ЖаңалықтарҚала мен СалаҚала тіршілігі

Бастысы – бағаны тұрақтандыру

Елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
«Қатысушылардың санын және «Айналым тетігі» жобасы бойынша сауда желілеріне бөлінетін соманы көбейтеміз, маусымдық жәрмеңкелер өткіземіз, жеке инвестициялар есебінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет бірқатар ірі жоба құрылысын жүргіземіз. Осыған орай сауда желілерінің, базарлардың, өнім өндірушілердің өкілдерімен кездестім» деді Алтай Көлгінов.

«Біріншіден, «Айналым тетігі» жобасы аясында азық-түлік сатып алуға желі сатушыларына 2,7 миллиард теңге бөлінеді. Жобаға «Magnum», «Анвар», «Астықжан», «Кеңмарт», «Вкус март», «Аян», «Ақмол», «Шапағат», «Small», «Сарыарқа» базарлары мен бірқатар дүкен қатысады. Ол үшін жыл сайын қаржыландыру көлемі де артады. Екіншіден, ет, көкөніс, бакалея және сүт өнімдері бойынша бірқатар өндірушілермен, тауар жеткізушілермен шарттар жасастық. Сондай-ақ шамамен 14 мың тонна көкөніске келісімшарт жасалды. Көкөністерді, ұнды, сиыр етін және тағы басқа өнімдерді қосымша сатып алу мәселесін пысықтап жатырмыз. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жиі өткізу бағаны ұстап тұруға, нарықтағы бағадан арзан сатылатын өнімді ұсынуға, нарықты өнімдермен қамтамасыз етуге көмектеседі. Ел өңірлерінің қатысуымен жәрмеңке 22 тамызда басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады. Өткен жәрмеңкелерде 2 мың тоннадан астам өнім сатылды. Төртіншіден, жеке инвестициялар есебінен азық-түлікті қамтамасыз ету үшін бірқатар ірі, маңызды жобалардың құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында үш көтерме-тарату орталығы, екі жылыжай кешені, нантоқаш комбинаты бар. Сонымен қатар сүт өңдеу зауыты, нан-тоқаш комбинаты, көкөніс қоймасы сияқты өндірістік-тамақ кешендерінің құрылысына қолдау көрсетілді» деп атап өтті елорда әкімі.
Қорыта айтқанда, бұл шаралар азық-түлік қауіпсіздігін және нарықты жергілікті тауармен қамтамасыз етуге, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button