Басты ақпаратҚоғам

Басты міндет – халыққа қызмет

Реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады. Әсіресе бүгінде билік жұмысқа ынтасы бар жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға мақсаттанып отыр. Осы тұста біз Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша ­департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мақсат МУСИНДІ әңгімеге тартып, мемлекеттік басқару ісіндегі жаңашылдықтар, жастарға арналған жеңілдіктер туралы біраз мағлұматқа қанықтық.

– Мақсат Қабдуғалиұлы, елорда барлық мемлекеттік орган орталық аппараттарының шоғырланған жері екені барлығымызға аян. Осы тұста қалалық деңгейде қанша мемлекеттік орган қызмет етуде және мемлекеттік қызметшілер саны қандай?

– Әрине, Астана қаласы, өзіңіз айтқандай, барлық мемлекеттік органның орталығы орналасқан қала. Алайда қалалық деңгейде орталық мемлекеттік органдарды санамағанда, осы салада 3000-ға жуық мемлекеттік қызметші 72 мемлекеттік органда қыз­мет етуде. Осы тұста айта кеткім келеді, мемлекеттік қызметті атқару – үлкен жауапкершілік. Бұл қызметтің тізгінін ұстау үлкен төзім мен табандылықты қажет етеді.

– Кез келген сала үнемі дамытуды талап ететіні анық. Олай болса мемлекеттік қызмет жүйесін ілгерілетуге бағытталған соңғы өзгерістерге тоқталып өтсеңіз.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» формуласын ұстану мақсатында Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігімен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға бірқатар толықтыру мен өзгеріс енді, атап айтсам:

– мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою мен тосқауылды алып тастау және одан «шығу» тәртібін жеңілдету;

– мемлекеттік қызметте қа­шықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу;

– мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу деген өзгеріс­терді атауға болады.

Мемлекеттік қызметшінің бір ғана кәсібилігі мен біліктілігі, білімі жеткіліксіз, одан өзге оның жеке мінез-құлық мәселесі, әдептілігі де негізгі фактордың бірі. Яғни кәсібилік пен әдептілік қосылып, біртұтас мемлекеттік қызметшінің имиджін көрсетеді

Оған қоса, жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткішке жеткен түлектер аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз уәкілетті органның келісімі негізінде тікелей тағайындала алады. Бұл – ең алдымен, жастар үшін жасалып жатқан жеңілдіктер. Жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуына жол ашады деп есептеймін. Биік мақсатқа ұмтылған, еңбекқор, креативті жас буын – қашанда елдің арқасүйер тірегі. Ең бастысы, біз жастарымыздың бойындағы тасыған күш-­жігер мен білімді ел мүддесіне қыз­мет етуге бағыттасақ деген ниеттеміз.

– Соңғы жаңалықтың бірі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы. Тұжырымдама бойынша қандай өзгерістер күтілуде? Сол жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.

– Әлемнің жетекші елде­рінің басқару практикасында қалыптасқан заманауи трендтерге және еліміздің мемлекеттік басқарудағы тәжірибесі зерделеніп, мемлекеттік басқаруды дамытуға бағытталған іс-шаралар тұжырымдамада айқындалған. Негізгі қағидаттарына тоқталып өтсем:

Біріншіден, проактивті, түпкілікті нәтижеге бағдарланған, мемлекеттік қызметтің сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру. Қазіргі қазақстандық қоғам мемлекеттік қызметшілерден мемлекеттік және қоғамдық мүддеге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін елдің дамуына жұмсауын күтеді. Моральдық қағидаттар мен жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларын сақтау мемлекеттік қыз­метшілерге деген қоғамдық сенімнің негізі саналады.

Екіншіден, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін – мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру. Басты мақсат – ел игілігіне қызмет ету. Осы тұрғыда ашық, халыққа адал және кәсіби қызмет көрсететін мемлекеттік аппарат қалып­тастыруымыз қажет.

Үшіншіден, HR-процестерді басқару және цифрландыру. Сымсыз желі байланысы, күрделі бағдарламалар және өзге де «ақылды» технологияларды мүмкіндігінше мемлекеттік қызметте енгізу маңызды.

– Қазіргі таңда Астана қаласындағы мемлекеттік органдардағы басшы және атқарушы құрамның көрінісі қандай?

– Өткен жылдан бастап барлық мемлекеттік орган басшы және атқарушы құрамның арақатынасын заңнамаға сәйкестендіру жұмысын жүргізген болатын. Солардың арасында Астана қаласының әкімдігі мен Тексеру комиссиясы да бар. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар бойынша басшылық лауазымдар үлесі 30 пайызды құрап отыр. Бұл дегеніміз мемлекеттік органдарда тиімді басқаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

– Бүгінде мемлекеттік ­қызметшілерге қандай талаптар қойылады?

– Жалпы барлық мемлекеттік қызметші «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» заңында Әдеп кодексінде көрсетілген талаптарды сақтауы керек.

Мемлекеттік қызметшінің бір ғана кәсібилігі мен біліктілігі, білімі жеткіліксіз, одан өзге оның жеке мінез-құлық мәселесі, әдептілігі де негізгі фактордың бірі. Яғни кәсібилік пен әдептілік қосылып, біртұтас мемлекеттік қызметшінің имиджін көрсетеді.

Менің ойымша, бұл тұрғыда, мемлекеттік қызметші, ең алдымен, қарапайым әрі шыншылдықтың жарқын үлгісі болуға тиіс.

– Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы туралы айтып өтсеңіз.

– Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметке кір келтірген, құқық бұзушылық жасаған немесе Әдеп жөніндегі кодекстің талаптарын бұзған өңірлік мемлекеттік органдар басшыларының және олардың орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігін қарайды.

Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің 3 отырысы өтіп, онда 9 түрлі мәселе қаралды, оның ішінде 5 мәселе профилактика бағытын қамтыды.

2023 жылы департаментке уәкілетті орган ретінде мемлекеттік органдармен жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторингті жүзеге асыру жүктелген болатын.

Жыл басынан негізсіз үстеме жұмысқа тартылғаны үшін 46 мемлекеттік қызметшіге қатысты 57 тынығу сағаты берілгенін айта өткен жөн.

– Мемлекеттік қызметшілерге ойын мекемелеріне барудан тартыну талабы енгізіліп, заң жүзінде тыйым салынды. Осы туралы толық түсіндіріп өтсеңіз.

– Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Соған байланысты мемлекеттік қыз­метшілердің қоғам алдындағы мүлтіксіз беделі маңызды саналады. Осы тұрғыда 2023 жылдың аяғында Әдеп кодексіне тиісінше өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызметшілерге ойын мекемелеріне барудан тартыну қажеттігі айқындалған болатын. Яғни мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мекемелеріне баруға тыйым салынған. Сондай-ақ 2024 жылдан бастап мемлекеттік қызмешілерге ойын мекемелеріне баруға тыйым заң жүзінде де қабылданып отыр.

– Департаменттің негізгі қызмет бағытының бірі – көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау. Осы бағыт бойынша қандай іс-шаралар атқарылды?

– Жалпы 300-ден астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі, биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бо­йынша 10 миллион мемлекеттік қызмет көрсетіліп, соның ішінде 6,9 миллионы электронды нысанда жүзеге асырылды.

Осы жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселесі бойынша келіп түскен шағымдарды қарау нәтижесінде 11 қызмет алушының құқығы қалпына келді.

Департамент, бақылау шараларынан бөлек, тұрақты түрде қоғамдықпен өзара байланыс пен профилактика жұмысын өткізіп тұрады.

– Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтармен қоғамды ақпараттандыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Жұртшылықпен байланыс – кез келген сала үшін алғашқы орында. Осы орайда департаменттің әлеуметтік желідегі парақшалары мемлекеттік қызметтегі жаңалықтар мен хабарландыруларды алғаш жариялайтындардың қатарында деп айта аламын.

Департамент қызметкерлері өздерінің ой-тұжырымын үнемі басылым беттеріне, ақпараттық агенттіктерге ұсынады. Оған қоса, телебағдарламаларға және ток-шоуларға қатысып, халықты ақпараттандыруға үлес қосады.

Қазіргі таңда департаменттің YouTube арнасында әртүрлі мемлекеттік қызметке қатыс­ты тақырыпта «Елге қызмет» бағдарламасы тұрақты түрде жүргізіледі.

Департаменттің әлеуметтік желідегі парақшалары халыққа әрдайым ашық. Кез келген сұраққа жауап беруге дайынбыз.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button