Жаңалықтар

Батумиге бардың ба, Колоннаданы көрдің бе?

colonnade_batumi_1

Аджария астанасында, жалпы Гүржістанның ауа райы адамға өте жайлы екеніне көз жеткізу үшін қатарынан төрт күн жауған жаңбырдан кейін бұлтсыз бір тәулік те жеткілікті. Расында да, табиғаты сұлу мекенде жайсыз жауын-шашын болмайды. Әсіресе, Гүржістандай өзінің ғасырдан ғасырға тоғысқан салт-дәстүрлерін, ұлттық рухани құндылықтарын сақтайтын еңсесі биік елде. Грузин халқына тән парасаттылық оның ана тілін құрметтеуінен, мәдени, тарихи көне ескерткіштеріне деген көзқарасынан байқалады. Қалай десеңіз де, жаһандану дәуірінде халықаралық озық технологияларды ұлттың болашағына  зиянсыз қабылдау, сонымен бірге өз халқының құндылықтарын дәріптеу, дамыту – бұл қоғамның кемелділігінің белгісі.

Осы ойымыздың дәлелі ретінде испан сәулетшісі Альберто Доминго Кабоның жобасымен салынған Батуми қаласындағы Грузин алфавитінің мұнарасын айтсақ та жеткілікті. Ең соңғы заманауи материалдармен әшекейленген 130 метрлік металдан тұрғызылған «мәуелі бәйтерек» үш жыл бұрын «Таңғажайыптар паркінде» бой көтерген. «Бәйтеректің» басында үлкен шарға ұқсас күмбез, оның ішінде грузин әріптерінің белдігіне айналып, обсерватория, телестудия және ресторан жұртшылыққа қызмет көрсетеді.
Батуми теңіз портының көрінісіне қосымша сән беріп тұрған осындай сұлу ғимараттарды көргенде, Гүржістан ежелден талантты, іскер тұлғаларға әрқашанда ашық болғаны есіңе түседі. Тағы бір таңғаларлық жәйт, Саквартелоға (грузиндер отанын осылай атайды) келген шетелдіктердің туындыларында бәрібір грузиндік айшық айқын сезіліп тұрады. Шетелдіктердің қатысуымен бой көтерген кез келген нысандар, әсіресе, осы Қара теңіз жағасындағы шаһарда көзге жиі ілігеді. Шетелдік инвесторлардың күшімен салынған қаhарлы Қап тауымен жарысқан зәулім ғимараттардың саны жыл сайын арта түсуде.
Теңізді жағалай салынған мейманханалар, ойын-сауық орталықтары, тағы басқа сәулеттік кешендер – батумилықтардың заңды мақтанышы. Ғажайып Батуми саябағының негізін 1881 жылы француздық бағбан Мишель Дальфонс қалаған. Бүгінгі таңда оның ұзындығы жеті шақырымға созылады – шекараға дейін. Қала басшыларында бульварды әрі қарай түрік территориясында жалғастыру ойы жоқ емес. Әрине, олай болса, екі көрші елге де пайдалы болар еді.
Теңіз жағалауында көптеген бунгало, кафе-лаунждар, мейрамханалар, аттракциондар, фонтандар, шағын зоопарк, спорт аландары бар. Мұнда демалыспен қоса спорттық ойындармен айналысуға да мүмкіндік мол. Өте сапалы велосипед жолы және велотұрақтар көздің жауын алады. Белсенді демалысқа теңіз ауасы мен мыңдаған тау өсімдіктерінің жұпарынан артық не керек?
Аджарияда өткізетін демалыстың біліміңізді толықтыруға да себеп болуы бек мүмкін. Әсіресе, бұл балаларға пайдалы. Қара теңіз жағалауында оларды қызықтыратын нысандар аз емес. Айтайық, кезінде бүкіл Кеңес Одағының мақтанышы болған Батуми дельфинарийі. Шаһардың негізгі және ең көрікті ғимараттарының бірі Неке сарайының пішіні мұхиттың еркесі –дельфинге ұқсастығы бекерден бекер емес. Ал, Батумидің ботаникалық бағы туралы талай айға жалғасатын көпсериялы фильм түсірсеңіз де, бұндай адамның қолымен жасалған жасыл жұмақтың жұмбағын айтып тауыса алмас едіңіз! «Әлемде дәл осындай керемет бақты кездестіре алмайсыз» дейді батумилықтар. Бұл пікірмен келіспеген қонақ бірен-саран шығар.
Батуми ботаникалық бағы – әлемнің ең бай бақтарының бірі және бірегейі. Үшғасырлық еменнің суға ұмтылған ат шалатын арқандай тамырларын, теңіздің жағалауынан үш қадамдық жерде гүлденген жапон сакурасын өз көзіңмен көргенде теңдесі жоқ ерекше ортада жүргеніңді сезесің. Бұл бақта бес мыңнан астам өсімдік өседі. Оның ішінде жергілікті өсімдіктер көлемі айтарлық көп емес. Бұл бақ аңызға толы Семирамиданың үлгісімен бөлінген. Оның тоғыз флористикалық бөлімінде табиғаттың ең жұпар иістері мен айқын бояулары өмірге ерекше сән беріп тұрғандай. Пальма, бамбук, кипарис, магнолий, тағы басқа ғажайып ағаштар мен гүлдер… Осы саябақтың колонналары теңіз қақпасы сияқты әсер қалдырады. Бұл колоннада – қазіргі Батумидің басты символы.
Осындай табиғаттың жұмақтай жазирасын тамашалай жүріп күнделікті тіршілігімізге, қоршаған ортаға әсер ете білген еңбекқор тұлғалардың ықпалы туралы айтпай кете алмайсың. Мысалы, пальмалар, эвкалиптер Гүржістанда біздегі қарағаш, терек сияқты үйреншікті ағаштар болып кеткен. Ал шындыққа келсек, олардың және тағы жүздеген өсімдіктердің Қап тауына «сіңісіп кетуіне» 1880 жылы Батуми ботаникалық бағының негізін салған ботаник және географ Андрей Краснов сияқты өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын нағыз энтузиасттар ерекше еңбек сіңіргені айқын.
Теңіз жағалауында каштан, пальма көлеңкелерінде шағын кафе, мейрамханалар, мүсіндер мен инсталяциялар мол. Солардың бірі – «Әли мен Нино». Сегіз метрлік тамаша туындының авторы – белгілі суреткер Тамара Квеситадзе. «Әли мен Нино» махаббаттың, Азия мен Европа халықтарының арасындағы ынтымақтың белгісі.
Батумидің көркіне көз тоймайтын «Еуропа алаңында» қашан да адам қарасы қалың. Оның орта тұсында орналасқан Медея ескерткіші (мүсіні) Грузия мәдениетінің Еуропаның өркениетіне етене жақын екендігін еске салады. Атағы одан еш кем түспейтін Пьяцца алаңы да жақын маңайда. Аджарияның Туризм және курорттар департаменті мен Грузияның Қазақстандағы елшілігінің шақыртуымен осы бір көрікті елге аяқ басқан қазақстандық журналистер оны «Аджарияның кіндігіндегі кішкентай Италия» деп атап кетті. Пьяццаның іргесін жағалай италиялық сәулет өнерінің канондары бойынша салынған ғимараттар орналасқан. Пьяцца туристерді әсем әрі ерекше нақыштағы өрнектерімен таңғалдырады. Бұл төңіректегі дәмханалар мен мейрамханаларда емін-еркін демалып, жанды дауыстағы әсем әндерді тыңдауға болады.
Батумидегі осы екі атақты алаңда Энрике Иглесиастан бастап Пласидо Домингоға дейінгі аралықтағы стильдері сан қилы әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен және көрсете бермек.
Грузиндердің қонақжайлылығы туралы әңгіме бөлек… «Зебо» қонақжайына (қонақүй) біз көтеріліп бара жатқанда үздіксіз жауын жауып тұрды. Шағын көлікпен таудың қиыр-шиыр жолымен жүруге біздің етіміз үйренбеген. Дегенмен, аджар дауылпазының жан сергітетін үні мен жергілікті балдырғандардың емен-жарқын күлкісін естіген соң оның бәрін ұмытып кеттік. Танысқаннан кейін бірнеше минуттың ішінде даналыққа толы ұстанымдары тостарынан ғана емес, асқақ әндері мен әсем билерінен де көрініп тұратын аджарлық ақсақалдардың ақ пейілінен қуат алғандай болдық.
Қайтар жолда Кед ауданында бізді тосын сыйлар күтіп тұр екен. Әсіресе, күміс сулы Махунцети сарқырамасы мен Чорохи тау өзенінің үстінен салынған көпір айрықша есте қалды. Ежелгі көпір салушылардың өнері таңдай қағып, бас шайқамасқа қоймайды. Көпір қосымша тірексіз, ешқандай металл немесе басқа да конструкцияларсыз салынған. Осы өлкенің тасы мен оларды біріктіретін материалдардың физикалық қасиетін жіті білетін венециялық, генуэздік шеберлер Тамара патшайымның кезінде-ақ Чорохи өзенінің екі жағалауын мызғымайтын көпірмен жалғап қойыпты. Содан бері талай ғасыр өткен. 800 жылдан астам уақыттан бері қасқайып тұрған мұндай көпірлердің Аджарияда он шақтысы бар.
Біздің заманымыздың бірінші ғасырында салынған Гонино-Апсорос қамалына да ат басын тіредік. Грузияның оңтүстік-батыс аудандарын Қара теңіз жағалауымен жалғайтын Чорохи мен Аджарисцкалидің шатқалдарына баратын жолды қорғайтындықтан, қамалдың стратегиялық маңызы зор болыпты. Бұл қамал алдымен Византия империясының, одан соң Осман империясының негізгі цитадельдерінің бірі болған.
Тарихқа қызығушылық танытқандар жергілікті археологиялық музейге барып, әртүрлі дәуірден қалған ескерткіштермен танысуына болады. Бұл музейде күміс тиындар, алтын ыдыс-аяқтар, иконалар, крестер, ежелгі Грецияның шеберханаларында жасалған, Гермес пен Афродитаның бейнесі салынған жүзіктерге дейін 30 мыңнан астам жәдігер бар…
Батумидің жіңішке көшелері мен алаңдарында да қызықтар жетерлік. Сыпайы мінезді жолсеріктер (гид) қаланың дамуында айлақтардың қандай рөл атқарғанын, Кавказ елдері экспортының үштен екісі осы айлақтарға тиесілі болғанын майын тамызып баяндап береді. Оны өзіміздің қазақстандық «Қазтранском» компаниясы басқарып отырғанын атап өткен жөн. Бизнес әлемінде ғана емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі ағайынды Нобельдер осы жерде жұмыс істеп, жетістікке жеткен. Батумиде мұнай тасымалдаудың жаңа технологиясын да енгізген сол ағайынды Нобельдер.
ХХ ғасыр басында шаһар құрылысына Еуропаның әйгілі сәулетшілері белсене араласқан. Соның арқасында Батуми қазіргі таңда архитектуралық үздік үлгілерді бойына сіңірген қала болып отыр. Батуми өнер мен музыка орталығы, Әділет үйі, Астрономиялық сағат, жүзімнен өндірілген сусындардың дәмін татуға болатын Чачи мұнарасы сынды ғимараттар осыны айғақтап тұр.
Бір айта кетерлігі, дәстүрлі грузин арағы «өзен болып» ағып жатпайды, ол субұрқақтан судың орнына аптасына бір-ақ мәрте 15 минут ағып тұрады. Соның өзінде биіктігі 25 метрлік Чачи-Тауэрге баруға әркім-ақ құштар. Осы сияқты ерекше ғимараттар бұл жақта аз емес.
Климаты қоңыржай, жылы да жайлы шаһарда ауа райы жазда +17 мен +29 аралығында. Туристерді Батумидің шалқар теңізі мен тау-тасы ғана емес, инфрақұрылымының жолға қойылғаны да қызықтырады. Шаһар халқының қонақжай һәм ашық-жарқын мінезі де жақсы әсер қалдырады. Өкінішке қарай, зымырап бара жатқан жаһандану дәуірінде адамдарға жетіспейтіні де сол мінез емес пе!..

P.S. Қиян даланы қиқулатқан Дешті қыпшақтар мен Қап тауындағы гүржілерді байланыстыратын тағлымды тамырластық тарихы талай ғасырдан бері жалғасып келе жатқаны белгілі. Арғы-бергі грузин атаулының маңдайға басар мақтанышы Давид Қалыптаушы патшаңыздың өзі біздің жұртқа күйеу екендігін бүгінде екінің бірі біледі. Сан шапқыншылықты бастан өткерген Сакартвелоны сыртқы жауларынан қорғау үшін бір замандарда Алаш ұранды ата-бабаларымыз атқа қонғанын да айта кеткеніміз абзал.
Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан мен Грузияның өзара достық қарым-қатынасы қалыпты даму үстінде. Оның кейбір көріністері туралы жоғарыда ептеп сөз еттік. Астана және Тбилиси секілді бас қалаларымыздың бауырластығы өз алдына бір төбе әңгіме.
Ендеше, екі ел арасындағы барыс-келіс, алыс-беріс арналары алдағы уақыттарда да кеңейе беретініне сеніміміз мол. Әсіресе, EXPO-2017 көрмесі аясында ынтымақтастық пен ықпалдастық одан әрі тереңдей бермек.

Аяған Сандыбай

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button