Мәдениет

Батырға арналған брендбук

«Қазмедиа» орталығында «Амангелді Иман» қоғамдық қорының және Қостанай облысы Мәдениет басқармасының бастамасымен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс бас сардары, халық батыры Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған брендбук таныстырылымы өтті.

Брендбук авторы – танымал суретші, иллюстратор, дизайнер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем академия корреспондент мүшесі Алмас Сырғабай. Ол соңғы жылдары компьютерлік графиканы қолдану арқылы «Digital art» стилінде сурет салып жүр.

Суретші Алмас Сырғабай – 2022 жылы біртұтас ұлттың ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы логотипінің авторы. Сондай-ақ ол – Алаш ардақтысының өмірінен сыр шертіп, тұлғалық болмысын айқындаған сурет көрмесін де ұйымдастырған суретші-кескіндемеші.

Логотиптің қысқаша мазмұнына авторы Алмас Сырғабай былай деп түсініктеме берді: «Логотип арнайы құрылған комиссияның талқылауынан өтті. Логотип екі түрлі нұсқада дайындалды. Біріншісі, қазақтың әйгілі кес­кіндемешісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев салған ­портретінің негізінде, елдің көңілінде жүрген белгілі образда жасалды. Екіншісі, Алматыда орнатылған алғашқы атты мүсін «Амангелді Иманов» ескерткішін (мүсінші Х.Асқар-Сарыджа, сәулетші Т.Бәсенов; 1947 ж.) негізге ала отырып жасалды. Себебі қазақ халқының жадында батырдың образы осылай сақталған».

Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серікжан Әбдінұров бір шығармасын Амангелді Имановқа арнады. Жалпы биылғы сәуір айында Астана қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы «Батырдың биік тұлғасы» атты академиялық концерт жоспарлап, дайындықты бастап кетті. Серікжан Әбдінұров­тың айтуынша, қазақ музыка өнерінде Амангелді батырға көп шығарма арналды. Әлі де жазылып келеді. Соның ең көрнекілері – классик композиторларымыз Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловскийдің «Амангелді» операсы, қытай композиторы Си Синхайдың «Амангелді» симфониясы. Сондай-ақ Әбілахат Еспаев, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, Дмитрий Мацуцин, атақты күйші Сүгір шығармалары Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Ал арияларды орындағандар – қазақ өнерінің негізін қалаушылар Манарбек Ержанов, Мүсілім мен Ришад Абдуллиндер, Ермек Серкебаев, Суат Әбусейітов, Рашит Мұсабаев, Кәукен Кенжетаев. Осы аталған шығармалардың барлығы концертте жаңа өңдеуде, жаңа дыбыста әрленіп, қайтадан жаңғырып орындалмақ.

Ал таныстырылым соңында күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұз­даханова Айтбай Мұздаханов­тың «Амангелді дүбірі» күйін тарту етті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button