Басты ақпарат

БАУЫРЛАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Бейсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті. Бұл – қырғыздың жаңа президентінің біздің елге алғаш келуі. Қос ел басшысының қатысуымен Ақордада ресми рәсімнен соң шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтіп, онда бірқатар келісімдер қабылданды.

Екі елдің басшылары өзара іс-қимылдың өзекті мәселесін талқылады. Атап айтсақ, олар сауда-экономикалық, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.

Ресми отырыстан соң, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Ал­мазбек Атамбаев журналистер алдында сөз сөйледі. Брифингте қос елдің басшылары энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация, кен байыту және өңдеу өнеркәсібі, туризм және өзге салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға келіскенін мәлімдеді.

Елбасы өз сөзінде Қазақстан 1991-2011 жылдар аралығында Қырғызстан экономикасына 1 миллиардтан астам АҚШ доллары көлемінде инвести­ция салғанын айтты. Сондай-ақ, екі ел арасындағы тауар айналымы 2011 жылы 750 миллионнан астам долларды құрағаны белгілі бол­ды. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда 27 пайызға артқан.

Екі елдің ынтымақтастығын нығайта түсетін тағы бір жаңалық – алдағы уақытта қазақ-қырғыз инвестициялық қоры жұмысын бастамақ. Сонымен бірге, бұдан былай Қырғызстан азаматтары Қазақстанда 90 тәулік бола алады. Таяуда қазақ-қырғыз шекарасында «Кеген-Қарқара» өткізу бекеті ашы­лады. Бірер жыл бұрын Қырғыз елінен контрабандалық жолмен қару-жарақ тасымалданған бекетті ел билігі жауып тастаған болатын. Со­нымен бірге, Қырғызстанның Кеден одағы мен Қазақстан, Ресей және Беларусь Бірыңғай экономикалық кеңістігіне қосылу мәселесі қаралатын белгілі болды. Бұл ретте қазақ билігі айырқалпақты ағайынға одаққа қосылу кезінде құжаттарды рәсімдеуге көмектесетінін де жеткізді.

Екі елдің мәдени қатынасы да на­зардан тыс қалмады. Биыл Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республи­касы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Осы ретте Нұрсұлтан На­зарбаев пен Алмазбек Атамбаев Бішкекте Абайдың ескерткішін орнату және екі елдің астанасында Шоқан Уәлиханов пен Шыңғыс Айтматов аттарына көше беру туралы шешім қабылдады.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button