Ұлыс оң болсын

Бауырсақ – тоқшылық белгісі

«Ас атасы – нан» болса, бауырсақ – нанның ең дәмдісі және тойымдысы. Той мен қонақ дастарқанының төрінен міндетті түрде орын алатын бауырсақтың жасалу реті мен пішініне және көлеміне қарай онға жуық түрі болады. Сондай-ақ оны дайындауда әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар.

[smartslider3 slider=2469]

Бауырсақ десе бала кезде ауылдағы үйде көрші келіндердің бәрі жабылып келіп, қамыр илейтін кездер еске түседі. Далада лаулап жанған оттың үстіндегі қазанға май молынан құйылады, қызған майға кесілген көп қамырды бір салып алғанда-ақ бірден қызарып, сүп-сүйкімді бауырсаққа айналып шыға келеді.

Жоғары немесе бірінші сұрыпты бидай ұнынан ашытып та, ашытпай да пісірілетін бауырсақ дайындауда әр аспаздың өз құпиясы болады. Алайда бәріне ортақ құрамы бойынша бауырсақ қамырына әдетте сұйық май, ұн, құрғақ ашытқы, жылы су, қант және тұз керек. Ал кейбіреулер жұмыртқа, қаймақ, ашыған айран қосады.

Өңірлердің ерекшелігіне келсек, елордалықтар дастарқанынан үлкен, домалақ, ішіндегі қамыры мол, сыртқы түсі аппақ бауырсақтарды жиі көреміз. Ал еліміздің шығысы ши бауыр­сақтарды көп пісіруімен ерекшеленеді. Кезінде семейлік курстастардың да ауылынан жеткен ши бауырсақтардың дәмі басқаша болатын.

«Семейде тойға, асқа ашыған үлкен домалақ бауырсақ, кей жерде төрт бұрышты бауырсақ та пісіреді. Ал ши бауырсақты барлық уақытта, тіпті ас бергенде де пісіре береді. Ол қатық, ірімшікпен бірге қойылады. 200 гр тоң май немесе сары май болса да, кез келген майға 1 стакан су, 1 шай қасық тұз қосып, қамырды қатты қылып илейді. 15 минут тұрған соң қалыңдығын 5-8 мм етіп жаяды, соны ши бауырсақ етіп турап, қуырып алады» дейді семейлік Жанна Шәріпхан.

Төрт бұрышты, ішінде қамыры мол қызыл, жалпақ бауырсақтар маңғыстаулықтардың дастарқанына сән берсе, бұрын сәл ұзыншалап, қызарта пісірген бауырсақты тәуір көретін Сыр өңірі де қазір көлемін үлкейтіп пісіруге көшкен. Елордалық аспаз Айжанның айтуынша, ашыған қамырдан дәмді күмпиген бауырсақ пісірудің басты құпиясы – жақсылап иленген қамыр көтерілгеннен кейін оны бірнеше қайтара илеп, әбден иін қандыру. Алайда ол дәмін келтіремін деп майонез, қатық қосу бауырсақты көп ұзамай қышқылтым етіп жіберетіндігін айтады.

«Қазір ғаламтордағы түрлі рецептерден қарап пісіретіндіктен, бауырсақты да ана өңірге немесе мына аймаққа тән дей алмайтын болдық. Негізі, бізде жалпы халық қарапайым түрін пісіре береді. Өз басым қара бауырсақ, ши бауырсақ және тәтті бауырсақ деген түрлерін интернеттен қарап істеймін. Қара бауырсаққа қайнатылған дайын сүт пен қопсытқыш қосып, сұйықтау, бірақ қолға жұқпайтындай етіп илейміз. Дәмі жұмсақ кекс сияқты болып шығады» дейді Айжан.

Иленіп пісіру жағы ұқсас болғанмен, пішіні мен үлкендігіне байланысты бауырсақтың бірнеше атауы болады. Олар ши, ақ, шай, тұш, ашыған, бармақ, жалпақ, жол және т. б. бауырсақ деп аталады.

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button