Сұхбат

Бауыржан КЕРІМБЕКОВ, Астана қаласы Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстарды ашу және алдын алу басқармасы бастығының орынбасары: БІЗДІҢ МІНДЕТ – ҚАЛАНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Өткен аптада Қаржы полициясы сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстарды ашу және алдын алу басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Керімбеков бұқарамен тікелей тілдесті. Оқырман сауалдарының ба­сым бөлігі қаладағы жемқорлық әрекеттерінің белең алуына қатысты өрбіді. Ендеше, сіз де құлақ түріңіз.

 –Алло, сәлеметсіз бе? Мен – Байтасов Ержан боламын. Қаламызда жемқорлық қай сала­ларда ерекше көзге түседі?

–Ержан, соңғы бес айдың ішінде қаржы полициясы 20 жемқорлық фактісінің бетін ашты. Оның бесеуі бойынша қылмыстық іс сотқа тапсырылды. Анықталған жемқорлық дерегінің жетеуі қызмет өкілеттілігін теріс пайда­ланумен, 7 – пара алу, 3 – бюджет қаражатын жымқыру, 1 – билікті асыра пайдаланумен байланысты.

Қаржы полициясы органдарының статистикасы көрсеткендей, мемлекеттік сатып алулар мен салық органдары жемқорлыққа ерекше шалдыққан салалар болып отыр.

Салық органдарына қатысты 3 қылмыстық іс қозғалса, мемлекеттік сатып алулар саласында 4 жемқорлық қылмыс анықталды.

– Кейбір анықталған жемқорлық қылмыстары туралы кеңінен айтып берсеңіз…

– Мәселен, өзінің қызмет ба­бын пайдалана отырып, жағымды сот үкімін шығаруға ықпал ете алатындығына азаматты сендіріп, сотқа 3 мың АҚШ доллары со­масында пара беруге айдап салған Шортанды аудандық Ішкі істер басқармасының бөлім бастығы Бекахметов үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, орындау санкциясы бойынша іс шараны қолданбау үшін өндіріліп алуға тиісті соманың 10 пайызын, яғни 250 мың теңге со­масында пара алу күдігі бойынша Астана қаласының сот актілерін орындаушысы Махантаев ұсталды.

– Жақында «Біреуге диплом алып беруге уәде берген әйел ұсталды» деген ақпаратты жаңалықтан естідім. Білгім келгені, сол әйелдің тағдыры не болды? Кешірім беруге бола ма? Аты-жөнім – Қуандықова Қарлығаш.

– Білім министрілігіне қарасты ғылыми кадрларды даярлау және бақылау бойынша басқарма бастығы Смаилова қылмыс үстінде қолға түскен болатын. Ол ізденушіден заң ғылымының кандидаты дипломын алуға көмек көрсету үшін 10 мың АҚШ долларын бопсалаған. Біздің департаментке шағымданған азамат өзіне тиесілі дипломды және заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін бір жыл бойы ала алмай жүрген. Кейіннен Смаилова пара мөлшерін 5 мың АҚШ долларына дейін төмендеткен. 23 маусым күні делдал арқылы 2 мың АҚШ дол­лары сомасында бастапқы параны алғаннан кейін Смаилова ұсталды. Отбасы жағдайына, кәмелеттік жасқа толмаған баласының бар бо­луына және қылмысын толық мой­ындауына байланысты ол қамауға алынған жоқ, одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.

– Тіркелген жемқорлық қылмыстарының нәтижесінде мемлекетке келтірілген зиян мөлшері қандай?

– Қаржы полициясы департаментінің араласуымен анықталған жемқорлық қылмыстары бойын­ша залал мөлшері 1,5 миллиард теңгеден асып отыр.

– Менің атым – Қанат. Политехникалық колледждің студентімін. Биылғы жылдың анықталған ең үлкен жемқорлығын атай аласыз ба?

– Қанат, жемқорлықтың кез кел­ген түрі – қылмыс. Ол бойынша барлық адам жауапкершілікке тар­тылады. Мүмкін, сіздің сауалыңыз, мемлекетке ең көп шығын әкелген жемқорлықтың түрі болар.

Астана қаласының қаржы полициясы қызметкерлері республиканың 7 облысында орналасқан 36 су шаруашылық жүйелерін тексеруге бөлінген 1,5 млрд теңгені ұрлау фактісі бойынша Су ресур­стары комитетінің лауазымды тұлғаларына қатысты және «АККЕ Астана» ЖШС-нің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғады. Аталған бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен комитет төрағасының орынбасары Кума­шев пен ЖШС директоры Мұрат ұсталды. ЖШС директорына 28 маусым күні Алматы аудандық со­тынан 2 айға қамауға алу туралы санкциясы берілді.

– Амансың ба, тікелей тілдесу ме екен? Мен – зейнеткермін. Менің балам бір мекемеде бастық болып істейді. Кейде жеке мәселелермен қызметтік көлігін сұрай қалсаң, аттонын ала қашады. Сонда баламның көлігін немесе қызметкерлерін көмектесуге жұмсасақ, ол да жемқорлыққа жата ма?

– Билікті немесе өкілеттігін асы­ра пайдалану ауыр жемқорлықтың бірі болып табылады. Сізге осыған ұқсас бір жайтты айтып берейін. Астана қаласы бойын­ша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынба­сары Мейрамбеков өзінің мақсаты бойынша сотталғандарға жұмыс істеткізген. Ол қызмет бабының шегінен шыға отырып, өзіне тиесілі құрылыс материалдарын жеткізіп салу үшін қызметтік автокөлікті және 2 сотталған азаматты жұмсау туралы қол астындағыларға нұсқау берген. Олар Мейрамбековті мекенжайына апарып, соңынан оның нұсқауымен құрылыс мате­риалдарын Ильинка елді мекеніне жеткізген. Осылайша, өзі басшы бола отырып, мемлекеттік көлікті және сотталғандардың еңбегін заңсыз пайдаланған. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді.

Сондықтан, сіздің балаңыздың іс-әрекетін дұрыс деп құптаймын. Мемлекеттік көлік пен қызметкерлердің еңбегін заңсыз пайдаланғандар да жауапкершілікке тартылады.

–Сәлеметсіздер ме, менің атым Баян. Заң саласының маманы­мын. Мені қызықтырған сауал – заңды біле тұра, заңгерлердің де қылмысқа баруы мүмкін бе?

– Баян, сауалыңыз орынды. Құқықбұзушылықты біреулер білмей жасаса, кейбіреулер біліп істейді. Осы ретте айта кетейін, жақында Астана қаласының 87 жастағы тұрғыны Ульяна Павловна біздің қызметкерлерге алғыс айтып келді.

Ол заңнамалық қызмет алуға байланысты бір азаматтан көмек сұрап барған. Олар заңнамалық қызметтерді көрсету жайлы келісімшартқа қол қойған. Әлгі азамат алдау жолымен Улья­на Павловнаның 600 мың теңге ақша қаражаттарын иеленіп алып, келісімнің шарттарын орында­май, жарты жылдай жасырынған. Ағымдағы жылғы мамырда аза­матша департаментке арызбен жүгінді. Бірнеше күн ішінде қаржы полициясы қызметкері алдаған азаматтың орналасқан жерін анықтап, ақшаның барлық со­масы арызданушыға қайтарылды. Сондықтан құқықбұзушылыққа заңгерлер бармайды деген пікірмен дауласуға болады.

–Халық қаржы полициясы органдарының «144» сенім телефонына хабарласа ма? Ол бойынша азаматтардың шағымы қаншалықты орындалуда?

– Департаментте сенім теле­фоны тәулік бойы жұмыс істейді. Хабарласқан азаматтардың шағымы кезекші бөлімде тіркеледі. Жемқорлық, қызмет бабын теріс пайдалану, пара алу, тағы басқа мәселе бойынша хабарласқан азаматтың шағымы қараусыз қалмайды.

Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button