Мәдениет

Батыс пен Шығысты тоғыстырған

«Астана Балет» театрында кезекті премьера өтті. Бұл жолы астаналық көрерменнің назарына ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбековтің либреттосына қойылған екі актілі «Жібек жолы» балеті ұсынылды. Қоюшы-хореограф – осы театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри. Премьераны Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тамашалады.

[smartslider3 slider=3326]

 

«Жібек жолы» – би мен музыка жолы, стиль мен мәдениеттердің алмасу мысалы. Спектакль бірнеше сахналардан құралған. Бұл – «Жібек өндірісі», «Керуен», «Нефрит», «Қыш-құмыра өндірісі», «Рим», «Парсы елі», «Ғұндар» және т. б.

Хореограф Мукарам Авахридің айтуынша, балетті қою идеясын көтерген – театрдың арт-менеджері Әсел Исабаева. Қойылымда классикалық би негізіндегі хореография қолданылды. Дегенмен ориентализм элементтері немесе шығыс мәнеріндегі хореографияның да өрнегі қосылып, осы арқылы бейнелердің көркем келбеті толық ашылды.

Либретто авторы танымал ақын әрі сценарист Бақыт Қайырбеков осы жобаға кірісерде ақындық пен балет бір тілде сөйлейтініне көз жеткізгенін айтады. Ол қоюшы-режиссермен үндесе жұмыс істеді. Іле-шала «Жібек жолы» балеті кино­нұсқасының түсірілімі де қолға алынды. Осылайша әлемнің түкпір-түкпіріндегі балет сүйер қауым Ұлы Жібек жолының пайда болуы мен қалыптасуы жайлы баяндайтын қойылымды тамашалап, Қазақстанның мәдени мұрасымен де таныса алады.

Жалпы «Жібек жолы»
балеті – біріне-бірі ұқсамайтын еуропалық және азиялық мәдениеттерді жалғаған тарих. Қойылымда дәстүр, мәдениет, музыка – бәрі бір жобада тоғысты.

Бұл спектакльде бас кейіп­кер, нақты сюжет желісі жоқ. Тек қана бейнелер алмасып отырады. Керуеннің, нефриттің, жібек матасы мен жібінің, амфоралардың бейнесі өз бетінше көркем ғана емес, сонымен қатар, сахнаға сай.

Аружан ЖҰМАТАЙ, Т.Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер
академиясының
студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button