Басты ақпаратЖаңалықтарЭкономика

БАУЫРЛАС ЕЛДЕР БИЗНЕСМЕНДЕРІНІҢ БАСҚОСУЫ

Кеше «Марриотт» қонақ үйінде Астана мен Татарстан іскерлік орта өкілдерінің бизнес-форумы өтті. Шараға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Татарстан Республикасының вице-премьері – Өнеркәсіп және сауда министрі Равиль Зарипов қатысты.

– Бұл жиын осы күндері елордада өтіп жатқан Татарстан Республикасының күндері аясында ғана емес, жалпы екі елдің өзара экономикалық қатынасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында өткізіліп отыр. Сондықтан да, осы басқосудың маңызы еліміз үшін аса жоғары. Қазақстан мен Татарстан тарихи тамыры терең бауырлас елдер. Ежелден жалғасып келе жатқан мәдени-рухани байланысымызды қазіргі күндері тұрақты да, болашағы зор сауда-экономикалық қатынастар одан әрі нығайта түсуде. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы сауда айналымы шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Осымен тоқтамай, жеткілікті қорымыз болғандықтан, экономикалық әлеуетті арттыруға әлі де мүмкіндіктеріміз мол деп есептеймін, – деді Иманғали Тасмағамбетов өзінің кіріспе сөзінде.

Одан кейін қала әкімі қонақ­тарды елорданың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырды. 16 жыл ішінде Астана қарқынды түрде дамығанын атап өткен ол кейбір жетекші салаларға ерекше тоқталды. Соның ішінде осы күндерге дейін тұрғын үйдің 12,5 млн шаршы метрі пайдалануға беріліп, 18 мың отбасы немесе 60 мың адам баспанаға ие болғанын, жыл сайын 1 миллионнан астам шаршы метрді тапсыру үрдіске ай­налғанын айтып өтті. Астана ауыр өнеркәсіптің емес, шағын және орта бизнестің динамикалық дамуына бағыт алған қала екенінін астын сызып көрсетті. Бас қаламыз өзін-өзі асырайтын деңгейге жеткенін, келесі жылдан бастап рес­публикалық бюджеттің донорына айналатынын еске салды.

Еліміздің экономикасына инвестиция тарту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Елордада мұның алғышарттары жасалған.

– «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы мемлекетімізге де, инвес­торларға да ұтылмайтын жағдай тудырып отыр. Инвесторларға  Индустриалды парк аумағында ең тартымды шарттар негізінде жер телімдерін, инженерлік инфрақұрылымдарды пайдалануға беруге біз дайынбыз, – деген Иманғали Нұрғалиұлы сол аумақта жұмыс істеп жатқан 20 кәсіп­орын жайлы хабар берді. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме­сінің өтуіне байланысты әзірленіп жат­қан жобалармен таныстырды.

Қазақстанға келетін инвес­торларға белгілі бір жеңілдіктер жасалған. Ол жөнінде Бақытжан Сағынтаев әңгімеледі. «Инвесторлар кор­поративті кіріс салығы және жер салығынан 10 жылға, мүлік салы­ғынан 8 жылға босатылған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін мемлекет инвесторлардың капиталдық шығандарының 30 пайызын өтейді» деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары. Үкімет тарапынан кәсіпкерлік қызметті реформалау ісі қолға алынғанын атап өткен ол бұл жағдай кәсіпкерлерге бизнестерін дөңгелетуге қолайлы жағдай тудыратынын жеткізді. Соның ішінде 2015 жылдың 1 қаңтарында кедендік бақылау рәсімі жеңілдетілгенде қажетті құжаттар азайтылатынын, сол себептен тауарлардың шекарадан өтуі жылдамдатылатынын айтып өтті.

Татарстаннан Астанаға келген делегацияда 700 адам бар. Олардың 65-і өндіріс ошақтарының басшылары. Осыны айтқан Равиль Зарипов Татарстанның эко­но­микалық әлеуетімен таныс­тырды. Оның сөзінен елде мұнай-химиялық, машина құрастыру өндірістері мен қорғаныс кешені жақсы дамығаны айқындалды. Мәселен, «Татмұнай» компаниясы жылына 32 млн тонна мұнай өндіретін ірі кәсіпорын саналады. Одан бөлек осы саладағы «Нижнекамскнефтехим» ашық акционерлік қоғамы бар. Татарстанда шығатын «Камаз» жүк көліктері бұрыннан әйгілі. Онымен қоймай, бұл елде «Ford Sollers» бірлескен кәсіпорыны «Ford» жеңіл көліктерін шығарады екен. Екі жыл ішінде бұл кәсіпорын 40 мың көлік жасап шығарыпты.

Осылардан бөлек ұшақ пен тікұшақ құрастыратын зауыт­тар жұмыс істейді. Татарстанда құрастырылатын «Ми-17» мен «Ми-38» тікұшақтары Равиль Зариповтың айтуынша, Қазақ­станға таңсық емес. Бүгіндері олар нарыққа «Ансат» аталатын жаңа тікұшақпен шығып отыр. Әскери мақсатта пайдаланылатын бұл әуе техникасының жыл соңына қарай азаматтық бағыттағы түрі сатылымға шықпақ. А.М.Горький атындағы Зеленодольск кеме жасау зауыты суда жүзетін техниканы шығаруды жолға қойған.

Қазан қаласында Алматыдағыдай метро құрылысы да жүргізілуде екен. «Бүгінгі күнге 16 шақырымды құрайтын 10 станция жұмыс істеп тұр. Станциялар санын 17-ге жеткізуді мақсат етіп отырмыз» деді Татарстан вице-премьері бұл жөнінде.

Иманғали Тасмағамбетов оның назарына метроға пайдалануға келетін Астанада «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагондарын, электровоздарды шығаратын зауыт барын салды.

2009 жылы Татарстанда Шығыс Европадағы ең ірі IT-парк іске қосылған екен. Бұл парк халықты ақпараттық қызметпен қамтамасыз етіп, өндіріс ошақтарына да ақ­па­раттық қолдау көрсетіп келеді.

«Біз қай салада болсын ашықпыз. Әсіресе, өнеркәсіп саласында жи­нақтаған тәжірибемізбен бөлісуге әрқашанда дайынбыз» деп түйіндеді сөзін Равиль Зарипов.

ҚР Инвестиция және даму ми­нистрінің орынбасары Ерлан Сағадиев еліміздегі инвестициялық жұмыс жайлы хабар берді. Әсі­ресе,«KAZNEX INVESТ» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігінің қызметі жайлы жан-жақты әңгімеледі. Одан кейін осы агенттік пен Татарстан Республикасының Өнеркәсіп және сауда министрлігінің арасында ынтымақтастық туралы екі жақты келісімге қол қойылды.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button