Әлеумет

БАСТЫ ТЕТІК – ТЕҢ МҮМКІНДІК

Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында  «Бойжеткен, әйел заты – әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды» деп атап көрсеткен.

Еліміздің гендерлік теңдік стратегиясында барлық шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің 30 пайыздық өкілдігіне қол жеткізу міндеті қойылған. Қазіргі таңда Президенттің Қазақстан әйелдерінің съезінде берген тапсырмасы бойынша әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне ілгерілету жөніндегі 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған іс-қимыл жоспары әзірленді. Елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік теңдік стратегиясының бір мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес жүргізу. Өз Жолдауында Мемлекет басшысы «Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс» деп шегелей ай­тады. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігінің аудандық бө­лімдерге дейінгі құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер жұмыс істейді. Олардың міндетіне әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау, жеке және заңды тұлғалардың әйелдердің конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұ­зылуы туралы шағымдары мен өтініштерін қарау кіреді.
Қазақстан Республикасының заңнамасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жасағаны үшін жазалау – Қылмыстық кодекстің 99, 101, 102, 104-110, 117, 120-131 баптарында көзделген. Сексуалдық сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-122 және 124-баптарында көзделген. Мысалы, 121-бап бойынша (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Зорлау туралы қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер Қылмыстық-процестік кодекстегі 96-баптың «Жәбiрленушiлердiң, куә­лардың, сезiктiлердiң, айыпталу­шылардың және қылмыстық процеске қатысушы басқа да адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолдану» нормаларына сәйкес қорғалуға құқылы.
Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің бар­лық нысандарын жою туралы конвенцияға 1998 жылы қосылды. Содан бері заңгерлік прак­тикада осы Конвенцияның 1-бабында анықталған «кем­сіту» ұғымы қолданылады. «Кем­сіту» сөзінің өзі Конститу­цияның, қабылданған заңдар мен нормативтік актілердің мәтін­дерінде кеңінен қолданылады.
2009 жылы Қазақстанда «Ерлер мен әйелдердің тең құ­қық­тарының және тең мүмкін­діктерінің мемлекеттік кепіл­діктері туралы» Заң қабылданды. Онда «жыныстық белгісі бо­йынша кемсітушілік» ұғымы «жыныстық белгісі бойынша адамның құқықтары мен бос­тандықтарын шектеу немесе оларға қысым жасау, сондай-ақ оның қадір-қасиетін түсіру» деп анықталған.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік ко­дексінде қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында ешкiмдi де шыққан тегi, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайы, жынысы, нәсiлi, ұлты, тiлi, дiнге қатысы, сенiмдерi, тұрғылықты жерi бойынша немесе өзге де кез келген мән-жайлар бойынша қандай да болсын кемсiтушiлiкке ұшыратуға болмайтыны бекітілген. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 145-бабы жоғарыда аталған себептермен, соның ішінде өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып не болмаса қоғамдық бiрлестiктің басшысы тарапынан, тiкелей немесе жанама шектегені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.
Ерлер мен әйелдер теңдігі қағидаты Конституцияға және Қазақстан Республикасының барлық қолданыстағы заңна­масына енгізілген. Әйелдер азаматтық, отбасылық, еңбек және басқа да құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуде өздерінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыруда қысым көрмейді.
Сот әділдігіне, Жоғарғы сот­қа немесе облыстық соттарға әйелдер, сондай-ақ ерлер тарапынан жынысы бойынша кемсітуге негізделген қандай да бір шағымдар түскен жоқ. Сонымен қатар, жынысы әйел болуына байланысты құқықтардың бұзылуына себеп болған талап-арыз өтініштері түскен жоқ. Заңнамалық деңгейде Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңға қайшы келетін әйелдерге қа­тысты кемсітулер жоқ.
Сот істерін қарауда гендерлік теңдік соттардың ерлер мен әйелдерге қатысты заң талаптарын нақты орындауы; процеске қатысушылардың, адамдардың адамгершілігін кемсітетін немесе ар-намысын таптайтын шешімдер мен іс-әрекеттерге жол бермеу; заң мен сот алдында барлығының теңдігі; тараптардың дау­ласуы мен теңдігі; істі тал­қы­лаудағы ашықтық, жариялық және анықтық; процеске қа­тысушылардың жеке қауіп­сіздігін қамтамасыз ету секілді сотты жүргізудің негізгі прин­циптерін іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.
Әкімшілік және қылмыстық сот жүргізуде әйелдердің жағ­дайын жақсартатын нормалар қарастырылған. Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 50-бабына сәйкес, әкімшілік жаза жүкті әйелдерге және он төрт жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге қолданыла алмайды. Кодекстің 56-бабына сәйкес жүкті әйелдің немесе үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдің әкімшілік құқық бұзушылығы жауапкершілікті жеңілдететін жағдай болып табылады. Қылмыстық кодекстің 46 және 47-баптарына сәйкес, өмірлік бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы сияқты қылмыстық жазаның ең ауыр түрлері әйелдерге тағайындалмайды. Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою мемлекетімізде нақты жолға қойылған.

Асқар ЖАРМЕНКЕНОВ,
Ақмола гарнизоны әскери сотының кеңсе меңгерушісі міндетін атқарушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button