Басты ақпаратЕлорда тынысы

Бауырластықтың жаңа көкжиегі

Осы аптаның айтулы оқиғасының бірі – 10 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға ресми сапармен барды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. Ашхабад әуежайында Қазақстан Президентін түрікмен халқының көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды. Сапар аясында екі ел басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға ресми сапары Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Халк Маслахатының төрағасына ризашылық білдірді. Сондай-ақ Гурбангулы Бердімұхамедовтің Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті. Президент қазақ-түрікмен ынтымақтастығы достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында қарқынды дамып келе жатқанына ерекше назар ауда­рып, Түрікменстанға ресми сапарының мақсаты екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару екенін айтты.

«Сіздің еліңізбен ынты­мақтас­тықты дамыту мәселесіне зор жауапкершілікпен қараймыз. Біз – стратегия­лық серіктес елдерміз. Жаңа Бірлескен үкіметаралық комиссияның жұмысы туралы айтып өттіңіз. Мен де оның қызметін бақылап, Үкіметке бағыт-бағдар беріп, қандай шешім қабылдау керек екенін нұсқап отырамын. Өйткені біз үшін Түрікменстанмен достық байланыс басты басымдықтардың бірі саналады» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан ­Президентіне ілтипат білдіріп, оның Түрікменстанға ресми сапары аясында қол жеткізілетін уағдаластықтар екі ел арасындағы стратегия­лық серіктестікті тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Хәкім Абай – Ашхабад төрінде

Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Ашхабад төрінде ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты.

Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов пен түрікмен халқына Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл ескерткіштің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті. «Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылғанын еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.

Өз кезегінде Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы бауырлас халықтардың тарихи және мәдени өмірінде жарқын із қалдырған белгілі тұлғалар, ойшылдар мен ақындар мұрасын сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мәні зор екеніне тоқталды. «Бүгін біз астанамыз Ашхабадтың тамаша мүйісінде орналасқан ғажап саябақта бауырлас қазақ халқының ұлы ақыны, көрнекті мәдениет және өнер қайраткері Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу рәсімінде бас қосып отырмыз. Баршаңызды осы салтанатты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Түрікмен және қазақ халықтары әлемнің мәдени-рухани қазынасына үлкен үлес қосты. Соған сәйкес, бұл мәдени мұраны тыңғылықты зерттеу, оны кеңінен насихаттау және осы саладағы халықаралық әріптестікті дамыту аса маңызды міндет болып саналады» деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадқа ресми сапары аясында Түрікменстанның Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды. Мемлекет басшысы түрікмен елінің басты ескерткішіне тағзым ету арқылы екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік екенін көрсетті.

Шағын құрамда келіссөз жүргізді

Шағын құрамдағы келіссөзге дейін «Оғызхан» сарайында Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныс­тырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуда мұндай жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.

«Түрікменстан – біз үшін туысқан ел әрі стратегиялық серіктес. Қазақстан – сіздің еліңізбен энергетика, көлік, логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдас­тыққа қатысты барлық мәселе бойынша сенімді одақтас. Мұның алдағы уақытта да осы бағытта жалғаса беретінін атап өткім келеді. Әлбетте, біз Түрікменстанның халықаралық аренадағы бейтарап статусына құрметпен қараймыз. Сіздің еліңіз өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өте елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте біз, ең алдымен, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз» деді Президент.

Өз кезегінде Сердар ­Бер­дімұхамедов Түрікменстанның бауыр­лас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті жан-жақты өркендетуге бейіл екенін растады. «Біз Түрікменстанның сыртқы саясаттағы бейтарап бағдарына, сондай-ақ БҰҰ және өзге де жаһандық құрылымдар аясындағы халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін ­Қазақстанға ризашылығымызды білдіреміз. Ал Түрікменстан Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы ұстанымын құптайды. Сондай-ақ біз елдеріміз арасындағы сауда-­экономикалық байланыстардың дамуына айрықша мән береміз. Энергетика, көлік, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар секілді маңызды бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да маңызы зор» деді Түрікменстан Президенті.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізді.

Көпжақты серіктестікті нығайтатын келісім

Мемлекет басшысы ­Қа­сым-­Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Берімұхамедовпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапарын ортақ мақсатқа қол жеткізу, яғни сан қырлы мемлекетаралық байланысты мүлдем жаңа деңгейге көтеру жолындағы маңызды қадам деп атады. «Қазақстан мен Түрікменстан ғасырлар бойы жалғасқан достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға арқа сүйей отырып, бауырлас мемлекеттер ретінде берік әрі үйлесімді байланыс құра білді. Біздің осынау ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік бағытында дамып келеді» деді Президент.

Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың дәйекті түрде дамып келе жатқанын, сондай-ақ жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың келешегі кемел екенін жеткізді. Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, туысқан түрікмен халқын әйгілі ақын Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Ал Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Президентінің Түрікменстанға сапары екіжақты ықпалдастықты кеңейту тұрғысынан маңызды деп санайды. «Қазақстан Президентінің ресми сапары елдеріміз арасындағы тату көршілік пен тығыз әріптес­тік байланыстарды одан әрі нығайтуға, серіктес салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге, перспективті бағыттарды дамытуға оң әсер етеді. Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Осы уақыт ішінде шынайы бауырластық байланыс қалыптасты. Қос мемлекет пен халықтарымызды географиялық орналасуы ғана емес, біртұтас тарихи тағдырластықты сезінуі мен бір-біріне қажет екенін түсінуі біріктіреді. Біз ортақ құндылықтарымызды қастерлейміз, бабалардан мұраға қалған дәстүрімізді құрметтейміз әрі мұқият сақтаймыз» деді Сердар Бердімұхамедов.

Кездесу барысында ­сауда-экономикалық ынтымақтас­тықтың қазіргі ахуалы мен болашағы талқыланды. Газ саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, өзара сауда мен екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемін жүйелі түрде арттыру, сондай-ақ өңіраралық ықпалдастықты жандандыру мәселелеріне айрықша мән берілді. Келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларацияны қабылдады.

Сонымен қатар екі елдің делегация мүшелері үкімет­аралық, ведомствоаралық және өңіраралық деңгейдегі мынадай бірқатар құжаттарға қол қойды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button