналар кеңесінің қызметі теңдес­тірілген этносаралық қатынастарды қалыптастыруға бағытталады.
Бесінші басымдық – әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау бойынша Ассамблея құралдарын дамыту. Ассамблея Төрағасы осындай бастамаларға Ассамблеяның «қоғамдық» немесе «халықтық» жобасы мәртебесін, ал олардың авторларына ҚХА жобасының ресми басшысы мәртебесін беруді ұсынды. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі мен жергілікті әкімдіктер Ассамблея құрылымдарының жұмысын жалпыұлттық ауқымды және халықты барынша қамтитын республикалық «өтпелі» жобаларын іске асыруда қолдауы тиіс. Бұдан басқа да басымдықтар белгіленді.
Кеңес отырысы Ассамблеяның ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының өміріндегі маңызды саяси алаңға және кезеңдік оқиғаға айналды. Ол маңызды тұрақтандырушы рөл атқарды, этносаралық қатынастардағы процестерді түсінуге және қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан интеграция саясатына жаңа серпін берді. Әрине, ол барлық деңгейдегі мемлекеттік органның, азаматтық қоғам институттарының бірлікті, татулық пен келісімді нығайту жөніндегі, тұрақтылыққа, болашаққа деген сенімділікке және еліміздің азаматтарының әл-ауқаты үшін жағдай жасауға бағытталған орасан зор мазмұнды жұмысының бастауы болды.
 

Марат ӘЗІЛХАНОВ,

ҚХА Төрағасының

орынбасары, Қазақстан

Президенті әкімшілігі ҚХА

хатшылығының меңгерушісі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button