Мәдениет

БАТЫРХАН ШҮКЕНОВТІ ЕСКЕ АЛАДЫ

F425B0D6CCC42041

5 маусым күні «Астана-Арена» стадионында дүрілдеп өтетін «Муз-ТВ- 2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру рәсіміне дейін аз ғана уақыт қалды. Бір өкіндіретіні, оған енді еліміздің ғана емес, ресейліктердің де сүйікті әншісіне айналған Батырхан Шүкенов қатыса алмайды. Мұнаралы Мәскеуді өрелі өнерімен мойындатқан қазақтың саңлақ ұлының жалғанда татар дәм-тұзының таусылғанына да жарты айдан асып барады…

Батырхан 18 мамыр күні 53 жасқа толатын еді. Сол күні Алматы жұртшылығы әншіні еске алу концертін ұйымдастырмақ. Астанада да осындай шара өткізілсе, артықтық етпес еді. Десек те, әншінің есімі елордада ескерусіз қалмайды. «Муз-ТВ» телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияровтың айтуынша, «Муз-ТВ- 2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру рәсімі кезінде марқұмның достары мен әріптестері «А’Studio» тобымен бірге Батырхан Шүкеновтің әндерінен құралған арнайы нөмір дайындап отыр. Бұдан бұрын әншінің туған күні аталмыш арнадан музыканттың осыдан екі жыл бұрын Алматы қаласында өткен «Батыр. LIVE» концерті көрсетіледі.
Дүбірі құлаққа жақын жеткен «Муз-ТВ- 2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру рәсіміне келсек, алғашқы солисі Батырхан Шүкенов болған «А’Studio» тобы екі жыл қатарынан – 2010 және 2011 жылдары ең үздік топ атанған. Биыл да бұл топ осы аталымдағы үміткерлердің қатарында. Басқа-басқа, қазақстандықтар Байғали Серкебаев бастаған топқа дауыстарын аямайды деп сенеміз.
Әрине, бұл топтан бөлек талай эстрадалық ұжымдар мен танымал әншілер, белгілі әртістер маусым айында Астанаға келмек. Солардың бірі – Имани есімімен әлемге әйгілі француз әншісі Надя Младжао арнайы қонақ болады.
Бір қызығы – Имани сөзі суахил тілінде сенім мағынасын береді. Демек, Комор аралдарында дүниеге келген Надяның ұлтымызға да жаттығы жоқ деп пайымдаймыз. Жасөспірім күнінде әнші спортпен, соның ішінде биіктікке секірумен айналысқан. Жеті жыл АҚШ елінде тұрды. Францияға қайтып оралғаннан кейін әншілік өнерге дендеп кірісті. 2011 жылы шыққан «The Shape of a Broken Heart» атты алғашқы альбомы Франция мен Грекия елдерінде платиналық мәртебе алды. Ал, Польшада мұндай мәртебеге үш мәрте жетіпті. Қара нәсілді әншіні қазақстандықтардың көзбен көріп, өнеріне баға беретін күн де алыс емес.
Еске сала кетейік, биыл «Муз-ТВ- 2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру рәсіміне алғашқы рет «Қазақстандық үздік жыл әншісі» аталымы енгізіліп отыр. Бұл аталымда «МузАрт» тобы, Нұрлан Абдуллин, Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова және Әли Оқапов өнер жарыстыруда. Қайсысының өнері үстем түсетіні 5 маусым күні анықталады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button