Басты ақпаратЭкономика

БАТЫЛ БАСТАМАЛАР АЛАҢЫ

Осыдан бес жыл бұрын, жаһан дағдарыстан дағдарып қалып, со бір «аты жаман» құбылыстың салдарынан құтылар жолдарды іздеген кезде, дүниежүзінің саясаткерлері мен ірі бизнес өкілдеріне һәм қаржы-қаражат мәселесіндегі құзыры олардан кем түспейтін экономикадағы сарсүйек сарапшылар мен ғалымдарға «Күлтөбе» болған
– Астана экономикалық форумы еді.
Ол – алғашқысы болатын. Бүгін бесіншісі басталады. Осы аралықта аталған форумның беделі артып, күлліәлемдік экономикалық түйткілдерді тарқата талдайтын, бастысы – бүкіл жаһанның беделі біразға белгілі экономика «баһадүрлері» мойындайтын айтулы ойталқы алаңына айналды.
Сол себепті де, бұл жолғы форумда Қазақстанның бастамасы батыл, мәселелері маңызды көрінеді.

«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА»

V Астана экономикалық форумы шеңберіндегі негізгі шаралардың бірі – Жаһандық энергоэкологиялық
форум болмақ. Онда Қазақстанның экологиялық бастамалары да талқыланады.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ша Цзукан және бірқатар белгілі ғалымдар мен саясаткерлер қатысады
деп күтіліп отырған «Жаһандық энергоэкологиялық стратегия» сессиясы шеңберінде әлемнің барлық
елдерінің энергетикалық және басқа да табиғи ресурстарына сұраныстарын экожүйеге залал келтірмей
қанағаттандыру, осылайша дамудың жаңа сатысына аяқ басу жолдары талқынатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев
«Рио+20» конференциясына қатысушылардың назарына Жаһандық энергоэкологиялық стратегия мен
«Жасыл көпір» ауқымды аймақаралық серіктестік Бағдарламасы сияқты екі қазақстандық бастаманы
шығаруды ұсынған болатын.

Аймақаралық жаһандық маңыздағы экожүйелерді сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған бұл бағдарламаларды қолдайтын елдердің географиясы ауқымды. Бастамаға Азия мен Тынық мұхитынан бастап, Еуропа, АҚШ және Канадаға дейін қызығушылық танытып отыр.

Тек Қазақстан ауқымның өзінде ғана алып қарайтын болсақ, жаһандық энергия-экологиялық стратегиямен «Жасыл көпірді» дүниежүзілік және ұлттық деңгейде бір мезгілде жүзеге асыру еліміз үшін бірқатар мүмкіндіктерге жол ашады деп болжануда.

Олардың арасында, 2030 жылға қарай ІЖӨ энергиялық сыйымдылығын кем дегенде 2 есеге кеміту, жаңартылған энергия көздерінің үлесін әлемдік орта деңгейге дейін жеткізу, көмірқышқыл газының қалдықтарын кем дегенде 50% азайту сияқты айтулы межелер бар. Астанадағы форумнан бір айдан кейін Рио-де-Жанейро қаласында өтетін «Рио+20» тұрақты даму бойынша БҰҰ конференциясында қазақстандық делегация осы экологиялық бастамаларын сол шара қатысушыларға таныстырады деп жоспарланып отыр.

Тұрақты даму және кедейшілікпен күрес жағдайында «жасыл» экономикаға өту және тұрақты дамудың институттық негіздері сияқты басты екі тақырыпты талқылайтын «РИО+20»-да Қазақстанның бастамаларын көтеру бойынша АЭФ аясында «Барлығына арналған тұрақты энергетика» тобы жұмыс істейді.

Демек, форум аясында орын алатын талқылауды күлліәлемдік презентация алдындағы ақырғы дайындық
десе де болады.

Жаһандық энергия-экологиялық стратегия мен «Жасыл көпір» «Рио+20»-ның қорытынды құжатына енген
жағдайда, 2012 жылдың маусымында оны жаһандық қаржы институттары мен халықаралық бизнес өкілдері
бірлесіп қаржыландырады.

БЕРЕРІ МОЛ «БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ»

Сондай-ақ, форум барысында ілгерідегі тақырыпқа салалас Болашақ энергиясы жөніндегі Ғылыми конгресс
ұйымдастырылып, онда баламалы энергия көздерін дамыту
мәселелері талқыланбақ.

Айта кетелік, «Болашақ энергиясы» – Қазақстанның Астанада «ЭКСПО- 2017» көрмесін өткізуге ұсынып отырған тақырыбы. Осы орайда, форум аясында «Болашақ энергиясы» атты көрме тақырыбына арналған сессия өткізу де көзделіп отыр. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаевтың айтуынша, аталған сессияда, экономикадан 2005 жылғы Нобель сыйлығының иегері Роберт Ауманн, өзге де спикерлер және осы салада жұмыс істейтін басқа да ғалымдар, халықаралық ұйым өкілдері баяндама жасайтын болады жоспарланып отыр.

ҚАЗАҚ-ТҮРІК  БИЗНЕС ФОРУМЫ

Астана экономикалық форумына қатысады деп күтіліп отырған мәртебелі қонақтар арасында Түркия премьер-министрі Реджеп Эрдоған да бар. Бауырлас ел басшысының негізгі мақсаттарының бірі – АЭФ аясында өтетін Қазақ-түрік бизнес форумына қатысу.

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда және инвестициялық қарым қатынасты дамытуды мақсат еткен форумда, екі ел Прездиенттерінің тапсырмасымен қолға алынып жатқан «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық даму бағдарламасы аясында, 2015 жылға дейін екі ел арасындағы тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу және инвестиция көлемін 500 миллион долларға шығару көзделген.

Негізгі салалар ретінде металлургия мен машина құрылысы, текстиль мен көлік логистикасы және ауылшаруашылығын қамтитын жаңа бағдарлама бойынша форум шеңберінде екі елдің кәсіпкерлері және кәсіпкерлік ұйымдары арасында 17 меморандумға қол қойылады деп күтіліп отыр.

«Егер аталған меморандумдардың барлығына қол қойылатын болса, бұл келісімдердің сома көлемі 900 миллион доллардан асады деп күтіп отырмыз»,– дейді «Kaxnex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ-ның Еуропа елдері бойынша аймақтық дирекция қызметінің менеджері Бекжан Толыбай.

Маманның айтуынша, соңғы кездері Түркияның ірі бизнес өкілдері мен еліміздің құрылыс саласында жұмыс істеп келген ірі компаниялар өндіріс саласына инвестиция салуға бет бұрысы байқалады.

Сондай-ақ, Түркия мемлекеті де Қазақстанды инвестиция салуға шақырып отыр. Бірнеше ірі инвестициялық жобаларын ұсынып та үлгерген.

G-20-ҒА 5 ҰСЫНЫС

Форум қорытындысы ретінде «Экономикалық өсім мен жұмыспен қамтамасыз етудің негізі ретіндегі
құрылымдық реформа мен экономикалық тұрақтылық», «Экономикалық өсімге ықпалдасу мақсатындағы қаржылық интеграцияны дамыту және қаржы жүйесін нығайту», «Жаһандану жағдайында халықаралық қаржы архитектурасын жақсарту», «Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және тауар бағасының құбылмалығын реттеу», «Климат өзгерісімен күрес және жасыл өсімнің тұрақты дамуына ықпалдасу» секілді негізгі бес бағыт бойынша қабылданатын ұсыныстар Мексиканың төрағалығымен маусым айында Лос-Кабос қаласында өтетін G-20 Саммитінің хатшылығына жіберілетін болады.

Сонымен бірге, форумның ұсыныстары үлкен жиырмалық – G-20 елдерінің басшыларымен қатар, G-8, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк, БҰҰ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұйымдастыру комитеттеріне жолданады.

Аталған құжатты әзірлеуге әлемнің 40 елінен 70-тен астам сарапшы қатысты.

Осы  құжаттың мұншалықты кең көлемде талқыланып, ауқымды масштабта әзірленуіне G-Global сұхбат алаңының құрылуы мүмкіндік берді.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың жүзеге асқан әлемдік дағдарысқа қарсы шешімдерді іздеуде қатысушылардың санын кеңейту және осы орайда арнайы сұхбат алаңын құру идеясының жұмыс алаңы ретінде Астана экономикалық форумы белгіленген болатын.

Елбасының бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы жоспары жөніндегі бастамасын жүзеге асыру үшін «Әлемдік қаржы жүйесі мен валютаны дамыту келешектері» тақырыбында сессия өткізу де жоспарланып отыр.

Нұрберген МАҚЫМ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button