Басты ақпарат

Баянауылға бардың ба?

Жаз – жан жадыратар демалыс айы. Жыл бойы жұмыс басты болып, қолы босамаған жан бір ай еңбек демалысын мәнді де мазмұнды етіп өткізгісі келетіні – заңдылық. Ол үшін бойына тың күш-қайрат жинап, көңіл сергітетін жақсы демалыс орнын іздейді. Әрине, елімізде ондай демалыс орындары баршылық. Бірақ «олардың бағасы қанша, елордадан оған қалай жетуге болады?» деген сауалдар тағы мазалары сөзсіз. Біз бүгін сол демалыс орындарының ішінде Баянауыл аймағы туралы аз-мұз әңгіме өрбітпекпіз.

[smartslider3 slider=3379]

Жол мұраты – жету

Нұр-Сұлтан қаласынан төрт жүз елу шақырым жерде орналасқан Баянауыл демалыс аймағы – елордалықтардың жазда тынығуға көп баратын сүйікті орнының бірі. Табиғаты тамаша, көрікті мекен саналатын өңір кім-кімді де көгілдір тауларымен алыстан мен мұндалап шақырып тұрады. Өткен жылы осы аймақта 150 мыңнан аса турист демалыпты. Соның 20 пайы­зы – шетелдік. Айтса айтқандай, қазыналы бай өлке ерекше қорғауға алынған ұлттық паркімен де бағалы. Бұған қоса, тек Жасыбай көлінің табиғатының өзі неге тұрады?!

Ал енді осы естіген адамның дегбірі қалмай жылдамырақ көргісі келетін аймаққа қалай баруға болады? Енді соған тоқталайық. Біріншіден, аталған табиғаты әсем өлкеге жаз шығысымен жекеменшік көлігімен барушылардың қарасы көбірек. Нұр-Сұлтан-Павлодар тасжолы арқылы Екібастұз қаласынан оңға бұрылып, Майқайың арқылы баруға болады. Жеңіл машинамен бес-алты сағатта жетіп қалады. Ал пойызбен баратындар Павлодар немесе Екібастұз қаласынан түсіп, әрі қарай автобуспен не болмаса таксимен жетуге болады.

Өткен жылы Баян­ауыл аймағында 150 мыңнан аса ­турист демалыпты. Соның 20 пайы­зы – ­шетелдік

Баянауыл тамаша табиғатымен ғана емес, туристерді мәдени, тарихи мұраға бай өңір ретінде де қарсы алады. Ертедегі үңгірлер мен қойнаулардың қабырғасындағы ежелгі адамдардың қолымен жасалған жұмбаққа толы суреттер, қорғандар мен балбал тастары қандай! Ескерткіштердің ең белгілісі – осы балбал тастар. Ұлттық табиғи саябақ деген мәртебеге ие бұл аймақта «Кемпіртас», «Көгершін», «Найзатас», «Аттың басы», «Тас жастықтар» сияқ­ты жаратылысы өзгеше жартастар да бар. Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің суы қандай! Келген туристер үнемі ризашылығын білдіріп жататын көрінеді.

Жасыбай көліне баратын жол өткен жылы жөнделсе, Жасыбайдан Қоңыр әулие үңгіріне дейінгі аралықтағы жолға биыл да қиыршық тас төселіп, қалыпқа келтіріліпті. Сондықтан елордалықтарға Баянауылға барып демалуға жол еш қиындық туғызбайды.

Әркім көрпесіне қарай көсіледі…

Жоғарыда айтқан үш көлдің ішіндегі әсемдігімен де, тап-таза тұнықтығымен де келушілерді өзіне еріксіз тартатыны – Жасыбай көлі. Жан-жағы көгілдір таумен көмкерілген көлге қазақ-жоңғар соғысында өшпес ерлік көрсеткен батырдың аты беріліпті. Аңыз бойынша осы жан беріп, жан алысқан айқаста Жасыбай, жаудың басым күшіне қарамастан, соңғы демі таусылғанша берілмеген көрінеді.

Осындай рухты бабамыздың есімін иемденген көлдің жағасы демалуға өте ыңғайлы. Айнала ақ қайың, үйеңкі, қарағай жайқалған, ауасы тұп-тұнық орман мен алыстан мұнартқан тау сілемдері демалушылардың көңіл күйіне керемет әсер етері сөзсіз.

Көл жағасында бүгінгі заман талабына сай инфрақұрылыммен жабдықталған жағажайда суға шомылып, доп ойнап, турникке тартылып, әр сағатыңды мазмұнды өткізуге барлық жағдай жасалған.

Жалға қайық алып, көлге серуен­деуге де мүмкіндік мол. Жасыбай көлінің ұзындығы – 3,5 км, ені – 2,7 км, тереңдігі – 14,7 метр.

Тағы бір көпшілікті қызықтыратыны, көлдің қақ ортасында жоғарыдан қарағанда жүрекке ұқсаған арал бар. Оны көбі «Махаббат аралы» деп атайды. Өмірге бірге қадам басқысы келетін жастар да осы аралға жүзіп келіп, бір-біріне жүрек сөзін арнап жататын көрінеді. Осы жерде сұлулық пен ғашықтық символы – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу туралы да аңыз көп.

«Баянауыл» демалыс үйінде тамақты өзіңіз алып, тек жатын орынға ғана ақы төлейтін мүмкіндік бар. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек:

«Сұлтан» демалыс үйі дәл Жасыбай көлінің іргесінде орналасқандығымен ерекшеленеді. Жағажайға тиіп тұр. Демалыс кешені келушілерге қолжетімді бағадағы «стандарт» бөлмеден бастап, «люкс» санатты бөлмелер ұсынады. Бұдан бөлек, қалауыңызға қарай екі қабатты ағаштан жасалған коттедж үйлер таңдауға мүмкіндігіңіз бар.

Жасыл желектің ортасында орналасқан «Елқоныс» демалыс кешені туристерді сапалы қызметімен қызықтыра алады. Арнайы мамандардың ұйым­дастыруымен қызықты экскурсия, футбол алаңы, волейбол ойнайтын алаң, үш мезгіл тамақ, қазақ халқының ұлттық тағамдарын ұсынатын дәмхана, монша, балаларға арналған алаң, велосипедті жалға беретін қызмет, Wi-Fi, караоке, би алаңы, үлкен мангалы да бар.

Екі қабатты VIP коттежден бөлме алуға немесе қонақүйден 4 орындық бөлме жалдауға болады. Шағын үйлер сәл арзандау түседі.

Баянауылдың ең әдемі орындарының бірі – «Алтын Баян» демалыс үйі. Мұндағы қолжетімді бағаға байланысты кісі қарасы көп. Қай кезде барсаңыз да орын толық болуы мүмкін. Сол үшін алдын ала хабарласып, бөлме броньдағаныңыз абзал.

Ал «Березовая роща» демалыс кешені де Жасыбай көліне жақын орналасқан. Қонақүй кешені демалушыларға 62 бөлме ұсынады. Демалыс үйі­нің өзіне тиесілі жағажайы, сондай-ақ жасыл аумағы бар.

Жасыл желекке оранған әдемі аймақта тұрған демалыс үйі – «Өрлеу». Он шақты «люкс» санатты коттедж үйлерде жанға жайлы демалыс өткізуге барлық жағдай қарастырылған.

Ауасы жан сергітеді

«Баянауыл» демалыс аймағына жыл сайын барып, денсаулығын түзеп жүрген жандардың бірі – Жанғазы Мұсаұлы. Ол – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Зейнетке шыққанына екі-үш жылдың шамасы болған.

«Мүмкіндік болса, биыл да сол «Баянауылға» барып демалып келуді жоспарлап отырмын» дейді ол. «Әрине, әркім де ұнаған жеріне жыл сайын барғысы келеді. Бұл жер – республикаға кеңінен танымал 10 туристік орталықтың бірі. Сондықтан инфрақұрылымын бұдан да жоғары жетілдіре түссе деймін. Көрікті табиғат аясында орналасқан мекеннің өзі туризм кластерін жан-жақты дамытуға сұранып-ақ тұр. Мұнда көпшілік тамашалай алатын тарихи орындар да жетерлік».

Жоғарыда айтып өткеніміздей, көпке белгілі Қоңыр әулие үңгірінен басқа, Далба орманшылығындағы Мұрынтал ауылы, Жаяу Мұса мен Бұқар жыраудың кесенелері – көруге тұрарлық тарихи, мәдени мұра.

Тағы бір айта кетерлігі, Баян­ауыл айрықша қорғалатын аймақ болуына байланысты қоршаған ортаны сақтауға да айрықша назар аудару керек сияқты. Табиғатты аялау шараларының жеткіліксіздігінен кейбір келеңсіздіктер орын алып отырғанын жасыруға болмайды. Соның бірі – Жасыбай көлі демалыс аймағындағы «жабайы туризмнің» пайда болуы. Кей адамдар өздері шатыр тігіп, ас-су дайындап, демалған орнын жинап, тазаламай, тіпті отты сөндірмей кететін де оқиғалар болып жатады. Мұндағы қалың орман қамқорлықты қажет етеді. Қолда бар асылымыздың қадірін біліп жүрейік дегенім ғой…

«Жүз рет айтқаннан бір рет көрген артық» демекші, ең кереметі – жақпар-жақпар жастық тастан құралған тас қалашықтардың ғажайып көрінісі көргеннің көзін сүріндіріп, ғажайып күйге бөлейді. Сондықтан биылғы еңбек демалысыңызды Баянауылда өткізуге кеңес беремін. Әсіресе жан сергітер ауасы қандай десеңізші!» деп аяқтады әңгімесін ағамыз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button