Мәдениет

БАЯНДЫ БАҚЫТ ҮШІН ШҮКІР ЕТПЕК ЛАЗЫМ

Қасиетті Құранның «Нахл» сүресі 112-аятында:

«Алла мынадай бір қаланы (Меккені) мысалға келтіреді: (ол қалада) бейбітшілік, орнықты (тіршілік), бұл қалаға жан-жақтан мол ризық келіп тұрушы еді. (Бірақ, ол қаланың халқы) Алланың берген жақсылығына күпірлік қылды (мұны Алла берді деп танымады). Сондықтан, Алла олардың қылғанына қарай ашаршылық пен қорқыныштың қасіретін тартқызды» делінген.

Аят бірнеше сөйлемнен тұрады. Таратып айтатын болсақ, бірінші сөйлемінде: «Алла мынадай бір қаланы мысалға келтіреді» делінді. Мысалмен сөйлеу адам­зат ақылына қонымды, түсінуіне оңтайлы. Сондықтан Қасиетті Құранда мысалмен сөйлеу әдісі көп қолданылады. Бұл аятта мысал әдісі қолданылып, «Алла мынадай бір қаланы мысалға келтіреді» деп бастады. Ғұламалардың айтуы бойынша, аяттағы мысалға алынған қала – Арабстандағы Мекке қаласы.

Демек, бұл аят – Мекке халқы үшін ескерту. Дегенмен, бұл аят тек Мекке халқы үшін ғана емес, төменде келетін сипаттағы күллі халық үшін ескерту деп қабылдануы керек. Мұндай ескер­тулер Құран Кәрімнің бірнеше жерінде кездеседі. Бір жерде кейбір аят жоғарыдағы аяттағыдай бір жерге қатысты ғана айтылып жатқандай түйіледі. Кейбір жерде бір ел үшін арнайы айтылған үкім сияқты болады. Құран Кәрімнің аяттары бір жағдайға, бір себеп­ке байланысты түсіп, 23 жылда соңына жетті. Сондықтан аят­ты бір қарап оқығанда ол аят бір жер мен бір елге қатысты боп көрінгенімен, ондағы мәселе жалпыға ортақ. Бұл аят Меккеге қатысты айтылғанымен, төмендегі жағдайды басқа қалаларға да салыстыруға болады.

Ол мысалға алынған қаланың төмендегі сипаттары мынадай: «(ол қалада) бейбітшілік, орнықты (тіршілік) бар. Қалаға жан-жақтан мол ризық келіп тұрады». Демек, бір кез­дерде Мекке қаласында амандық, тыныштық, халқы жайбарақат тіршілік үстінде еді. Меккелік араб халқының несібесі мол. Ризықтары әртараптан өзі келіп отырады. Негізі, Мекке қаласы климаттық тұрғыдан аса қолайсыз аймақта орналасқан. Күні аса ыстық, жері шөл дала, топырағы құнарсыз, егін өспейді. Сонда да Алла тағала ол елдегі араб халқының ризық-несібесін әртараптан келтіріп қойған.

Аяттағы келесі сөйлем: «(Ол қаланың халқы меккеліктер) Алланың берген жақсылығына күпірлік қылды». Яғни, орнаған бейбітшілікке, елінің амандығы мен жерінің тыныштығына, мол ризық-несібе берген Алла тағалаға күпір келтірді. «Күпір» деген сөздің сөздік мағынасы «бекітіп қою», «көрсетпеу» дегенді білдіреді. Шариғатта күпір сөзі екі түрлі мағынада қолданылады. Біріншісі – иманға қарама-қайшы күпір. Мысалы, мұсылмандар Аллаға иман келтіреді, тастарға табынуға, бұттар мен отқа сыйынуға күпір келтіреді. Мұсылман адам иманды саналады. Кәпір адам имансыз са­налады. Имансыз қылатын күпірге ғұламалар мынадай анықтама береді: «Мұхаммедке (с.ғ.с.) сен­беу, Оған түскенге иман келтірмеу немесе дін исламдағы қажетті амал­дарды әдейі мойындамау күпірлік деп аталады. Бұл әһлі сүннә уәл-жамағаттың ұстанымы, ол – хақ. Бұдан басқасы батыл» дейді.

Қасиетті Құранда, «Бақара» сүресі 39-аятта:

«Кәпір болғандар мен аятта­рымызды жалғанға шығарғандар олар тозақ иелері» делінген. Демек, имансыз кәпірдің орны – тозақ. Кәпірлік, имансыздық төрт түрлі деңгейде болады.

Бірінші, мүлдем мойындамайды. Мұндай адам жүрегімен де, тілімен де мойындамайды. Діннен мүлдем бейхабар. Мұндай адамдар туралы қасиетті Құранның «Бақара» сүресі 6-аятта:

«Кәпірлерге ескертсең де, ескертпесең де бәрібір. Олар иман келтірмейді. Алла олардың жүректерін және құлақтарын бітеп қойған. Көздері перделен­ген (ақиқатты естімейді және көрмейді). Олар (ақыретте) ауыр жазаға ұшырайды» дейді.

Екінші, жұхуд, біліп тұрып мойындамайды. Мұндай адам жүрегімен білсе де, тілімен мойын­дамайды. Бұған шайтанды мысалға келтіруге болады. Шайтан біледі, бірақ, мойындамайды. Сондай-ақ, Таурат, Інжіл көтергендер де пайғамбарымыздың хақ пайғамбар екенін білген. Бірақ, мойындамаған. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 89-аятында: «Бірақ өздері білетін ақиқат (Құран) түскенде оны мойындамады» дейді.

Үшінші, жүрегімен құптайды, тілімен мойындайды, бірақ, қабылдаудан бас тартады. Бұған пайғамбарымыздың ағасы Әбу Талибті айтуға болады. Ол басқалардың айыптауынан қорқып, мұсылман болмай өтті. Қазақта «аққан судың қадірі жоқ» де­ген сөз бар. Пайғамбарымыздың ағасының қасынан ислам діні дария болып ағып еді. Бірақ, ағасы содан ұрттамай өтті.

Төртінші – екіжүзділік. Мұндай адам жүрегінде иманы жоқ болса да, тілімен иманым бар дейді. Мұндай адамның да барар жері – тозақтың шұңқыры.

Құран Кәрімде 311-ден астам жерде кәпірліктің зиянды екені айтылуы күпірліктің жамандығына жеткілікті шығар. Күпірліктің зияны: Күпір сөз, күпір іс-әрекет пәлекетке алып келеді. Күнәнің ең соңғысы – күпірлік. Кәпірліктен кейін күнә жоқ. Кәпір адамның орны – мәңгі тозақ. Пенде үшін күпірліктен қатерлі күнә болмауы керек. Сондықтан мұсылман бала­сы күпір сөз бен іс былай тұрсын, күпірлікке қатысты тірліктен жиіркенуі шарт. Әрбір мұсылман күпірліктен жанып тұрған от­тан қорыққандай қорқуы, күйіп қалудан сақтанғанындай сақтануы қажет. Жоғарыда күпірлік деген сөз шариғат бойынша екі түрлі мағынада қолданылады дедік. Біріншісін айттым. Күпірдің екінші түрі, шүкірге қарама-қайшы күпірлік. Мысалы, Алланың бергеніне шүкір етпеу де – күпірлік. Мұны Алла берді деп мойындамау да – күпірлік. Қасиетті Құранның «Ибраһим» сүресі 7-аятта:

«Сонда Раббыларың: «Егер (жақсылығыма) шүкірлік қылсаңдар, оны арттыра беремін. Егер күпірлік қылсаңдар, азабым, әрине, аса қатты» деп жариялағанды» делінген. Демек, шүкір етпеу – күпірлік. Жоғарыдағы иманға қарама-қайшы күпірлік, яғни, имансыздық тозаққа тап қылса, ал, шүкірге қарама-қайшы күпірлік яғни, шүкірсіздік тек күнә саналады.

«Шүкір» – пенде өзіне берілген нығмет үшін Аллаға алғысын білдіру деген сөз. Шүкір – әлемді жоқтан бар еткен Алланы ұлықтау, оны мадақтау. Алла берген есебі жоқ ризық-несібелер мен нығметтердің қадірін білу, оларды орынсыз емес, керісінше, Алла жолына және Ал­ланы риза қылатын іске қолдану. Ал, Алланың адамзатқа берген нығметінің есебі жоқ. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құранда:

«Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» деген.

Хасан Басрий (р.а) риуаятын­да: «Мұса (ғ.с) бір күні Аллаға: О, жаратқан Раббым, Адам (ғ.с) сенің берген нығметтеріңе қандай шүкір айтып еді, не істеп еді, оны өз қолыңмен топырақтан жасадың да, оған рух кіргізіп өмір сыйладың, жәннаттан жай бердің, періштелерге: Оған сәжде етіңдер» – деп әмір еттің» деп сұрады. Сонда Алла тағала: Ей, Мұса. Адам оған беріліп жатқан нәрселерді Менің тарапымнан екенін білді, мойындады, маған «Әлхамдулиллә» деп мадақ оқыды. Оның осылай мойындауы маған бойұсынуы Менің оған берген нәрселеріме шүкірі боп табылады» деп жауап берген екен. Демек, бізде Алланың берген нәрселерін мой­ындап, мұны бізге Алла берді деп, оған мадақ оқысақ, бойұсынып, кәміл мұсылман болсақ, Алла оны біздерден шүкіршілік ретінде қабыл етуі ғажап емес. Шүкіршілігімізге жараса, бейбітшілігімізді, тәуелсіздігімізді баянды етуі, халқымызды тату-тәтті жайбарақат мамыражай тіршілік үстінде жүргізуі жалғасымды бо­латыны сөзсіз.

Жоғарыдағы біз мағынасын таратып айтып жатқан «Наһл» сүресі 112-аятта: «(Ол Мекке қаласының халқы) Алланың берген жақсылығына күпірлік қылды» деді. Яғни, меккеліктер амандық, тыныштықты, жайбарақат тіршілікті, әртараптан ағыл-тегіл келіп жатқан ризықтарды, мол несібеге күпірлік жасады. Оны Алла берді деп танымады, шүкіршілік қылмады. Шүкір етпеген пендені күпірлігі үшін Алла тағала азап­тайды. Шүкір етпегендері үшін Алла тағала оларға: «Сондықтан Алла олардың қылғанына қарай ашаршылық пен қорқыныштың қасіретін тартқызды» деп аяттың сөйлемі аяқталды. Кезінде осы аят меккеліктер туралы түсті. Сонда Мекке мүшриктері шүкір етпегендіктері үшін Юсуф (ғ.с.)нің қауымы сияқты жеті жыл қатты қиыншылық пен ашаршылыққа тап болды. Меккеліктер жеуге ештеңе таппай, шыбын-шіркей мен тышқанды аулап жейтін хал­ге жетті. Алла ашаршылық пен қиыншылықтан сақтасын. Елімізде әрқашан береке, бірлік болсын.

Алладан сыйлық етілген нығметтерге шүкіршілік етудің орнына өздеріндегі жақсы жағдайды өзгертіп, Алланың қаһарына кезіккен қауымдар ту­ралы «Әнфал» сүресінің 53-ая­тында: «Ондай болуының (оларға Алла азап жіберуінің) себебі, Алла бір қауымға бер­ген жақсылық-нығметін олардың өздері өзгертпейінше, өзгертпейді. Алла толық естуші, аса білгір» делінген. Алла тағала жер бетіндегі халықтарға түрлі нығмет, жетістіктер береді. Ризық-несібелер мен абырой береді. Бірақ, бұл нәрселер сол халықты сынау үшін беріледі. Қане, олар шүкір ете ме екен немесе күпірлік қыла ма екен? Әлбетте, шүкіршілік жа­самайтын, барына қанағат етпейтін елден Алла тағала берекені алыста­тады. Ал, қанағат пен шүкіршілік берекеге береке қосады. Ата-бабамыздың «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атты сойғызар» деген сөзі босқа айтылмаған болар. Демек, Алланың берген нығметтеріне қанағат етіп, шүкіршілік жасау, олардың қадіріне жету елге құт-береке дарытады.

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітініңбас имамы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button