Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған деректі-тарихи көрме ашылды

Елордадағы Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи мұражайымен бірлескен Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған деректі-тарихи көрме ашылды. Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Көрмеге Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне байланысты фотосуреттер, жеке күнделіктер, қойын дәптерлер, карталар, портреттер және Ұлы Отан соғысы туралы тарихи кітаптар секілді бірегей экспонаттар қойылған. Іс-шараға Қорғаныс, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері, Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің мүшелері, студенттер мен оқушылар қатысты.
– Бауыржан Момышұлының жауынгерлік жолы қаһармандыққа толы. Батырдың өмірлік үлгісі мен шығармашылық мұрасы жас ұрпақ үшін патриотизмнің сарқылмас қайнар көзі болып табылады, – деді ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші-сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлсім Бисенова.
Бауыржан Момышұлы өз оқырмандарына Ұлы Отан соғысы туралы 30 томнан астам елеулі әдеби мұра қалдырды.