Батыр атындағы тұңғыш турнир
Халық Қаһарманы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі және қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің базасында тұңғыш рет студент қыздар арасында волейболдан жарыс өтуде.
Жалпы жарысқа Астана қаласында орналасқан 13 колледждің студенттерінен құралған командалар қатысып, өзара бақ сынасуда. Жеңімпаздар алдағы 15 қарашада өтетін жарыстың ақтық ойындарында анықталатын болады.
Ұйымдастырушылар былтыр дәл осы уақытта осындай жарыс астаналық колледждерде оқитын ұл балалардың арасында ұйымдастырылғанын, биыл қыз балалардың арасында ұйымдастырылып, мұндай игі шаралардың өтуі бірте-бірте жақсы дәстүрге айналып келе жатқанын айтады.
– Жалпы Астана қаласы әкімдігі мен «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің арасында өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу бойынша үлкен ынтымақтастық орнады. Қалалық Білім басқармасына қарасты арнаулы орта білім беретін оқу орындарының көпшілігімен меморандумға қол қойып, бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес жыл бойы нақты іс-шараларды жүзеге асырып келеміз. Бүгінгі іс-шара – соның жалғасы. Өйткені биыл Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Р.Қошқарбаевтың 100 жылдығы еліміз бойынша кең көлемде аталып өтуде. Жастарды мұндай іс-шараларға қатыстыру арқылы біз аталарымыздың ерлігін ардақтаймыз әрі олардың бойындағы ұлтқа деген сүйіспеншілікті оятамыз деп ойлаймын. Бүгінгі жарыстың да басты мәні де – осында. Патриоттық тәрбие қыз-ұл деп бөлінбей берілуі тиіс. Бүгінгі жарысқа қатысып жатқан қыздарымыздың көзіндегі жалыннан ұлтқа деген ұлы махабатты, Отанға деген асқақ сезімді байқап отырмыз. Бұл шын мәнінде, еліміздің ертеңінің жарық екендігінің белгісі болса керек, – дейді «Atamnyn Amanaty» ҚБ Басқарма төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайылов.