Басты ақпаратМәдениет

БАТЫР ӨМІРІН БАЯНДАЙДЫ

maxresdefaultӘлемдегі әрбір халықтың беткеұстар тұлғалары мен даңқты батырлары болады. Олар ел басына екіталай күн туып, қиындықтарға тап болғанда, көптің ішінен суырылып шығып, отқа да, суға да түседі. Қан төгіп, жан беруге бел байлайды. Қазақтан шыққан осындай тұлпар мініп, ту ұстаған батырлардың бірі және бірегейі – Бауыржан Момышұлы.

Астанада даңқты қолбасшы туралы «Бауыржан Момышұлы» фильмінің тұсаукесері өтіп, бірінші сериясы көрсетілді. Фильмде әскери қызметтегі жігерлі жігіт Бауыржанның соғыс басталысымен отанын қорғауға аттансам деген арманы, генерал Панфиловпен танысуы, қолындағы күрегі мен қаламсабын қаруға алмастырған азаматтың қан майданға дайындығы және батальон командирі ретіндегі алғашқы шайқасы таспаланған. Іс-шара барысында көпшілік даңқты тұлғаның ашық та жарқын өз дауысын естіп, рухтанып қалды.

Аты аңызға айналған қаһарман жайлы тарихи фильмді түсіру идеясы «Хабар» агенттігіне тиесілі. Бастама авторлары бұл жобаны жүзеге асыруды танымал режиссер Ақан Сатаевқа сеніп тапсырған екен. Сюжет негізіне жазушы Александр Бектің әйгілі «Волоколамск тас жолы» повесі алынған. Киноның түсіру жұмыстары Талғарда және Минскіде жүргізілді. Байқағанымыз, шығармашылық топ Бауыржан Момышұлының өмір жолына арқау болған төрт серия­лы фильмді ақиқаттан барынша ауытқымай түсірген. Режиссер ұлттық батырымыздың бар болмысын беруге тырысқан. Басты рөлде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрдың әртісі Еркебұлан Дайыров ойнайды. Жиырма сегіз жастағы Еркебұлан сериалға байланысты іріктеу сынында-ақ шығармашылық топ жетекшілері оның баһадүр қолбасшыға ұқсайтындығын аңғарған. Өзінің айтуынша, актер Момышұлымен ұқсастығы туралы бұрын ешқашан ойланбаған көрінеді. «Шынымды айтсам, рөлге бекітілген соң, Баукеңнің шығармаларын жан-жақты зерделей оқыдым. Ондағы мақсатым, экранда кімнің бейнесін жасап отырғанымды терең түсіну еді. Түйіндей келіп қорытқан ойым, қазақта осындай дара азаматтың болғанына мақтануымыз керек. Кейінгі ұрпақ Бауыржанның бойындағы батырлықты, батылдықты ұлтын сүйген, тілін қадірлеген қасиетін бойларына дарытса екен деген ниетпен батыр бейнесін көрсетуге бар күш-жігерімді жұмсадым» дейді бізбен әңгімесінде.

Бауыржан Момышұлының жұбайы Жамалдың образында Әсел Сағатова ойнайды. «Бауыржан атамыздың жұбайын кинода кейіптеу – мен үшін үлкен мәртебе. Ол кісі ерекше адам болған. Оның отбасы туралы әдебиетте аз жазылады. Сондықтан, ол кісі жайында жақсырақ білу үшін келіні Зейнеп апамен кездесіп, көп мәліметтер алдым. Осындай ерекше адаммен тізе қосып өмір сүргеніне қарағанда, менің кейіпкерім – өте ақылды әйел» дейді Әсел. Ал фильмдегі генерал Панфилов рөлі Виктор Ашанинге, лейтенант Қасенов рөлі Саят Есембаевқа бұйырған. Сондай-ақ, Мақсат Сәбитов, Бақтияр Қожа, Асылхан Төлепов, Дмитрий Скирта сынды әртістер де түскен.

Кинотуындының премьерасы сәтті өтті. Көрермендер көңілдері толқып,  ерекше әсерге бөленгендерін жарыса жеткізіп жатты. Елі сүйген ердің өмірі мен қан майдандағы ерлігін баяндайтын сериал 17 желтоқсаннан бастап, «Хабар» арнасынан көрсетілетін болады. Тарихи фильмнің көрерменге ұнайтындығына шығармашылық топтың еш күмәні жоқ. Өйткені, күні кеше ғаламтор желісінде жарияланған телехикаяның ресми трейлерінің өзі мыңнан астам көрермен жинап үлгерген.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button