Жаңалықтар

БАЯНДЫЛЫҚ БАСТАУЫ

Ел дамуының символына айналған көрікті елордамыз барша қазақстандықтың мақтанышы десек қателеспейміз. Жаһан жұртшылығы Қазақстанды Астана ата­уымен де тани бастағаны шындық. Қазақтың кіндік қаласында барша адамзатты бейбітшілікке шақырған жиындар өткізіліп келеді. Бұл жерде дүние жүзіндегі діндер мен мәдениеттердің қақтығысын дәлелдейтін гипотеза мен фобияға соққы беріліп, өркениеттер мен діндерді үнқатысуға жетелеген алқалы басқосулар өткізіліп келеді. Күні кеше ғана аяқталған «Әлемдік діндер мен дін лидерлерінің дәстүрлі IV съезі» мұның айқын көрінісі. Жиынға қатысушылардың барлығы келешекте де бейбітшілік үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара беруге» уағдаласып тарқасты. Астана төріне жиналған әлемдік дін лидерлері бейбітшіл сипатта жаһан жұртшылығына үн қатты. Бұл отанымыздың имиджіне оң әсер етіп қана қоймай, әлемдік татулықтың нығая түсуіне де серпін берді.

Қазақ халқы әрқашан бейбітшілік пен татулықтың қадірін білген жұрт. Халқымыздың қабырғалы тарихына көз жүгіртер болсақ, бабаларымыздың Асан қайғы іздеген «Жерұйыққа» ұмтылып, елде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қоғам орнатуға құштар болғанын көреміз. Бұл ұғым атақты Томас Мордың «Утопиясы» немесе Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындарындағы» қоғам сияқты көрінуі мүмкін. Осы аталған түсініктердің, кіршіксіз қоғамның өзіндік параметрлері де жоқ емес. Аталған данышпандардың бәрі ішкі ынтымағы жарасқан, халқы бақытты, әділеттілік орнаған қоғамды аңсап өткен. Мұндай өлкеде адамдар арасындағы татулық пен өзара сенім орнап, бақытсыздық атаулы алыстай түседі. Отанын жүрегімен және ақылымен сүйе білген адам ұлтаралық және дінаралық татулыққа маңыз беріп, мемлекетшілдік ұстанымның маңызын жете түсінбек.

Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақ хандығы құрылып, елдікті нығайту күн тәртібіне шыққан уақытта атақты әз Жәнібек ханның орда­сына исі қазақтың игі жақсылары жиналады. Жиында Алаштың абыз ақсақалы болған Асан қайғы көпшілікке бір жұмбақ жасырады. Ол қолындағы қамшысын хан ордасындағы үлкен киіздің орта­сына қойып, «араларыңда киізді баспай қамшыны алып беретін кімің бар?» деп сұрайды. Көпшілік тосылып, қамшыны алудың жо­лын таппайды. Сонда Асан қайғы «Ханда қырық кісінің ақылы бо­лар. Бәлкім, сен алып берерсің?» деп ханға қарайды. Әз Жәнібек орнынан тұрып, киізді бүктеген күйде қамшыға жетеді. Қамшыны алып, Асан қайғыға береді. Ханның тапқырлығына разы болған Асан қайғы бұл жұмбақтың мағынасын былайша түсіндіріп береді:

«Қамшы киіздің ортасында болғандықтан, оны алу да оңайға соқпады. Оған қол жеткізу үшін киізді бүктеуге тура келді. Астананың да осы секілді елдің ортасында орналасқаны жөн. Өйткені, елорда мемлекеттің жүрегі іспетті. Астанамыз елдің шекаралас бөлігінде орналасса, тұтқиылдан келген жау елдің жүрегіне қанжар сұққанмен бірдей болады. Аста­на елдің ішінде орналасса киізді бүктегендей етіп жеткенше біз де қам жасармыз. Ел іргесінде де қалың ел бар. Сондықтан ел астанасын Түркістаннан Ұлытауға ауыстырған жөн» деп түйіндейді. Абыз қарттың бұл кеңесі тарихи себептерге байланысты уақытында орындалмаса да, араға ғасырлар салып тәуелсіз Қазақстанның уақытында жүзеге асты. Елорданың Алматыдан Астанаға көшуінде осындай стратегиялық һәм зама­науи маңызы бар бабалар өсиеті жатыр деуге болады.

Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған көптеген ірі бастамалар иесі. Ал кез келген бастаманы ұсынушы бірінші ке­зекте өз мүддесін де ескеретіні айдан анық. Бастаманың өзгелер тарапынан ұсынылуы оның бет-бейнесін өзгерістерге ұшыратады. Еліміздің бастамасымен өмірге келген іс-шаралардың барлығы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі, азаматтардың бейбіт өмір сүруі және отанымыздың өркендеуі үшін жасалуда десек қателеспейміз. Бұл бастамалар әлем қауымдастығы тарапынан қолдау тапты. Аталған идеялардың астарында бүкіл адамзатты татулыққа, бейбіт дамуға шақыратын өміршең ойлар жатыр. Ал осы бастамалардың тәуелсіз Қазақстанның төрінен бастау алуы – біздің басты жетістігіміз!

Қорыта келгенде, бейбітшілік пен жасампаздықтың үлгісіндей болған елордамыздың мерейтойы құтты болсын дегім келеді. Аспаны­мыз ашық, тәуелсіздігіміз баянды болсын, ағайын!

Сәкен ЕСІРКЕПОВ,
Астана қаласы Дін істері департаментінің жетекші маманы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button